📰 Сарапшылар пікірі

Жұрт бәрібір қарызға батады: Ұлттық банктің шешімі халық пен бизнеске қалай әсер етеді?

Базалық мөлшерлеме 18 пайызға көтерілсе де, қазақстандықтар несие рәсімдеуді тоқтатпайды. Бұл туралы қаржы саласының сарапшылары айтып отыр. Олардың айтуынша, сұраныс бар жерде тұтынушылық несие алу үрдісі де азаймайды. Ал мұндай жағдайда халықтың жағдайы не болмақ? Адамдар үнемдеуге көше ме, әлде жағдайы тіпті нашарлай ма? Сарапшылар не дейді? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты саралап көрді.

Күз мезгілі шулы әрі өзекті тақырыптармен есте қалатыны сөзсіз. Соның бірі Ұлттық банктің кезекті шешімі. Базалық мөлшерлеме 18%-ға көтерілді. Ұлттық банк аталмыш қадамын инфляцияны тежеп, экономиканы «салқындату» қажеттілігімен түсіндіріп отыр. 

Ең алдымен ресми түсініктемеде не айтылғанына тоқталайық. Ұлттық банк өкілі Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеменің өсуі несие мен депозит бойынша нарықтық мөлшерлемелердің артуына әкелетінін айтты.

«Несие алатын адам енді одан бас тартады, өйткені ол қымбаттайды. Ал депозиті бар адам сәл көбірек табыс табады. Бұл тұтынушылық белсенділікті төмендетіп, сұранысты азайтады, ал сұраныстың азаюы бағаның тұрақтануына алып келеді»,- деді ол.

Ұлттық банк өкілінің сөзіне сүйенсек, ақша құнының өсуі азаматтарды үнемдеуге ынталандырады. Нәтижесінде тұтыну мөлшері қысқаруы тиіс, түптеп келгенде инфляцияны тежейді-мыс.

«Біз депозиттің тартымдылығын әдейі арттырып отырмыз. Қаражат депозиттерге көбірек түссе, тұтыну қысқарады. Біз несиелеуді тоқтатуды емес, нарықтағы тепе-теңдікті сақтап қалу құралы ретінде қарастырып отырмыз», — деді Ұлттық банк өкілі.

Оның сөзінше, инфляция 13%, ал базалық мөлшерлеме 18% болса, нақты пайыздық мөлшерлеме шамамен 3,5%-ды құрайды. Ал бұл өз кезегінде макроэкономикалық тұрғыда қатаң саясат саналмайды екен.

Басқа жол да, амал да жоқ...

Ұлттық банктің шешіміне қаржы мамандары пікір білдірді. Экономист Жәнібек Айғaзиннің пікірінше, бізде инфляциямен күресетін басқа құрал да, жол да жоқ. 

«Инфляция өсіп жатқаны бәріне мәлім, ал оны тежеу үшін бізде басқа құрал жоқ. Мөлшерлеменің өсуі адамдарды аз жұмсауға және аз несие алуға итермелеуі керек. Өйткені сұраныс бағаның негізгі қозғаушысы», - деді маман.

Cарапшының айтуынша, Қазақстанда ТМД елдерімен салыстырғанда ең жоғарғы инфляция тіркелген. Бұл тамыз айының көрсеткіші. 

«Негізгі инфляциялық қысым ішкі сұраныстан емес, сыртқы факторлардан туындайды, атап айтқанда, теңге бағамы, импорт және шикізат пен жанармай бағасының өсуі. Айырбас бағамының арнасы әлдеқайда күшті әсер етеді. Импорттық инфляция бізге Қытай мен Ресейден келеді, ал ішкі сұранысты қамтамасыз ететін өз өндірісіміз аз. Сондықтан инфляциялық фон сақталып тұр», - деп түсіндірді ол.

Экономист бірнеше негізгі себепті атады. Біріншіден, жанармай бағасы еркін нарыққа шықты. Одан бөлек, коммуналдық тарифтердің өсуі және бюджет шығындарының артуы да өз әсерін тиігізіп отыр. 

«Тарифтер өсіп жатыр, бензин бір жылда орта есеппен 12%-ға қымбаттады, коммуналдық сектор инвестицияны қажет етеді. Мұның бәрі бағанының өсуіне әкеледі. Сондықтан базалық мөлшерлеме үлкен проблеманың бір бөлігі ғана», - дейді экономист.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қаржы кафедрасының профессоры Дәуренбек Мәжітов базалық мөлшерлеменің көтерілуі ақша-кредит саясатының қалыпты тәжірибесі екенін еске салып, халықты сабырлыққа шақырды.

«Мен неге сонша шу болып жатқанын түсінбеймін. Бұл күтілген қадам. Ұлттық банктің өз құралдары бар, ал базалық мөлшерлеме солардың бірі. Ол инфляцияны тікелей басу үшін емес, қаржы нарығындағы өтімділікті реттеу үшін қолданылады», — деді Мәжітов.

Халықтың табысы инфляцияға ілесе алмай отыр

Экономистің айтуынша, қазақстандықтардың табысы инфляцияға ілесе алмай келеді. 

«Халықтың табысы төмен. Соңғы айларда нақты табыс теріс көрсеткішті көрсетті. Инфляция бәрін “жеп қойды”. Сондықтан адамдар несие алуын доғармайды, жалғастыра береді, тіпті қымбат болса да, амал жоқ», - дейді ол.

«Қазақтандықтар үнемдеуді бастап кетті»

Әлеуметтанушы Әсем Құсманованың пікірінше, халықтың тұтыну мінез-құлқы біртіндеп өзгеріп жатыр. Атап өтер болсақ, былтырдың өзінде үй шаруашылықтарының 72%-ы азық-түлік пен бірінші қажеттілік тауарларына жұмсайтын шығындарын азайтқан.

«Тұтынушылық белсенділік төмендеп жатыр. Базалық мөлшерлеменің өсуі бұл үрдісті күшейтеді. Әсері бірден байқалмаса да, кейіннен көріне бастайды», — деді маман. 

Қазақстандықтардың «белді бекем буу» жағдайына еттері үйреніп  келеді. Халық көбінесе бағаның өсуі мен ипотеканың қиындағанына наразы. 

«Баға өсіп жатыр, ал табыс жоқ. Халық несиелерін әрең төлеп жүр, ал ипотека қол жетпейтін арманға айналды», - дейді халық. 

Сарапшылардың ойы бір арнада тоғысты. Олар мөлшерлеменің артуы панацея емес екенін айтып отыр. Десе де, экономиканы біртіндеп «салқындатуға» сеп бола алады.

«Инфляцияны төмендету әрине, мүмкін, бірақ оған кепіл жоқ. Ұлттық банктің бақылауынан тыс факторлар тым көп», - дейді экономист.

Демек, 18% мөлшерлеме тек Ұлттық банктің техникалық шешімі емес, сонымен қатар әлеуметтік көрсеткіш. Ол ел экономикасының сыртқы факторларға қаншалықты тәуелді екенін және халық табысының қаншалықты осал екенін көрсетеді. Ұлттық банк инфляцияны «салқындатуға» тырысса, қоғам да өздігінен үнемшіл болуды үйреніп келеді. Қазіргі шындық осы. 

Барлық жаңалық