💰 Экономика

Жүргізушілер табыссыз қалуы мүмкін: Такси нарығы құлдыраудың алдында тұр

Такси бағасы қымбаттауы мүмкін. Жаңа салық жүйесі жүргізушілердің табысын азайтып, олардың күнкөрісін қиындатпақ. Алматыда өткен баспасөз маслихатында сала өкілдері осы мәселені көтерді. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты саралап көрді. 

Еліміздің такси жүргізушілері жаңа салық кодексінің енгізілуіне алаңдаулы. Сала өкілдерінің айтуынша, қолданыстағы жеңілдетілген режимді өзгерту, жүргізушілердің табысын қысқартып, мыңдаған адамның негізгі күнкөрісінен айырады. 

Абай Нұртазин қарапайым жүргізуші. Күніне ондаған адамды діттеген жеріне апарады. Орта есеппен тәулігіне 15-16 сағат рөлде отырады. Тапқан табысының көп бөлігі жанармайға, агрегатордың комиссиясына, одан қала берді бітпейтін айыппұлдарды жабуға кетеді. Нәтижесінде қолында қалатын ақшасы аз. Сондықтан ол қазіргі жеңілдетілген режимді қалдыруды дұрыс санайды. 

Тағы бір жүргізуші Абзал Қанатұлы жиында сөз сөйлеп, мәселені ашып салды:

«10-12 сағаттың ішінде көлікті жалға алу құнын төлеймін, ол 25 мың теңге, жанармай құюға 10 мың теңге кетеді. Егер салық көбейсе, жалға алу құны да одан әрі қымбаттайды. Сондықтан салықтың көтерілуіне біз қарсымыз», - дейді ол. 

Бүгінде көлікті жалға алу бағасы, Алматы өңірінде 12 мың теңгеден басталады. Бұл эконом класстағы көліктің құны. Ал бизнес класс санатындағы көлік үшін 25 мың теңге беру керек. Қала бойынша орташа баға шамамен 15-17 мың теңге көлемінде. Бұл такси жүргізушісінің күн сайын төлейтін жалдау ақысы. 

«Бүгінде Алматыдағы такси қызметінің 40%-ы жалға алынған көліктермен жүзеге асады. Яғни, такси жүргізушілерінің өз автокөліктерін сатып алуға немесе несие алуға мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан олар таксопарктерден немесе жалға алу компанияларынан көлік алып жұмыс істейді. Бұл елімізде такси қызметіне сұраныстың көп болғанынан қалыптасқан үрдіс. Қазір олар қолданыстағы заң шеңберінде жеңілдетілген салық, яғни 4 пайыз төлеп отыр. Бүгінде осы жүйемен 500-ден астам компания жұмыс істейді, тек Алматыда 300-ге жуық таксопарк бар. Қазіргі жалдау құны да салықтык жүктеменің 4 пайыздың деңгейімен есептеледі. Егер олар жеңілдетілген режиімнен алынып тасталса, салық көлемі 32, тіпті 36 пайызға дейін өсуі мүмкін. Себебі оған қосылған құн салығы және корпортивтік салық қосылады», - дейді Мейрамбек Есентайұлы, ҚР таксопарктер және курьерлік қызмет қауымдастыңының өкілі. 

Такси жүргізушілері тек өздері үшін ғана емес, халық үшін де алаңдап отыр. Ертең таксимен жүру қолжетімсіз болып қалуы мүмкін дейді олар. Қымбатшылық халықты қоғамдық көлікке қайта оралуға итермелейді. Ал бұл өз кезегінде көлік инфрақұрылымына қосымша салмақ түсіреді. 

Жүргізушілер табыстың азаюынан қауіптенсе, қарапайым халық үшін жол ақысының өсуі негізгі мәселе болып отыр. Ал мұндай өзгерістер ең алдымен таксопарктің қызметіне тікелей әсер етеді. 

«Егер жаңа салық кодексі қабылданса, біз көлік жалдау құнын шамамен 40 пайызға көтеруге мәжбүр боламыз. Бұл ең алдымен қарапайым жүргізушілерге әсер етеді. Өкінішке орай басқаша жасай алмаймыз, бұл бизнестің тұрақытлығы мәселесі», - дейді Илияс Жарасұлы, Nomad taxi таксопарк өкілі.

Мәселе тек ақшада емес, салық жүйесіндегі теңсіздік шешілмесе, жүргізушілер де, таксопарк та, жолаушылар да ұтылады. Сарапшылар салық кодексін қабылдамас бұрын, экономикасы дамыған елдердің көзқарасын көруіміз керек деп есептейді. 

«Қазір бұл мәселеге Ресейде үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан бізде де осындай кең өкілеттілік бар кезде, аталған тізімді өзгертуге барынша мұқият әрі жауапкершілікпен қарау керек. Халықаралық тәжірибеге сүйенген дұрыс деп санаймын. Өйткені дамыған да, дамушы да мемлекеттердің барлығында ұстаным бір. Такси мен көлік жалдау әлеуметтік маңызы бар сала, сондықтан, оларға салықтың жеңілдіктер қарастырылады. Егер біз оны жасамасақ, халықаралық ұстанымға қарсы шыққандай боламыз», - дейді салық заңгері Қайсар Болатұлы. 

Қорытындылай келе, такси қызметінің болашағы жаңа салық жүйесіне байланысты болмақ. Енді шешімді қабылдау тек мемлекет пен сала өкілдерінің қолында. 

Барлық жаңалық