Жаңалықтар

Жомарт кенішіндегі тың өзгеріс: Кеншілер қауіпсіздігіне 2,7 миллиард теңге жұмсалды

Жомарт кенішіндегі тың өзгеріс: Кеншілер қауіпсіздігіне 2,7 миллиард теңге жұмсалды

"Қазақмыс корпорациясы" ЖШС басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Мұқан Үңгітбаев "Жомарт" кенішіне арнайы барды. Басшыға өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту бағдарламасының нәтижесі таныстырылды. Кеншілердің өмірін қорғауға және өндірісті дамытуға жалпы көлемі 2,7 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Бұл қаражатқа жоспарланған қырық бес іс-шараның отыз тоғызы толық орындалды. Жаңа жобалардың бір парасы күнделікті жұмысқа енгізілді. Қалғаны тәмамдалуға жақын тұр.

Өндіріс тәуекелдерін азайту мақсатында Қазақстан мен ТМД елдерінің білікті ғалымдары арнайы зерттеулер жүргізді. Екі мың жиырма бесінші және жиырма алтыншы жылдары кен орнында сегіз түрлі ғылыми жұмыс жасалды. Мамандар гидрогеологиялық жағдайды тау жынысының соққы беру қаупін желдету жүйесін және газ режимін мұқият тексерді. Осы сараптама қорытындысы негізінде апаттардың алдын алуға бағытталған жаңа шаралар бекітілді. Сараптама ұйымдары кәсіпорынға тұрақты түрде ғылыми-техникалық қолдау көрсетіп отырады.

Кәсіпорындағы басты жаңалықтардың қатарында жерасты атмосферасын бақылайтын заманауи аэрогаздық мониторинг жүйесі бар. Кеніштің цифрлық жылу картасы сызылып ауа құрамы тәулік бойы қадағаланады. Стационарлық датчиктер жинаған мәлімет бірыңғай диспетчерлік орталыққа сол мезетте түсіп тұрады.

Өндіріс барысын жіті тексеру үшін 130 портативті газ талдағыш пен 20 сынама алу құрылғысы сатып алынды. Сонымен қатар өзге де арнайы жабдықтар жеткізілді. Өздігінен жүретін барлық техника автоматты түрде өшетін метан релесімен қамтамасыз етілді. Жерасты ауасын тез әрі дәл зерттеуге мүмкіндік беретін экспресс-зертхана жұмысын бастады.

Жұмысшылармен байланыс орнату жүйесі түбегейлі жаңарды. Жеті шақырымдық ескі кабель желісі қайта жөндеуден өтті. Бұған қосымша 15 шақырымнан асатын сәулелендіргіш кабель тартылды. Осы қадамдардың нәтижесінде барлық жерасты қызметкерлері апаттық хабарлау және орналасқан жерін анықтау құралдарымен толық қамтылды.

Ережелердің бұлжытпай орындалуын қадағалау үшін "Дозор" маркалы жеке бейнетіркегіштері қолданысқа енді. Жерасты мамандарына 74 камера беріліп оларды қуаттайтын және мәлімет көшіретін үш терминал орнатылды. Бұл техникалық құралдар өндірістік ортаға қосымша мониторинг жүргізу ісін айтарлықтай жеңілдетеді.

Кенішті таза ауамен қамту мәселесі арнайы жоба ретінде жүзеге асырылуда. Басты желдету қондырғылары күрделі жөндеуден өтіп олардың сенімділігі еселенді. Жүйенің қуаты секундына 200 текше метрге дейін ұлғайды. Қазіргі уақытта бірінші және екінші желдету оқпандарында қосалқы құрылғыларды жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Кенішті газдан тазарту шаралары да кедергісіз жалғасуда.

Сапарды қорытындылаған Мұқан Үңгітбаев өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін көтеру компанияның ең басты мақсаты болып қала беретінін нақтылады. Алдағы уақытта "Жомарт" кенішінде заманауи бақылау технологияларын енгізу және желдету инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары тоқтаусыз жалғасады.

Барлық жаңалық