Белгілі кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің ұлы Арсен Алагөзов журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында әкесімен арадағы сегіз жылдық үзіліс, қайта қауышуы және қазіргі қызметі туралы ашық айтты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты kursiv.media сілтеме жасап.
Арсеннің айтуынша, ол әкесімен сегіз жыл бойы араласпаған. Осы уақыттан кейін алғаш рет 2024 жылдың 17 сәуірінде кездескен.
«Мен әкеме бірден: "Маған сенің ақшаң да, билігің де қажет емес. Сегіз жылдың ішінде "әкем бар" деген сезімнен айырылып қалдым. Сол сезімді қайта тапқым келді" дедім. Әкесіз жүру адамның өзіне деген сеніміне әсер етеді екен. Әкеммен қайта табысуыма себепкер болған бауырым Әминаға алғыс айтамын», – деді Арсен Алагөзов.
Ол сегіз жыл бойы Канадада тұрғанын, кейін Мәскеуде консалтинг агенттігінде еңбек еткенін айтты. Әкесімен қайта байланыс орнағаннан кейін Тұрсын Алагөзов ұлына Шымкенттегі сыра зауытын басқаруды ұсынған. Бұл шешімге анасы, кәсіпкердің бұрынғы жұбайы Ләйсара Маратова да қолдау білдіріпті.
«Анам қатты қуанды. Бірден "сенің қолыңнан келеді" деп батасын берді. Ол мен үшін әр түні дұға ететінін білемін, соны күн сайын сезінемін», – дейді ол.
Қазір Арсен Алагөзов Шымкент сыра зауытының директоры қызметін атқарады. Ал әкесі кәсіпорынның қаржысына, өндірісіне және логистикалық процестеріне жетекшілік етеді.
Айта кетейік, Тұрсын Алагөзов 2024 жылдың ақпанында бұл зауытты Тимур Жаңабаевтан 8 млрд теңгеге сатып алған. Кейін кәсіпорынды жаңғыртуға 40 млн доллар инвестиция құйған. Оның шамамен 15 млн доллары ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын жаңа өндірістік және қойма ғимараттарын салуға, сондай-ақ инженерлік коммуникациялар тартуға жұмсалған.
Еске салсақ, кәсіпкер алғашқы жұбайы Ләйсара Маратовамен ажырасқаннан кейін продюсер Баян Алагөзоваға үйленген. Сол кезеңде балалары да әкесімен арадағы қарым-қатынасты үзген болатын.