Иранның әуе кеңістігі Тегеран қаласына халықаралық рейстердің келуі мен ұшып шығуына қайта ашылды. Бұл туралы Flightradar қызметі X әлеуметтік желісінде хабарлады, деп жазады ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.
Бұған дейін Израильдің әуе соққыларына байланысты Иран билігі елдің әуе кеңістігін уақытша жауып, бұл шектеу бірнеше рет ұзартылған болатын.
“Қазіргі уақытта Иранның әуе кеңістігі Тегеранға және Тегераннан халықаралық рейстерге алдын ала рұқсат негізінде ашық”, – делінген Flightradar жариялаған ақпаратта.
Алайда, картада Иран үстінен өтетін рейстер тіркелмеген. Сондай-ақ Тегерандағы Имам Хомейни халықаралық әуежайына ұшып келіп немесе одан ұшып кеткен әуе кемелері туралы мәліметтер әзірге көрсетілмеген.