Жаңалықтар

«Хабар ағадан» айырылдық: Қазақ журналистикасы қара жамылды

«Хабар ағадан» айырылдық: Қазақ журналистикасы қара жамылды

Белгілі тележурналист, отандық телевизияның ардагері Тілеуқабыл Мыңжасар 75 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Қаралы хабарды тележүргізуші Ринат Кертаев әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді, деп жазады Ozgeris.info

«Тілеуқабыл аға – журналистиканы қызмет емес, өмірінің мәні деп түсінген азамат еді», – деп жазды ол.

Ринат Кертаев марқұмның тәжірибелі журналист қана емес, кейінгі буынға ақыл-кеңесін аямаған абыройлы аға болғанын атап өтті. Тілеуқабыл Мыңжасардың неден қайтыс болғаны әзірге хабарланған жоқ.

Тілеуқабыл Мыңжасар 1952 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген. 1975 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Сол жылы Қазақ телевизиясының балалар мен жасөспірімдер редакциясында оның алғашқы хабары эфирге шықты.

Тележурналист «Хабар» агенттігі құрылған күннен бастап еңбек етіп, 1998 жылдан телеарнаның Алматы облысындағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. Қырық жылдан астам уақытын журналистикаға арнап, елді мекендерді аралап, қарапайым халықтың тұрмысы мен өңірлердегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді республикалық эфирде көтерді.

Тілеуқабыл Мыңжасар Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Алматы облысының құрметті азаматы және «Хабар» агенттігінің «Алтын микрофон» сыйлығының иегері болған. Сондай-ақ «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен және Қазақстан Президентінің Алғыс хатымен марапатталған.

Марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз.

Барлық жаңалық