💰 Экономика

Ет деликатеске айналды: Қазақтардың дастарқаны жүдеп барады

Күн тәртібінен түспейтін маңызды сұрақтың бірі - жоғары инфляция. Ол экономикалық көрсеткіштердің өсімін де, халық табысының артуын да «жеп отыр». Президент Жолдауында еліміздің жалпы экономикалық көңіл күйін дәл сипаттады. Бұрын бәріне қолжетімді болған ет өнімдері қазір қымбаттап, халықтың қалтасына ауыр жүк артып отыр. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады. 

Ет - деликатеске айналды

Қымбатшылықтың шынайы көрінісі ет өнімдерінен байқалады. Статистикаға сүйенсек, еттің килосы 3–4 мың теңгеден 5–6 мың теңгеге дейін шарықтап кеткен. Жай ғана инфляция дей салуға болмайды, себебі  аталмыш жағдай отбасы бюджетінің беріктігін сынайтын шынайы тест. Қазақстан үшін ұят нәрсе. Неге? 

Себебі, ет біз үшін тек ақуыз емес. Ол біздің мәдени кодымыздың бір бөлігі, қонақжайлық пен мерекенің синонимі, дастарқанның өзегі. Күнделікті ас болып келген өнім бүгін деликатеске айналып отыр, яғни, қазақ халқы өзіне тән дәстүрінен қағылғандай. 

Мәселе бағада емес…

Жем-шөптің қымбаттауы, жанармай бағасы, экспорттық шектеулер әрине, бағаға әсер етеді. Бірақ негізгі сұрақ басқа. Мәселе еттің 6000 теңгеге қымбаттап кеткенінде ме, әлде дәл осы сома халық үшін қолжетімсіз бе?

Әлем елдерімен салыстар болсақ, Швейцарияда сиыр етінің килосы біздегіден екі, тіпті үш есе қымбат болуы мүмкін. Бірақ ол жақта ет бағасына қатысты шу туындамайды. Неге? Өйткені ол елдің азаматы бір сағат жұмыс жасап, сол етті еш қиындықсыз сатып ала алады. 

Олар үшін стейк сатып алу бізде бір кофе сатып алумен тең. 

Жапонияда мраморлы гю сиыр еті жүздеген доллар тұратын люкс-өнім болып саналады. Десе де, біздегідей күнделікті дастарханнан жоғалып кеткен өнім ретінде қабылданбайды, себебі ол нақты премиум сегментке жатады. 

Мәселе еттің қымбаттығында емес. Мәселе, оны кімнің сатып ала алатынында жатыр. 

Инфляция табысты қуып жетті 

Коммуналдық тарифтердің өсуі де халық үшін ауыр. Себебі шығындар бюджетке ауыртпалық түсіріп отыр. 

Сондықтан Президент Жолдауында осы мәселеге жіті тоқталды.

«Инфляция халықтың табысын жеп жатыр».

Яғни, халықтың сатып алу қабілеті барған сайын төмендеп барады. Бағалар жалақыдан жылдамырақ өсуде. Қағаз жүзінде өсім бар. Ал қалтамыз тесік. 

Жалақы өсімі бағаның дауылынан озып отыратын экономикалық үлгіні  қалай жасаймыз? Сарапшылардың айтуынша, жауап экономиканың құрылымында жатыр.

Ондаған жылдар бойы Қазақстан шикізаттық модель аясында өмір сүріп келеді. Біз мұнай, металл, астық, тірі малды сатамыз. Алайда, шикізат сатып отырып, негізгі табысты, яғни, қосылған құнды өзге елдерге беріп отырмыз.

Мысалы, Қазақстан астық экспорттайды да, өзі қымбат италиялық макаронды сатып алады. Тірі мал сатады да, кейін үш есе қымбат брендтелген стейктерді сатып алады. 

Нағыз табыс өсімі – өңдеу үлесі жоғары, білім мен технологияға сүйенген экономикада дейді мамандар. Онда тек жұмыс күші емес, инженерлер, технологтар, дизайнерлер қажет. Ел арзан шикізатпен емес, ақыл-ойымен, сапасымен, технологиясымен бәсекеге түседі. Дәл осындай экономика жоғары жалақылы жұмыс орындарын жасап, баға өскенде де халыққа «қауіпсіздік жастығын» береді. Сол кезде еттің қымбаттауы – ұлттық трагедия емес, жай ғана нарықтық ауытқу болады.

Барлық жаңалық