Сұхбат

Ермұрат Бәпи: Қоғамда сөз бостандығы артты

Ермұрат Бәпи: Қоғамда сөз бостандығы артты

Қазақстандағы қоғамдағы өзгерістер туралы пікір білдірген мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи соңғы жылдары елде ең үлкен өзгеріс – еркіндік пен сөз бостандығының артуы екенін айтты. Бұл туралы ол QASQAJOL подкастында мәлімдеді деп жазды  ozgeris.info сайты.

Бапидің айтуынша, бұрын мұндай ашық пікірталас пен қоғамдық белсенділік байқалмаған.

«Мен журналист болып жүрген 2022–2023 жылдардан бастап қазіргі уақытқа дейінгі жағдайды саралап қарасақ, ең басты өзгеріс – қоғамдағы еркіндік. Қазір Парламент кулуарында сәрсенбі күндері өтетін отырыстар кезінде журналистер де, блогерлер де өте көп жиналады. Кейде адамдардың көптігінен орын табу қиын болады», – деді ол.

Депутаттың сөзінше, қазіргі медиакеңістікте саясаткерлердің пікірлері жиі талқыланып, кейде олардың сөздері қысқартылып немесе белгілі бір бөлігі ғана жарияланатын жағдайлар кездеседі.

«Кейде депутаттардың пікірін алып, оны қысқартып, өз тақырыбын қойып жариялайды. Егер үш сөз негатив болса, соны тақырыпқа шығарып, тренд жасайды. Бұл да еркіндіктің белгісі. Ешкім оған тыйым салып отырған жоқ», – деді Ермұрат Бәпи.

Ол мұндай жағдайды өзі де бірнеше рет бастан өткергенін айтты. Оның сөзінше, кейде айтқан пікірлері қысқартылып, негізгі контекст өзгеріп кететін жағдайлар болған.

Соған қарамастан, депутат мұндай құбылыстарды қоғамдағы сөз бостандығының бір көрінісі ретінде бағалайды.

«Ең басты өзгеріс – еркіндік. Сөз бостандығы, қоғамдағы ашықтық. Соның нәтижесінде қазір алтыншы конституциялық реформаға байланысты өзгерістер талқыланып жатыр. Қоғамда пікірталас бар, қарсылық бар, онлайн наразылықтар бар. Бірақ оған ешкім “болмайды” деп отырған жоқ», – деді ол.

Ермұрат Бәпидің пікірінше, Қазақстанда байқалып отырған негізгі өзгеріс – қоғамдағы еркіндік деңгейінің артуы. Ал бұл еркіндікті әркімнің қалай пайдаланатыны – бөлек мәселе.

Барлық жаңалық