Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын іске асыру үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажет екенін айтты. Оның сөзінше, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы жұмыспен қамтуды арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жүзеге асыру шаралары қаралды.
Олжас Бектеновтің айтуынша, Жолдауда Әділетті, Күшті, Таза және Озық Қазақстанды құру басты мақсат ретінде айқындалған. Бұл үшін елдің әлеуеті мен заманауи инновациялық мүмкіндіктерін тиімді пайдалану қажет.
«Президент жариялаған ауқымды “Халықтық құрылыс” бағдарламасы экономиканың барлық саласында түбегейлі инфрақұрылымдық өзгерістер мен реформаларға жол ашады. Жалпыхалықтық жоба жұмыспен қамту деңгейін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен серпін береді», – деді премьер-министр.
Ол Жолдауды алдағы кезеңге арналған мазмұндық тұрғыдан ең ауқымды бағдарламалық құжат деп атап, оны жүзеге асыру үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажеттігін айтты.
Үкімет отырысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары бойынша мемлекеттік органдардың басшылары баяндама жасады.