Қазақстанда 2029 жылға қарай дәнді дақылдарды терең өңдеу қуатын жылына 5,8 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл үшін крахмал, глютен, биоэтанол, аминқышқылдары және басқа да өнімдерді өндіретін алты ірі жоба жүзеге асырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, алғашқы жобалар іске қосылған. Биыл Түркістан облысында «Қазкрахмал» зауыты, ал Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының жобасы жұмысын бастаған.
«2029 жылға дейін крахмал, глютен, биоэтанол, аминқышқылдары және басқа да өнімдерді шығару бойынша жылына 5,8 млн тонна шикізатты қайта өңдеу мүмкіндігіне ие алты ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жаңа өндірістерді құрумен қатар оларды шикізатпен қамтамасыз ету, инфрақұрылымды дамыту және жобалық қуаттарға шығару бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде», – деді Айдарбек Сапаров.
Сонымен қатар елімізде сүтті және етті мал шаруашылығын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір жалпы қуаты жылына 600 мың тоннадан асатын тауарлы-сүт фермаларын салу бойынша 99 жоба қаржыландырылған.
Жоспар бойынша биыл жыл соңына дейін іске қосылған фермалар жобалық қуатының 70%-ына жетуі керек. Ал келесі жылы толық қуатында жұмыс істеуі көзделген.
Бұдан бөлек, жылына 130 мың бас мал бордақылап, 26 мың тонна ет өндіруге мүмкіндік беретін алты ет кластерін құру жұмыстары жүргізілуде.
Отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейту үшін агрологистикалық орталықтар желісі қалыптастырылып, шағын өндірушілердің тауарларын маркетплейстер арқылы сату мүмкіндігі дамытылып жатыр.