Астанада қоғамдық көлік жаяу жүргінші қызды қағып, салдарынан төрт адам жарақат алды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Астана қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, жол апаты 28 қазанда болған. IVECO маркалы маршруттық автобустың жүргізушісі Байтұрсынов көшесімен келе жатып, жолды белгіленбеген жерден кесіп өтпек болған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Оқиға орнынан түсірілген видео Astanovka98 Telegram-арнасында жарияланды. Арнадағы мәліметке сәйкес, қыз жолға кенеттен жүгіріп шыққан. Куәгерлердің сөзінше, жедел жәрдем қызметі оны ауыр жағдайда ауруханаға жеткізген.
Полицияның мәліметінше, автобус күрт тежелген кезде салондағы үш жолаушы да жарақат алған.
«Жаяу жүргінші мен үш жолаушы медициналық мекемеге жеткізіліп, оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.
Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тексеру жүргізіліп жатыр. Құзырлы орган өкілдері жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтауда.