🤖 Digital

Елдің жаңа капиталы – дерек пен интеллект

Елдің жаңа капиталы – дерек пен интеллект

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Digital Qazaqstan» стратегиясы елдің цифрлық даму бағытын алдағы бірнеше жылға айқындап берді. Құжат мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшірумен ғана шектелмейді. Оның түпкі мақсаты – жасанды интеллектіні экономиканың, мемлекеттік басқарудың және қоғамдық өмірдің барлық саласына енгізу арқылы жаңа үлгідегі цифрлық мемлекет қалыптастыру.

Соңғы онжылдықта Қазақстан электронды үкіметті дамыту ісінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Біріккен Ұлттар Ұйымының электронды үкіметті дамыту индексінде еліміз әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына енді. Алайда сарапшылардың пікірінше, ендігі міндет – қызметтерді цифрландыру емес, тұтас мемлекеттік жүйені интеллектілендіру.

Бүгінде әлемнің технологиялық алпауыттары дәл осы бағытта жарысып жатыр. Сарапшылар мұны «AI-first state» немесе «жасанды интеллектіге негізделген мемлекет» моделі деп атайды. Мұндай модельде мемлекет азаматтың өтінішін күтпейді. Қажетті қызметтерді адамның өмірлік жағдайына қарай өзі ұсынады.

Мәселен, бала дүниеге келген кезде әлеуметтік төлемдердің автоматты рәсімделуі, медициналық қызметтердің деректер негізінде ұсынылуы немесе білім беру бағдарламаларының оқушының қабілетіне бейімделуі – осындай тәсілдің көрінісі.

Әлем неге жасанды интеллект үшін күресіп жатыр?

Жасанды интеллект бүгінде экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналып келеді. Халықаралық валюта қорының бағалауынша, алдағы жылдары жасанды интеллект әлемдегі жұмыс орындарының шамамен 40 пайызына ықпал етеді. Ал халықаралық консалтингтік компаниялардың болжамдары бойынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік экономикаға 15-20 триллион доллар көлемінде қосымша құн әкелуі мүмкін.

Америкалық PwC зерттеу ұйымының сарапшылары ЖИ еңбек өнімділігін арттыру арқылы жаһандық ішкі жалпы өнімнің өсіміне бұрын-соңды болмаған серпін беретінін айтады. Сондықтан бүгінде АҚШ, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур, Оңтүстік Корея және Еуропа елдері жасанды интеллектіні ұлттық басымдық деңгейіне көтеріп отыр.

Қазақстанның жаңа стратегиясы да осы жаһандық үрдістен туындаған.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, әлемде толыққанды ЖИ экожүйесін қалыптастырған мемлекеттер ғана технологиялық көшбасшылыққа қол жеткізе алады.

«Бүгінде әлемде «AI Economy Stack» деп аталатын жаңа архитектура қалыптасып жатыр. Ол бес деңгейден тұрады: энергетика мен инфрақұрылым, есептеу қуаттары, деректер мен үлкен тілдік модельдер, цифрлық платформалар және қолданбалы жасанды интеллект қызметтері. Қазақстан осы тізбектің барлық буынында өз орнын табуды көздейді», дейді министр.

Дерек кімде болса, болашақ сонда

Қазіргі технологиялық жарыстың басты ресурсы мұнай немесе газ емес. Экономистер оны «Data is the new oil» қағидасымен түсіндіреді. Яғни XXI ғасырдың негізгі байлығы – дерек.

Оксфорд университетінің ғалымдары қазіргі цифрлық экономиканың негізінде дәл осы деректер жатқанын айтады. Жасанды интеллект қаншалықты көп әрі сапалы ақпаратпен қоректенсе, соншалықты тиімді жұмыс істейді. Сондықтан «Digital Qazaqstan» стратегиясында мемлекеттік ақпараттық жүйелерді біріктіру, үлкен деректерді басқару және оларды қауіпсіз пайдалану мәселесіне ерекше мән берілген.

Бұл өз кезегінде мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне жол ашады. Сарапшылар оны «data-driven government» немесе «дерекке негізделген басқару» деп атайды. Яғни шешімдер болжаммен емес, нақты мәліметтер мен алгоритмдерге сүйеніп қабылданады.

Цифрлық трансформация экономикаға не береді?

Стратегияның ең маңызды бағыттарының бірі – нақты секторды технологиялық жаңғырту. Құжат ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, логистика және қаржы секторында жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді көздейді.

Әлемдік тәжірибе мұның тиімділігін дәлелдеп отыр. Мәселен, McKinsey Global Institute зерттеулеріне сәйкес, өндірісте жасанды интеллектіні пайдалану еңбек өнімділігін 20-30 пайызға дейін арттыра алады. Ал логистикада шығындарды бірнеше есеге қысқартуға мүмкіндік береді.

Қазақстан үшін бұл ерекше маңызды. Өйткені экономика құрылымында шикізат секторына тәуелділік әлі де жоғары. Цифрлық технологиялар жаңа қосылған құн қалыптастырып, экономиканың күрделілігін арттыра алады. Министрлік бағалауынша, стратегия аясында іске асатын жобалар технологиялық секторға 10,5-16,5 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллект мамандары үшін күрес басталды

Бүгінде мемлекеттер арасында тек технология үшін емес, кадрлар үшін де бәсеке күшейіп келеді. Стэнфорд университетінің AI Index есебіне сәйкес, жасанды интеллект мамандарына сұраныс соңғы бес жылда бірнеше есе артқан. Осыған байланысты «Digital Qazaqstan» білім саласына ерекше басымдық береді.

Стратегия аясында өңірлік IT-мектептер желісін кеңейту, цифрлық сауаттылықты арттыру және жасанды интеллект мамандарын даярлау жоспарланған. Сонымен қатар оқушылардың қабілетіне бейімделген дербестендірілген білім беру жүйесін дамыту көзделіп отыр. Сарапшылар мұны «AI literacy» немесе жасанды интеллект сауаттылығы дәуіріне көшу деп бағалайды. Болашақта технологияны пайдаланатын адамдар ғана емес, оны түсінетін және басқара алатын азаматтар артықшылыққа ие болады.

Қазақстан Орталық Азияның технологиялық хабына айнала ала ма?

Стратегиядағы ең ауқымды бастамалардың бірі – AI Hub құру. Жоба ғылыми ұйымдарды, университеттерді, технологиялық компанияларды және есептеу инфрақұрылымын бір экожүйеге біріктіруді көздейді. Әлемдегі табысты технологиялық орталықтардың барлығы дәл осындай модель арқылы қалыптасты. Мысалы, Кремний алқабы университеттер, инвесторлар және инновациялық компаниялар арасындағы тығыз байланыстың нәтижесінде дүниеге келді. Қазақстан да осы тәжірибені пайдалануға тырысып отыр. Егер жоспар толық жүзеге асса, ел өңірдегі технологиялық стартаптар мен жасанды интеллект жобалары шоғырланатын орталыққа айналуы мүмкін.

 

Барлық жаңалық