Айти мен Нагояда өтіп жатқан Азия ойындарында дзюдодан жарыстың екінші күні аяқталды. Қазақстан құрамасы бірнеше салмақта жүлдеге таласқанымен, финалдық кезеңде жапон спортшыларына қарсы кездесулерде жеңіске жете алмады, деп хабарлайды Ozgeris.info
Екінші жарыс күнінің финалдық блогында Қазақстан атынан бірнеше дзюдошы татамиге шықты. Алайда алтын және қола медаль үшін болған жекпе-жектердің басым бөлігінде жергілікті спортшылар басым түсті.
Ерлер арасында:
* 60 келіге дейін: Елдос Сметов жапониялық Хаято Кондоға екі «юко» нәтижесімен жол берді.
* 81 келіге дейін: Әділет Алмат Сотаро Фудзивараға «осаэкоми» әдісімен есе жіберді. Жекпе-жек барысында қазақстандық спортшы иығынан жарақат алды.
Әйелдер арасында:
* 48 келіге дейін: Әбиба Абужақынова жапониялық Мицуки Кондодан «иппон» әдісімен жеңілді.
* 70 келіге дейін: Ажар Асхат Рина Маэдаға екі «вазари» нәтижесімен ұтылды.
* 52 келіге дейін: Меруерт Сарсенова қола жүлде үшін болған кездесуде жапониялық Фокоро Мудзисироға бір «вазари» нәтижесімен есе жіберді.
Қазақстан құрамасының финалдық блоктағы жалғыз жеңісін Эсмигүл Куюлова тіркеді. Атырау облысының 24 жастағы өкілі Өзбекстан спортшысы Маржона Нуруллоевадан «вазари» әдісімен басым түсті.
Дегенмен Куюлова бұған дейінгі жартылай финалда жапониялық Наруми Таниокеге жол берген еді. Таниока жарыс соңында өз салмағында Азия ойындарының чемпионы атанды.
Осылайша, екінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан дзюдошыларының Жапония өкілдерімен болған шешуші кездесулеріндегі есеп 5:0 болып қалыптасты.
Дзюдодан жарыс ертең жалғасады. Ерлер арасында 90, 100 және 100 келіден жоғары салмақ дәрежелеріндегі, ал әйелдер арасында 78 және 78 келіден жоғары салмақтағы спортшылар татамиге шығады. Қазақстандық дзюдошылардың жапон қарсыластарымен тағы кездесуі мүмкін бе және бұл жолы нәтиже қандай болатыны алдағы белдесулерде белгілі болады.