Қазақстанда 2025 жылдың 15 қыркүйегінен бастап банк картасын немесе оның деректерін басқа адамға бергендерге қылмыстық жаза қарастырылды, деп жазады Ozgeris.info.
Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа 232-1-бапқа сәйкес, карта реквизитін үшінші тұлғаға беру немесе олардың мүддесі үшін ақша аудару қылмысқа жатады.
ІІМ мәліметінше, биыл осындай әрекетке барған 6 мыңға жуық адам анықталған. Көбіне олар дроппер деп аталады. Дроппер – алаяқтардың тапсырмасы бойынша ұрланған ақшаны аударуға немесе қолма-қол шешіп беруге өз картасын пайдаланатын адам. Бұл қылмыскерлерге ізін жасыруға мүмкіндік береді.
Енді мұндай әрекет үшін 160 АЕК-тен (шамамен 629 мың теңге) бастап айыппұл салу, 50 тәулікке дейін қамауға алу немесе ауыр жағдайда 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сарапшылардың айтуынша, тіпті банкоматта бейтаныс адамға «ақша шешіп беруге» көмектесу де қауіпті. Өйткені қаражаттың қайдан келгені белгісіз болғандықтан, мұндай көмек қылмыстық жауапкершілікке алып келуі мүмкін.