Соңғы жылдары Қазақстанда азаматтық белсенділік артты. Алайда сонымен қатар жаңа қозғалыстарға, дабыралы бастамаларға және қоғам атынан сөйлеу жауапкершілігін өз мойнына алатын тұлғаларға деген сенімсіздік те күшейе түсті. «Жаңа адамдар» – соңғы жылдары көзге түскен ең белсенді жастар қозғалыстарының бірі. Қозғалыс президенттік бағытты ашық қолдайды, өңірлерде жұмыс жүргізеді және сонымен бірге жергілікті жерлерде жиі қарсылыққа тап болатынын алға тартады.
«Жаңа адамдар» қозғалысының жетекшісі Әсел Баденова ашық сұхбат беріп, жан жақтан жиналған белсенді жастардың басын біріктіру оңайға соқпағанын айтады.
«Өңірлер дегеніміз – бүкіл Қазақстан. Алматы мен Астанаға қарасаңыз, еліміздің барлық қалаларынан келген жастар бар. Өйткені жастар бұл қалаларға білім алу үшін жиналады. Қозғалысты алғаш бастаған жылдары Алматы мен Астанада бізге әр өңірден келген көптеген жас қосылды», – деді Әсел Баденова.
Ол еліміздің түкпір-түкпірінен келген жастардың қозғалысқа біріккенін айтты.
«Жезқазған да бар, Өскемен де бар, Талдықорған, Шымкент – елдің бүкіл географиясы екі астанада тоғысқан. Ал сенім мәселесіне келсек, әрине, сенбейтін адамдар бар. Керісінше, толық сенетіндер де бар. Қозғалыстың міндеті – сенетін адамдарға көбірек назар аудару. Өйткені үлкен қауымдастық құру үшін үлкен команда қажет», – деді ол.
Әсел Баденованың айтуынша, қозғалыс көтеріп жүрген тақырыптар оңай емес және үлкен жауапкершілікті талап етеді.
«Біз қозғайтын азаматтық бастамалар мен қоғамдық мәселелер өте күрделі әрі тәуекелге толы. Мұнда жартылай ұстаным болмайды. Адам бір жерде бір қағидамен өмір сүріп, қозғалыс ішінде басқа адам болып көріне алмайды. Сен бұл құндылықтармен шын өмір сүруің керек», – деді қозғалыс жетекшісі.
Оның сөзінше, қозғалысқа келген жастар бұл іске бар уақытын арнап отыр.
«Бүгін сіз сөйлескен адамдар – өмірін осы қозғалысқа арнап жүрген жандар», – деді ол.
Сұхбат барысында қозғалыстың өңірлік кеңеюі туралы да айтылды. Қозғалыс мүшелерінің бірі Алматы қаласында жұмысты бастаудың оңай болмағанын жеткізді.
«Астанада белгілі бір деңгейде орныққаннан кейін, әрі қарай қайда қозғаламыз деген сұрақ туды. Барлық жағынан өсу керек болды. Алғаш ойға келген қала – Алматы. Алматыны ашу маған тапсырылды. Ойланбастан келістім. Алматы – мәдениеті жоғары, мәдени астана атануы да тегін емес. Дегенмен, ол жерде жеке көшбасшы ретінде қалыптасу оңай болмады», – Алматыдағы кампустың лидері Изюминков Владимир.
Оның айтуынша, бастапқыда адамдар жаңа форматты түсіне қоймаған.
«Алғаш келгендер “бұл не өзі?” деп сұрайтын. Мұндай тәсілді бұрын естімегендерін айтатын. Бірақ тақырыпты тереңірек аша бастаған кезде, адамдар қолдау көрсете бастады. Жалпы, қолдау басым болды», – деді қозғалыс өкілі.