Қоғам

Бюджетті толтырудың жасанды тетігі: Тексерістен өтпеген камералар халықты заңсыз жазалап келеді

Қазақстанда жол қозғалысын бақылайтын көптеген камералар мен дрондар метрологиялық тексерістен өтпегені белгілі болды. Демек, олардың өлшеу дәлдігіне сенім аз. Ал Әкімшілік кодекстегі түсініксіз және бір-біріне қайшы баптар қарапайым азаматты оңай тұзаққа түсіреді. Кей жағдайда тіпті абсурд деңгейіне жеткен жазалар да бар. Түнде әжетхананы қолданғаның немесе үй жануарыңызды жалғыз қалдырғаныңыз үшін айыппұл төлеуіңіз мүмкін. «Штрафстан» жүйесі қалай пайда болды және оған кім мүдделі? Бұл материалда Ozgeris.info тілшісі еліміздегі айыппұл саясатының көлеңкелі тұстары мен заңның шикіліктерін ашуға тырысты.

Елімізде бейнебақылау камералары түсірген деректер негізінде салынатын айыппұлдардың басым бөлігі заңсыз болуы мүмкін. Әсіресе Алматы мен Астана сынды ірі қалаларда мұндай әкімшілік жазалау шаралары жиі қолданылады. Осы ретте Алматылық зейнеткер бүкіл жүйеге қарсы шығып, шындықтың бетін ашып салды. Зейнеткердің айтуынша, Қазақстанда заңдар әділдік құралынан гөрі, жазалау тетігіне айналып барады. 

Қазақстан «Штрафстан» еліне айналғанына біраз уақыт болды. Расымен де, бізде қолданылатын заңдар кейде мүлде түсініксіз келеді. Оны кім қалай қаласа, солай түсіндіріп, қолдана алады. Әкімшілік кодексте заңдық олқылықтар мен қарама-қайшылықтар жетіп артылады. Мұны көбінесе шенеуніктер өз пайдасына пайдаланады, олар азаматтарға адам естісе сенбейтін өте күлкілі айыппұлдар салады. Солардың арасынан бірнеше жағдайды мысалыға келтірейік. 

Гүл отырғызғаны үшін де жаза бар...

Көпқабатты үйдің кіреберісін өз қаражатына жөндеген тұрғынға полиция айыппұл салды. Құқық қорғау органдары оның бұл әрекетін жалпыға ортақ мүлікті бүлдіру деп таныған. Ал тұрғын оқиғаның барлығын видеоға түсіріп алыпты. Кадрда ер адам полиция қызметкерінен айыппұлдың себебін сұрап, түсініктеме талап етеді. Өз кезегінде учаскелік инспектор азаматтың тұрғын үй ережелерін бұзғанын айтқан. Видеожазба авторының сөзіне қарағанда, ол кіреберісті өз қаражатына жөндеп, құрылыс қалдықтарын кешке дейін жинап тастауға уәде берген. Дегенмен күндіз келген инспектор 39 мың теңге көлемінде айыппұл жазып кеткен. Ал заңгер мәселені ескертумен шешуге болатын еді дейді. 

Екінші жағдайда, зейнеткер балконының астына гүлдер отырғызғаны үшін айыппұл арқалады. Оған 258 мың теңге көлемінде айыппұл келген. 

Өскеменде итін үйде жалғыз қалдырып кеткен әйелге 40 мың теңге айыппұл салынды. Осыған байланысты сот ісі қалалық әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі сотта қаралған. Белгілі болғандай, әйел итін үйде қамап, жұмысқа кетіп қалған. Иттің үре бергенінен мезі болған көршісі полиция шақырды. Учаскелік полицей үй жануарларын ұстау талаптарын орындамағаны үшін иттің иесіне әкімшілік хаттама толтырған. 

Шын мәнінде, заңды мұқият қарап шықсаңыз, бұл әрекеттердің ешқайсысы нақты бұзушылық ретінде көрсетілмеген. Көп жағдайда мұндай бұлыңғыр заңдар мемлекет мүддесіне жұмыс істейді, себебі бейресми қағида бар: «Судьялар ең алдымен азаматтың мүддесін емес, мемлекеттің мүддесін қоғайды». Дегенмен, бұл жүйеде де сирек болса да, ерекше жағдайлар кездеседі. Мәселен, жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұлдарға қатысты. 

Зейнеткер жалғыз өзі бүкіл жүйеге қарсы 

Алматы қаласының тұрғыны зейнеткер әрі заңгер Жанат Сүтемгенова мүмкін еместі мүмкін етті. Ол өзіне заңсыз салынған айыппұлдарға қарсы шығып, барлық сот істерін жеңіп шыққан. Мұнымен шектелмей, ол қоғам үшін маңызды шындықты ашты. Егер кінәңізді дәлелдейтін жалғыз айғақ — бейнекамера немесе дрон түсірген кадрлар болса, мұндай айыппұлдар заңсыз болып есептеледі. Әзірге, бұл қағида тек Алматы мен Астанаға қатысты.

Зейнеткердің оқиғасы оған салынған үш айыппұлдан басталған. «Дұрыс емес жерде тұраққа қойды» және «сол жолақпен жүрді» деген себептермен айыппұлдар келе бастаған. Ал зейнеткер-заңгер мұндай әділетсіздікке көнгісі келмей, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексін мұқият зерттеп шыққан. Сол кезде ол көптеген қайшылықтар мен сәйкессіздіктерді анықтады.

Ең алдымен күмән тудыратыны - бейнефиксация негізінде салынған айыппұлдар. Мұндай хаттамаларда міндетті реквизит саналатын метрологиялық тексеріс нөмірі көрсетілмейді. Бұл азаматтардың құқықтарын өрескел бұзу болып саналады екен. Осыған байланысты, жыл басынан бері ел бойынша камералар мен радарлар арқылы тіркелген жеті миллионнан астам жол ережесі бұзушылықтың заңдылығы қазір үлкен күмән тудырады. Егер осының бәріне қарсы шығып, заңсыз деп танитын болсақ, қаншама қаражатты үнемдеуге болады дейді заңгер. Өйткені Қазақстандағы айыппұлдар әлемдегі ең қатаң әрі көлемді екенін айта кеткен жөн. 

«Көпшілік жүргізушілер айыппұлдарын 50 пайыздық жеңілдікпен төлеп, «бас қатырмауды» жөн көреді. Тіпті өздерінің кінәсіз екенін білсе де. Адамдарда уақыт жоқ, ал қоғамдық пікірде «бәрібір дәлелдей алмайсың» деген сенім қалыптасқан. Мен өзім де басында осындай пікірде едім, бірақ келе бастаған айыппұлдардың заңсыз екенін сезіне бастағанда, әкімшілік заңнаманы терең зерттеуге бел будым», - дейді заңгер-зейнеткер Жанат Сүтемгенова. 

Оның айтуынша, бұл құқық саласының ең күрделі бағыттарының бірі, себебі баптар бір-біріне немесе басқа актілерге сілтеме жасайды, кейбірі өзара қайшы келеді.

Кодексті оқи отырып, Сүтемгенова 2019 жылдың 5 наурызындағы Алмалы аудандық прокуратурасының актісіне тап болған. Онда прокурор әкімшілік құқықтағы кемшіліктерді атап көрсеткен: 

«Кодекстің 822-1-бабының 1-тармағының 6-тармақшасына сәйкес, әрбір хаттамада метрологиялық тексеріс нөмірі көрсетілуі тиіс. Алайда Алматы мен Астанада мұндай дерек ешбір айыппұл қағазында жоқ. Ал бұл заңның тікелей бұзылуы, себебі кез келген бақылау құрылғысы  камера болсын, дрон болсын, спутниктік жүйе болсын міндетті түрде метрологиялық тексерістен өтуі керек. Егер бұл талап орындалмаса, сол құрылғылардың деректері негізінде салынған айыппұлдар заңсыз деп саналады». 

Заңгер прокуратураға шағым түсірген, алайда, нақты жауап ала алмаған. 

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес шағымдануға құқығыңыз бар» деген ресми хат келген. 

Яғни прокуратура мәселені зерттеудің орнына, оның өтінішін жай ғана «кері қайтарып жіберген».

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев зейнеткердің сөзі шындық болып шықса, міндетті түрде тексеріс жасауды талап ететінін атап өтті. 

«Мұндай қарама-қайшылықтар шынында да бар екенін және заңдардағы коллизияларды жою депутаттардың басты міндеттерінің бірі. Заң ол тірі процесс, ол уақыт өткен сайын тәжірибеге сүйеніп түзетіліп отыруы тиіс», - дейді депутат. 

Мемлекет пен азамат арасындағы сенім дағдарысы

Қазақстанның Әкімшілік процестік кодексінде жақында жаңа норма пайда болды - «дәлелдемелердің шынайылық презумпциясы». Бұл нормаға сәйкес, азаматтың кінәсін дәлелдеу әкімшілік органның негізгі міндеті. Ал егер хаттамада құрылғының метрологиялық тексеріс нөмірі жоқ болса, кінә қалай дәлелденбек? 

«Мүмкін, сол «Сергек» жүйесінің өзі дұрыс істемей тұрған шығар немесе бағдарламалық қате кеткен болар? Өйткені өткен жылы бұл жүйенің бірнеше рет істен шыққаны және жалған айыппұлдар салынғаны туралы хабарланған болатын», - дейді зейнеткер.

Автосарапшы Эдуард Эдоковтың  айтуынша, мұндай техникалық қателер расымен кездеседі. 

«Кейде нөмірді тану жүйесі шатасқан, кейде адам факторынан қате кеткен. Полиция бұл жағдайлардың сирек кездесетінін айтады, бірақ техникалық ақаулардың болуы мүмкін екенін мойындайды. Әрбір азамат eGov порталы арқылы шағым түсіріп, қателік расталған жағдайда айыппұлды жоюға құқылы», - дейді сарапшы. 

Десе де, қазақстандықтардың көбі мұндай дауға барғысы келмейді. Өйткені бұған уақыт пен темір жүйке қажет, ал жүйе көбінесе мемлекеттің мүддесін қорғайтынын ұмытпаған жөн. Жанар Сүтемгенова өз тәжірибесінде соттармен, мемлекеттік органдармен және сараптамалармен ұзақ уақыт алысып, ақыры үш айыппұлдың бәрін жойғызып, ақшасын қайтарып алған. 

«Соттар мен шенеуніктердің арасында да адал адамдар бар, бірақ оларды кездестіру өте сирек жағдай. Әйтсе де, күресу керек, өйткені үнсіздік әділетсіздікті күшейтеді», - дейді заңгер. 

Қазақстанда айыппұлдар көлемі тым шектен шықты

Әкімшілік кодекске жыл сайын жаңа, кейде тіпті ақылға қонбайтын жазалар енгізіліп жатыр. Мысалы, боқауыз сөз айтқаны үшін — 80 мың теңге, біреудің сезімін «қорлағаны» үшін — 400 мың теңге, сиренаны іске қосқаны үшін — 200 мың, көгершінге жем бергені үшін — 70 мың, балконға кір жая салғаны үшін — 80 мың, ал бау-бақшаны ауыз сумен суарғаны үшін — 90 мың теңге айыппұл.

Алматы тұрғыны Виктор Молоткович басынан өткен жағдаймен бөлісті. Оған  көктемгі демалыста өз ауласында кәуап пісіргені үшін 200 мың теңге айыппұл салған. Көршісі түтінге шағымданып, полиция мен өрт сөндірушілерді шақырған. Ер адам барлық қауіпсіздік шараларын сақтағанына қарамастан, оған «қаланың абаттандыру ережелерін бұзды» деген баппен айыппұл салынған. Іс сотта жаз бойы қаралып, ақыры ол жеңіп шықты. 

Көп азаматтар айыппұлдардың сомасына ашулы. Мысалы, мас күйде шулағандарға және үйінің маңын жөндеген азаматқа бірдей сомада айыппұл келеді. Кейде айыппұл көлемі бір айлық зейнетақыдан да асып түседі.

Блогер Елдар Мамедов одан да күлкілі жағдайды мысалға келтірді. Оның айтуынша, үй жануарларын иесі жоқта жалғыз қалдыруға тыйым салу заңы ақылға қонымсыз. «Жануарларды ұстау ережелерінде» иесі кеткен кезде оны қонақүйге немесе панажайға тапсыру керек делінген, бірақ бұл уақыттың ұзақтығы көрсетілмеген. 

«Демек, адам бір сағатқа дүкенге шығып кетсе де, формальды түрде заң бұзады деген сөз. Тіпті аквариумдағы балықты да тастап кетсем, айыппұл төлеуім керек», - дейді блогер. 

Оның айтуынша, мұндай нормалар шикі әрі ойластырылмаған. Яғни, бір қалада қатаң қолданылса, басқа қалада басқаша түсіндіріледі. Сарапшылардың айтуынша, уақыт өте келе бұл ережелер түзетілуі мүмкін, ал әзірге олар жемқорлық пен бопсалауға жол ашып отыр.

Депутат Азат Перуашев тағы бір маңызды мәселеге назар аударды. 

«Айыппұлдар өте көп. Мысалы, дүкендегі баға қате көрсетілсе, 200 мың теңге айыппұл салынуы мүмкін, бұл шағын бизнес үшін бір айлық табыс. Мұндай жағдайлар «тексерушілердің» пайда болуына әкеледі, ал олар формалды себептермен ақша бопсалауға көшеді. Яғни бұл мемлекеттің мүддесін қорғау емес, заңдастырылған қорқытып алу», - дейді депутат.

Көпшіліктің пікірінше, айыппұлдар бюджетті толтырудың жасанды тетігіне айналған. Ең сорақысы, шенеуніктер ұялудың орнына, керісінше, «бюджетке осынша миллион түсті» деп мақтанады. Ал Бюджет кодексіне сәйкес, айыппұлдар кіріс көзі ретінде қарастырылмауы тиіс.

«Айыппұлдар мен заң қоғамдағы тәртіпті қалпына келтіруге, азаматтардың құқықтық сауатын дамытуға үлесін қоспаса, одан ешқандай пайда жоқ», - дейді депутат Азат Перуашев. 

Мысалы, түнгі 11-ден кейін унитаз суын ағызғаны үшін жазалау туралы қауесет тараған еді. Полиция мұны жоққа шығарды.

«Әрине, түнде әжетхананы қолдануға тыйым жоқ. Бұл «тыныштықты бұзу» бабы туралы айтылған. Егер дыбыс рұқсат етілген деңгейден асып кетсе, айыппұл салынуы мүмкін. Ал баспалдақ алаңын түрлі заттармен толтыру сынды заңдар тұрғындардың жайлылығын бұзбау деген сөз. Жалпы, бұл өзара сыйластық туралы ғой, егер көршілер тату-тәтті өмір сүрсе, ешкім шағымданбайды», - дейді Алматы қаласының полция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.  

Қанша десек те, шын өмірде жағдай басқаша екенін көрдік. Гүл еккені үшін, подъезд жөндегені үшін, итін үйінде қалдырып кеткені үшін, өз саяжайында кәуап пісіргені үшін айыппұл алған адамдардың оқиғасымен таныстық. Сондықтан қазір халық айыппұл арқаламас үшін, ешнәрсе істеуге зауқы жоқ. 

Сарапшылардың пікірінше, алғашқы бұзушылықтар үшін ескерту беру керек, бірден айыппұл салу халықтың қалтасына ауыр түседі. Өйткені қазір айыппұл сомасы 200 мың теңгеге дейін жетеді, мұндай ақшаны көп адам несиеге алуға мәжбүр.

«Штрафстан» жүйесіне қарсы шыққан заңгер әрі зейнеткер Жанат Сүтемгенованың пікірінше, қиындықтарға қарамастан, әділетсіздікке қарсы күресуді тоқтатпау керек. 

«Үнсіздік жағдайды одан сайын ушықтырады. Ол азаматтарды өз құқықтарын қорғауға, әділетсіз нормаларды қайта қарауға шақырады. Себебі заңның мақсаты адамды қорғау, ал бізде ол жиі жазалау құралына айналып барады», - деп түйіндеді ойын. 

Барлық жаңалық