Астанадағы «BIG Шанхай» сауда үйінде болған өрттен кейін кәсіпкерлер тек мүліктен ғана емес, қаржылай жағынан да қатты зардап шекті. Ресми мәлімет бойынша, 205 саудагердің жалпы қарызы 2,5 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде 2 млрд теңге банктерге, тағы 480 млн теңге шағын несие ұйымдарына берешек болып отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі бұл деректі депутаттық сауалға берген жауабында айтты. «Ақ жол» партиясының депутаттары өрттен зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсету мәселесін көтерген еді.
Агенттік мәліметіне қарағанда, барлығы 333 адам шығынға ұшыраған. Бірақ соның ішінде банктер мен қаржы ұйымдарына қарызы барлары – 205 кәсіпкер. Қаржы ұйымдары олардың несиесін өтеу бойынша жеңілдіктер жасауға келісіпті.
78 кәсіпкер қарызын алты айға шегеріп алды. Олардың берешегі шамамен 1,8 млрд теңгені құрайды. Ал тағы 65 кәсіпкер қолдау шарасынан бас тартқан. Олардың қарызы – 581 млн теңге.
Бұған дейін өрттен зардап шеккендерге несиені кейінге қалдыру мүмкіндігі берілетіні айтылған болатын.
Айта кетейік, «BIG Шанхай» сауда үйі 2014 жылы ашылған еді. Онда 90-нан аса бутик жұмыс істеп келген. Өрт биылғы 18 шілдеде шыққан.