Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 17 пайызға дейін төмендетті. Бұл – қаржы нарығы ғана емес, қарапайым жұрттың қалтасына да әсер ететін шешім. Өйткені базалық мөлшерлеме несие құнына, депозит табысына, теңге бағамына, бизнес белсенділігіне, ең соңында инфляцияның беталысына ықпал етеді. Реттеуші мұндай қадамға баға өсімінің баяулауы, теңгенің нығаюы, мұнай бағасының қолайлы деңгейі мен экономикалық өсім болжамының жақсаруы себеп болғанын алға тартып отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Қаржыгер Тұрар Әбди Ұлттық банктің бұл шешімін инфляцияның баяулауымен, экономикалық өсім болжамының жақсаруымен, мұнай бағасының қолайлы болуымен байланыстырады.
«Ұлттық банк шешімінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, инфляция тежеліп келеді. Мамыр айының қорытындысында ол 10,4 пайызға дейін баяулады. Салыстырар болсақ, былтыр қыркүйекте инфляция 12,9 пайыз болған. Яғни, баға бұрынғыдай қатты шапшып тұрған жоқ. Екіншіден, экономика өсіп жатыр. 2026 жылға арналған ішкі жалпы өнім өсімі 4,5-5,5 пайыз аралығында болады деген болжам бар. Үшіншіден, мұнай бағасы да қолайлы. Ұлттық банк базалық сценарийде Brent маркалы мұнай бағасын жыл соңына дейін барреліне шамамен 90 доллар деңгейінде қарастырып отыр. Осының бәрі реттеушіге ақша-несие саясатын жұмсартуға мүмкіндік берді. Бірақ Ұлттық банк әлі де сақ отыр. Өйткені инфляцияны бір таңбалы деңгейге, яғни 10 пайыздан төмен түсіру қажет. Сол себепті несие шарттары әзірге тым босаңсып кетпейді. Қаржы жүйесінде қалыпты қатаңдық сақталады», дейді қаржыгер.
Базалық мөлшерлеменің мәнін қарапайым тілмен түсіндірсек, бұл – елдегі ақшаның құнын айқындайтын негізгі көрсеткіш. Ол жоғары болса, несие қымбаттайды, депозит табысы артады, халық пен бизнес қарыз алуға сақ қарайды. Ал мөлшерлеме төмендегенде, керісінше, несие біртіндеп арзандауы мүмкін, депозиттің табысы азаяды, нарықтағы ақша қозғалысы жанданады.
Сондықтан бұл шешімнің әсері бірнеше бағытта көрінеді. Бірінші бағыт – депозит нарығы. Кейінгі жылдары теңгелік депозиттер жоғары сыйақысы арқылы халыққа тартымды болып келді. Базалық мөлшерлеме төмендеген соң банктер де біртіндеп депозит мөлшерлемесін қайта қарай бастайды. Бұл жинағын тек депозитте ұстап келген азаматтарға ой салуы мүмкін. Т.Әбдидің пікірінше, мұндай кезде халық асығыс шешім қабылдамай, қаржысын әртүрлі құралға бөліп ұстағаны жөн.
«Коммерциялық банктер Ұлттық банктің шешімінен кейін депозит табыстылығын біртіндеп төмендетуі мүмкін. Сондықтан теңгелік депозит бұрынғыдай жоғары кіріс бермеуі ықтимал. Бірақ бұл барлық ақшаны бірден шешіп алып, басқа құралға салу керек деген сөз емес. Әр адамның қаржылық мақсаты бөлек. Біреуге қаражат жақын айларда қажет болуы мүмкін, енді біреу ұзақ мерзімге жинайды. Сол себепті шешім эмоциямен емес, есеппен қабылдануы керек», дейді ол.
Тағы бір маңызды бағыт – теңге бағамы. Базалық мөлшерлеме төмендеген сайын теңгемен салынған қаржының табысы азаяды. Бұл ұлттық валютаға белгілі бір қысым түсіруі мүмкін. Әсіресе ірі капитал жоғары табыс іздеген кезде мұндай өзгерісті ескереді. Дегенмен теңгенің тағдыры тек базалық мөлшерлемеге қарап шешілмейді. Мұнай бағасы, сыртқы нарық, импорт көлемі, геосаяси ахуал, елге келетін валюта түсімі секілді факторлар да маңызды.
«Мөлшерлеменің төмендеуі теңгеге белгілі бір деңгейде қысым түсіруі ықтимал. Өйткені ұлттық валютадағы табыс азайса, оның тартымдылығы да бәсеңдейді. Бірақ бұл теңге бірден әлсірейді деген сөз емес. Мұнай бағасы, сыртқы сауда, елдегі іскерлік белсенділік, әлемдік нарықтағы жағдай секілді көп фактор бар. Сондықтан валюта нарығында үрейге еріп, шұғыл әрекет жасау дұрыс емес», дейді Т.Әбди.
Инфляцияның алдағы бағыты бірнеше факторға тәуелді. Ұлттық банк 2026 жылға арналған инфляция болжамын 9-11 пайызға дейін төмендетті. Бұған баға өсімінің күткеннен жылдам баяулауы, қосылған құн салығы өсімінің бағаға шектеулі әсер етуі, теңге бағамының нығаюы негіз болған. Реттеуші биыл инфляция бір таңбалы деңгейге түсуі мүмкін деп күтеді. 2027 жылы инфляция 5,5-7,5 пайызға дейін баяулауы ықтимал. Ал 2028 жылы 5 пайыздық мақсатқа жақындайды деген болжам бар. Бірақ мұның бәрі бірнеше шартқа байланысты. Сыртқы нарық тыныш болуы, инфляциялық күтім төмендеуі, бюджет шығыны тәртіпке келуі, квазимемлекеттік қолдаудың ауқымы шектен аспауы қажет.