💰 Экономика

Банкоматтар ақша қабылдамай жатыр

Қазақстанда биыл 9 мамырда айналымға енген 1000 теңгелік жаңа банкнота әлі күнге дейін кейбір құрылғыларда қабылданбай отыр. Бұл купюра Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы шығарылым болатын. Алайда отандастарымыз оның қолданыста қиындықтар туғызатынын айтып шағымданып жатыр, деп жазады Ozgeris.info.

Әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads платформасында, терминалдар жаңа купюраны қабылдамайтыны жиі жазылып жүр. Ақша есептегіш құрылғылар да банкнотаны «танымай» қояды. Тіпті кейбір кассирлердің өзі мұндай купюраны алғаш рет көргенін айтады.

Мәселе құрылғылардағы бағдарламалық жасақтамада. Терминалдар мен кассалық аппараттар тек жүйеге енгізілген үлгідегі ақшаны ғана «біледі». Арнайы шығарылған жаңа 1000 теңге сол тізімге уақтылы енгізілмегендіктен, құрылғылар оны қабылдай алмай отыр. Мұндай жағдай көбіне мерейтойлық немесе коллекциялық банкноталарда кездеседі.

Жаңа ақшада Алматыдағы Даңқ мемориалы бейнеленген. Сонымен қатар қорғаныш үшін мәңгілік оттың қозғалысы мен қалықтап ұшқан тырналар әсерін беретін микрооптикалық жолақ енгізілген.

Осылайша, жарты жыл бұрын айналымға шыққан жаңа банкнота әлі толық қолданысқа бейімделмей отыр. Сарапшылардың айтуынша, құрылғылардың бағдарламасы жаңартылғаннан кейін мәселе шешілуі тиіс.

Барлық жаңалық