💰 Экономика

Банкомат жанында нені ескеру керек?

Банкомат жанында нені ескеру керек?

Бүгінде банкоматтар мен өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Алайда технология дамыған сайын алаяқтардың да айла-тәсілдері күрделеніп барады. «Alatau City Bank» мамандары банкоматтан ақша алатын шақта нені ескеру керегін айтты, деп жазады Ozgeris.info.

Cала сарапшыларының сөзінше, құрылғыға картаңызды салмас бұрын, ең алдымен құрылғыны мұқият тексеріп алған жөн. Банкоматтың немесе терминалдың сыртқы корпусында зақым, сызат немесе іздердің жоқтығына көз жеткізіңіз. Пернетақтада артық жапсырмалар немесе күмәнді элементтер болмауға тиіс.  Жалпы, әуелі карта салатын ұяшықтың бос екеніне, оның ешбір бөгде затпен бітелмегеніне, ештеңе жабыстырылғанына көз жеткізу керек.  Экран мен пернетақта маңын мұқият шолып, жасырын камера немесе бөгде құрылғы орнатылмағанына назар аудару қажет. Сондай-ақ құрылғы жанында сіздің әрекетіңізді аңдып тұрған немесе орынсыз жақындап, күдік тудыратын адамдардың болмауы маңызды. Егер банкоматтың сыртқы келбеті немесе жағдайы сенімсіздік тудырса, тәуекелге бармай, басқа құрылғыны таңдаған дұрыс.

«ПИН-кодты енгізу кезінде барынша сақтық танытыңыз. Оны ешқашан ешкімге жария етпеңіз. Кодты терген сәтте пернетақтаны қолыңызбен қалқалап жабыңыз. Қасыңыздағы адамның тым жақын тұруына жол бермеңіз, қажет болса, код енгізуді кейінге қалдырыңыз. Ең бастысы, ПИН-кодты үшінші тұлғаларға, тіпті олар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырса да, мүлдем айтпаңыз. Өйткені банк қызметкерлерінің сізден құпия код сұрауға құқығы жоқ. Көп жағдайда алаяқтар «көмектескісі келетін» мейірімді жандар ретінде бой көрсетеді. Ал бөтен адамдардың операция жүргізуге «көмектесуіне» жол бермеу – өте маңызды қауіпсіздік шарасы», деп түсіндіреді банк мамандары.

Кейде банкоматтың бағдарламалық жүйесіне бұзып кіру әрекеттері жасалуы мүмкін. Мұны құрылғының жұмыс істеу мәнерінен аңғаруға болады. Мұндай кезде мұқият болып, белгілерге назар аударған абзал. Егер банкомат баяу жұмыс істесе немесе қатып қалса, экранда оғаш хабарламалар пайда болса, құрылғы картаны немесе ақшаны қайтармаса, сондай-ақ іштен әдеттен тыс сықыр немесе механикалық дыбыстар естілсе, бұл – қауіптің белгісі. Мұндай жағдайда операцияны дереу тоқтатып, банкпен байланысу қажет.

Өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы төлем жасағанда да қырағылық керек. Төлем жасамас бұрын реквизиттердің (төлем деректерінің) дұрыстығын тексеріңіз. Күмәнді экрандарда карта деректерін енгізбеңіз. Егер терминал қате көрсетіп тұрса немесе қайта жүктеліп (перезагрузка) жатса, оны пайдаланбаңыз. Банкоматты пайдаланғаннан кейін де сақтықты босаңсытуға болмайды.

 «Банкомат немесе терминал арқылы транзакция (қаржылық операция) жасағаннан кейін мобильді қосымшадағы операциялар тарихын жүйелі түрде қарап отырыңыз. Шоттағы барлық қозғалысты бақылау үшін push-хабарламаларды (ұялы телефонға келетін жедел хабарламалар) қосып қойыңыз. Егер шоттан күмәнді ақша алынғанын байқасаңыз, бұл туралы дереу банкке хабарлап, картаны бұғаттау қажет», деп түйіндеді банк өкілдері.

 

 

Барлық жаңалық