Банк ЦентрКредит (БЦК) тамыз айында мемлекеттен бұған дейін алған 30 миллиард теңге көлеміндегі көмекті қайтаратынын ресми түрде мәлімдеді. Бұл шешімді банктың директорлар кеңесі мақұлдап, 30 миллион субординирлік облигацияны мерзімінен бұрын сатып алу туралы шешім қабылдады, деп жазады Ozgeris.info.
Айта кетейік, аталған қаражат 2017-2020 жылдар аралығында отандық банктерге көрсетілген мемлекеттік қолдаудың бір бөлігі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселеге арнайы тоқталып, сол кезеңде қаржылық секторды тұрақтандыру үшін бюджет пен Ұлттық қордан ірі көлемде қаражат бөлінгенін еске салған болатын. Мемлекет банктерге 15 жыл мерзімге қолдау көрсеткен, алайда ендігі ретте бұл қаржының елге қайтарылуы маңызды екенін атап өтті.
БЦК – қайтарымды бастау алған алғашқы банктердің бірі. Бұған дейін осындай қолдауды Jusan Bank, Евразиялық банк, Нұрбанк, RBK және Халық банкі де алған.
Бұл жаңалық қоғамда қызу пікір тудырып отыр. Қаржы секторы сарапшылары бұл үрдісті қаржылық жүйенің тұрақтылығы мен банктердің жауапкершілік деңгейінің өскенінің белгісі ретінде бағалайды. Сонымен қатар мұндай қайтарымдар мемлекеттік қаржының тиімділігін арттырып, бюджетке қосымша ресурс ретінде оралуы мүмкін.
Экономистер алдағы уақытта басқа да банктердің өз міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындауына байланысты нақты кесте мен жоспар жариялануы мүмкін екенін айтады.