Енді банк картасына 500 мың теңгеден көп ақша салғанда жіберушінің ЖСН-сын көрсету міндетті болады. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.
Оның айтуынша, банкоматтар арқылы заңсыз ақша айналымы әлі де кездеседі. Көп жағдайда басқа адамдардың немесе номинал иелердің карталары пайдаланылады. Мұндай жасырын операциялардың алдын алу үшін жаңа ереже енгізіледі.
«Картаға 500 мың теңгеден асатын сома салынса, жіберушінің ЖСН-ы міндетті түрде жазылады. Бұрын тек алушының ЖСН-ы талап етілетін», деді Бижанов.
Сонымен қатар операцияны мобильді қосымша немесе SMS арқылы растау мүмкіндігі де қарастырылып жатыр.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап банктер банкоматтардағы бейнежазбаларды кемінде 180 күн сақтау керек болады. Бұл күдікті операцияларға қатысушыларды анықтауға мүмкіндік береді.
Тағы бір жаңалық – бет-әлпетті немесе саусақ ізін тану арқылы биометриялық сәйкестендіруді енгізу жоспарланып отыр.