✅ Пайдалы

Банк картасын бөтен адамға берсеңіз, 629 мың теңге айыппұл төлейсіз

16 қыркүйектен бастап өз атына рәсімделген банк картасы мен есепшотын басқа адамға берген азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Ozgeris.info. 

«2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап елімізде жаңа заң күшіне енеді. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген 232-1-бапқа сәйкес, өз атына рәсімделген банк картасы мен есепшотын үшінші тұлғаға берген азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылады», делінген ІІМ хабарламасында.

Полицияның мәліметінше, заңды бұзғандарға қатаң жаза қарастырылған. Мұндай әрекет үшін азаматтарға 160 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып, бұл шамамен 629 120 теңге, немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

«Болашағыңызды қауіпке тігіп, қылмысқа жол бермеңіз. Заңды сақтап, өзіңізді және отбасыңызды қорғаңыз. “Ақша оңай келеді” деген уәделердің артында алаяқтық тұрады. Дроппер – жай ғана құрал емес, ол қылмыскердің серігі», деп ескертті ІІМ өкілдері.

Алаяқтар көбіне дропперлерді пайдаланып, азаматтардың атына ашылған карталар арқылы қаржы жымқырады. Бұған дейін дропперлік үшін жаза қарастырылмаған еді. Алайда соңғы жылдары алаяқтарға алданғандардың саны күрт артқандықтан, парламент заңға өзгерістер енгізіп, жаңа нормаларды қабылдады.

Барлық жаңалық