📰 Сарапшылар пікірі

Байлар байып, кедейлер кедейленіп барады: Инфляция халықтың бар жиған-тергенін «жеп» жатыр

«Байлар байып, кедейлер кедейлене түседі». Мұндай болжамды халық жасап отыр, себебі ел азаматтары ертеңгі күніне сенуден қалды. Қымбатшылық қысып, инфляция шарықтап жатқанда сеніп отырған мұнайымыз таусылса, елімізге қандай жоспар керек? Жасанды интеллект экономикамызды өзгерте алады ма? Сарапшылар теңге бағамы мен экономикамыздың ертеңіне қандай болжам береді? Ozgeris.info тілшісі жалғастырады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында елдің басым бағыттарын атап өткен еді. Соның бірі - жасанды интелект жөніндегі министрлікті құру. Қазақстан жаңа министрлік арқылы экономикалық сұрақтарды пысықтап, жаңа өсім жолдарын қарастыра бастады. Еліміздің ертеңі мен халықтың қазіргі ахуалы көпшілікті алаңдатып отырғаны анық. Бұл ретте тәуелсіз сарапшы Андрей Чеботарев  елді қандай өзгерістер күтіп тұрғанына тоқталып өтті. 

Жасанды интеллект министрлігі құрылды. Сарапшының айтуынша, бұл мемлекеттің жаңа технологияларға айтарлықтай қызығушылығының белгісі, алайда ол экономиканы басқаруға қауқарлы емес. 

«Бүгінгі таңда біз жасанды интеллект дегенде негізінен үлкен тілдік модельдерді түсінеміз. Ол деректерді талдап, шешімдер ұсына алады. Алайда, жауапкершілік ала алмайды, әрі адамдардың эмоциясын сезе білмейді. Сондықтан оны экономиканы стратегиялық деңгейде басқаруға қолдану әзірше мүмкін емес, дегенмен ЖИ қазірдің өзінде рутиналық жұмыстарды шешуге қауқарлы», – дейді маман. 

Сарапшының пікірінше, жасанды интеллекттің қарқынды дамуынан бірқатар сала  айтарлықтай зардап шегуі мүмкін. Пайдасы да жоқ емес. 

«Ең зардап шегетіндердің қатарында жүргізушілер. Бәлкім, көлікті өздігінен басқарып, жүргізетін соңғы буын біз шығармыз. Мысалы, Сан-Францискода жүргізушісі жоқ көліктер қатты дамып кеткен. Ал 10–15 жылдан соң дамыған елдер толықтай автопилотқа көшуі мүмкін», – дейді ол.

Оның айтуынша, осындай өзгерістер салдарынан көліктер арзан әрі қолжетімді бола түседі. Электрокөліктер нарықты жаулап алған кезде, бүкіл сала қайта құрылуы мүмкін. 

Бензиннің шынайы бағасы

Жанармайдың бағасы күн тәртібіндегі ең ауыр тақырыптардың бірі. Бәріне белгілісі, ұзақ жылдар бойы бензин бағасы жасанды түрде бақыланып келді. 

«Қазіргі мұнай бағасымен бір литр бензиннің өзіндік құны шамамен 350–370 теңге. Айырмашылық мұнай өндіруші компаниялар мен МӨЗ есебінен жабылады. Бағаның көтерілуі сөзсіз. Біз толықтай нарықтық деңгейге жетпейміз, бірақ біртіндеп өсуі міндетті», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, арзан жанармай елдің жетістігі емес, өйткені ол саланың дамуын, жұмысшылардың жалақысын және жаңа зауыттардың салынуын тежейді.

Мұнай бюджеттің «бары» 

Еліміздің бюджеті тікелей немесе жанама түрде мұнайға тәуелді. Кіріс бөлігінің шамамен 60%-ға жуығы. Ал ол дегеніміз, дәрігерлердің, мұғалімдердің еңбекақысы, әлеуметтік міндеттемелер. 

«Мұнай кірісінен айырылу біз үшін ауыр соққы болады. Ұлттық қор бюджетті 2–3 жыл құтқара алады.  Кейбір экономистер мұнай ақшасының  жоғалуы экономиканы әртараптандыруға мәжбүр етеді деп есептейді», – дейді сарапшы.

Сарапшы Норвегияны мысалыға келтірді. Онда зейнетақы және ұлттық қорлар біріктірілген, ал ел ішіндегі инвестициялар қатаң шектелген, яғни, 5 пайыздан аспайды. Қазақстан әлі күнге дейін зейнетақы қаражатын өз компанияларына салады, салдарынан қорымыз ішкі дағдарыстарға тап болады. 

Жаңа өсу жолдары: өңдеу, сирек жерлер, ІТ

Қазақстан АҚШ-қа ұн, Қытайға ет экспорттай бастады. Сарапшының пікірінше, шикізатты өңдеу астық немесе кенді шикі күйінде экспорттағаннан әлдеқайда көп қосымша құн береді.

«Еліміз сирек жер элементтері мен уранға бай, бірақ әзірге тек жартылай фабрикаттар сатылуда. Біз соңғы өнім шығаруға қарай қадам жасай алатын әлеуметіміз бар», – дейді сарапшы.

Даму жолының тағы бір мүмкіндігі – логистика. Мысалы арзан жұмыс күші мен Қытайға жақын орналасуымыз Қазақстан үшін перспективалар ашады. Ал теңізге тікелей шыға алмау өсуге кедергі келтіреді.

ІТ-сектор мүлде бөлек әңгіме. 

«2000-жылдардың басында Қазақстан мұнайға әуестеніп, ІТ толқынын өткізіп алды. Десе де, қазір қуып жетуге мүмкіндігіміз бар. Жастар шетел тілін біледі, тез үйрене алады. Бізде ірі аутсорс-хаб та, жергілікті «единорог» та пайда болуы ықтимал», - дейді маман. 

«Made in Kazakhstan» жобасы 

Қазір еліміздің экспортының алғашқы бестігін негізінен металдар құрайды, ал астық басты рөл атқармайды. Сондықтан, сарапшының ойынша, «Made in Kazakhstan» жобасы табыс көзіне айналуы үшін бәсекеге қабілетті бір салаға  шоғырлануы дұрыс. 

«Мысалы, ел ішінде көлік құрастырғанан гөрі, Hyundai-ға арналған бір бөлшекті жасап, оны бүкіл әлемге жеткізген дұрыс», – дейді сарапшы.

Инфляция, несие және саналы тұтыну

Сарапшы инфляция мәселесіне жіті тоқалды. Айтуынша, инфляцияның шарықтағаны сонша, халықтың бар жиған-тергенін «жеп» жатыр. Елде долларды тұтыну деңгейі төмен, адамдар ақшасын теңгеде сақтайды, сондықтан бағаның өсуі Түркия елінен де ауыр тиеді.  

«Инфляцияны тежеп тұруға боладтын еді, алайда, ешкім тұтынуды азайтқысы келмейді. Біз табысымызды несиемен жауып,  әрі қарай жұмсай беруді таңдаймыз», – дейді сарапшы. 

Осыдан саналы тұтыну мәдениеті қалыптасады. Тым қатты үнемдеу емес, артық заттардан бас тартып, ойлана келе дұрыс таңдау жасау. 

«Әйтпесе, қарызға белшеден бату ол бүкіл әлемде бар нәрсе. Несие ол ең алдымен құрал, егер оны жұмыс бастауға, дамуға алсақ, ол ақталады. Ал «мақтаныш» үшін алу, әрине, ақымақтық. Бағасы бір жарым миллион тұратын iPhone сияқты», – дейді маман. 

Сарапшының пікірінше, Қазақстан «әлеуметтік масыл» еліне өз қалауымен айналып барады. Билік халықты әрдайым алақанын жаятын жағдайға өзі жеткізіп, етін үйретіп қойды.

«Мысалы, 2008 жылғы дағдарыстан кейін валюталық кредиттерді ескі бағаммен қайта есептеген жалғыз Қазақстан ғана, мұны көрші елдердің ешқайсысы жасамады. Ауыл шаруашылығындағы субсидиялардың да шамамен жартысы жалған шаруашылықтарға кеткенін АШМ деректері көрсетті», - дейді сарапшы.

Сондықтан, мемлекеттің көмегі нақтылы болуы керек. Ал цифрландыру мен ЖИ алаяқтардың жолын кесетін қорғаныш құралына айналуы тиіс. 

Сарапшының болжамына қатысты халықтың ойы екіге бөлінді. 

«Не айтатыны бар, байлар байыған үстіне байып, кедейлер кедейлене береді».

«Адамдар неге тамағынан жыруы керек? Бар қорлықты көретін билік емес, халық болды. Енді шенеуніктердің табысын үнемдейтін уақыт келген шығар? 

«Сарапшы байлардың атынан сөйлеп отыр, шындығында халықтың көпшілік бөлігінде артық киім не зат алатын жағдайы жоқ, ауылды аймақтарда күндерін әрең сүріп жүр. Халықты қыса бергенше, билік пен шенеуніктерді қолға алсын».

«Еліміздің әрі қарай дамуы үшін мемлекеттің әлеуметтік жүктемелерін азайтқан дұрыс деп ойлаймын. Нарық өзін-өзі реттеуі керек».

«Жасанды интеллект дегеніміз ақылы тасып бара жатқан құрал емес, адамдардың ойлап тапқанын жинаған қоқыс жәшігі».

«Халық мемлекеттің мойнына асылды дегені қалай? Бүкіл қоғамды асырап отыр ма Қазақстан? Олай болса, адамдардан құтылғандары дұрыс болады».

«Осы біздің шенеуніктер аспаннан салбырап түскендей, халықтың шынайы халінен хабарсыз».

Барлық жаңалық