Жаңалықтар

Ақтауда диареямен ауруханаға түскен бүлдіршіннің екі бүйрегі істен шықты

Ақтауда диареямен ауруханаға түскен бүлдіршіннің екі бүйрегі істен шықты

Ақтаулық қыздың ата-анасы бала жұқпалы аурулар ауруханасына "диарея" диагнозымен түскенін айтты. Алайда бірнеше күннен кейін оның жағдайы күрт нашарлап, бүйрегі істен шығып, жансақтау бөліміне ауыр халде жеткізілген. Бұл туралы ozgeris.info сайты Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Қыздың туыстарының айтуынша, бала 22 маусым күні "диарея" диагнозымен жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылған.

“Бастапқыда қыздың жағдайы алаңдаушылық туғызбаған. Алайда 28 маусым күні ол шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне ауыстырылған. Бүлдіршіннің екі бүйрегі де істен шыққан”, – дейді баланың әкесі мен әжесі.

Отбасы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасында жүріп, видеоүндеу жариялады. Туыстары емдеу барысында балаға нақты диагноз дер кезінде қойылмағанын, ал тағайындалған ем ауыр асқынулардың алдын ала алмағанын айтып отыр.

Ата-анасының сөзінше, қазір олар үшін бастысы кінәлілерді іздеу емес, қыздарының өмірін аман алып қалу.

"Қазір бізге кінәлілерді іздеуден бұрын қызымыздың өмірін сақтап қалу маңызды. Кейін міндетті түрде диагноздың неге дер кезінде қойылмағанын, неге күшті әсер ететін дәрілер тағайындалғанын және баланың жағдайы не себепті бүйрек жеткіліксіздігіне дейін ушыққанын анықтау қажет. Қазір ең маңыздысы – оның жағдайын тұрақтандырып, өмірін сақтап қалу", – деді туыстары.

Ал Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала ауруханаға энтероколиттің клиникалық белгілерімен түскен. Ауруханаға жатқызылған сәттен бастап оған Денсаулық сақтау министрлігінің қолданыстағы клиникалық хаттамаларына сәйкес ем жүргізілген.

Ведомствоның хабарлауынша, науқастың жағдайын күн сайын дәрігер мен кезекші медицина қызметкерлері бақылауда ұстаған. Алтыншы тәулікте баланың жағдайының нашарлап, ісіну белгілері анықталған. Осыдан кейін анестезиолог-реаниматологтың кеңесімен қыз бала анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылған.

Жүргізілген тексеру нәтижесінде балаға "гемолитикалық-уремиялық синдром" диагнозы қойылған.

"Гемолитикалық-уремиялық синдром – жедел ішек инфекцияларының бірқатарынан кейін дамитын ауыр асқыну. Әдетте, ол ауру басталғаннан бірнеше күн өткен соң пайда болады. Аурудың бастапқы кезеңінде бұл синдромға тән клиникалық және зертханалық белгілер болмауы мүмкін, сондықтан бұған дейін мұндай диагноз қоюға объективті негіз болған жоқ. Баланың жағдайы нашарлағаннан кейін қосымша тексерулер жүргізіліп, мамандандырылған ем басталды. Сондай-ақ республикалық ғылыми орталықтың мамандарымен телемедициналық кеңес ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша емдеу тактикасына түзетулер енгізілді", – деп түсіндірді денсаулық сақтау басқармасы.

Қазір бала дәрігерлердің тұрақты бақылауында, мамандандырылған медициналық көмек алып жатыр.

Барлық жаңалық