Биыл "Қазақмыс" корпорациясында Қауіпсіздік жылы деп жарияланды. Осыған орай өндірістегі басты назар еңбек қорғау мен тау-кен жұмыстарын жоғары сапада ұйымдастыруға ауып отыр. Жақында Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бакиров жауапты мамандармен бірге Жомарт кенішінің шахтасына арнайы түсіп, жұмыс барысын өз көзімен көріп қайтты деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Жер астындағы тексеріс кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуы қатаң қадағаланды. Басшылық кенжарлардағы қорғаныс шараларын, шахтаның желдету жүйесін және газталдағыштардың жұмыс істеу процесін жіті бақылады. Анықталған кемшіліктер бойынша сол жерде нақты тапсырмалар беріліп, қауіпсіздік ережелерін бұлжытпай орындау міндеттелді.
Кеніштегі ең маңызды жаңалықтың бірі – желдету жүйесін жаңғырту. Қазіргі таңда арнайы ұңғыманы бұрғылау толық аяқталып, оны іске қосу шаралары жүргізіліп жатыр. Жер бетіне қуатты желдеткіш қондырғылар орнатылған. Бұл ауқымды жоба алдағы уақытта 600 метр тереңдікке дейін таза ауа жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кеніш аумағында қосымша желдету ұңғымаларын қазу жұмыстары тоқтаусыз жалғасуда.
Жұмыс сапары аясында өндірістегі күрделі мәселелерді шешудің тиімді жолдары қарастырылды. Геомеханика мамандарының қатысуымен болашағы зор жаңа жобалар талқыланды. Сондай-ақ Шахтапроходкалау тресінің қызметкерлері мен кеніш басшылығы бірлесе отырып, алдағы уақытта жер астындағы жаңа кен қорларын ашу жоспарын жан-жақты пысықтады.