Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық қарым-қатынас кейінгі жылдары тіптен байланып, қабысып бара жатқандай. Бұл байланыс кейде салқын статистика болып көрінгенімен, шын мәнінде күнделікті өмірге тікелей әсер ететін, тіпті еліміздің ішкі тұрақтылығы мен болашағына ықпал ететін үлкен жүйе ме деп те қаласың. Үрей де билейді, деп жазады Ozgeris.info.
Осы түйіткілді тақырыпты экономист Айбар Олжаев қарапайым тілмен түсіндіріп берді.
«Мен картаға жиі қараймын. Сол картаға қарағанда көп нәрсе айқындалады. Біз Ресейден қашып кете алмаймыз, оған таңдау жасай алмаймыз. Есігімізді жауып қойып отыру да ақымақтық. Құдай берген көрші деген осындай жағдайға айтылады. Біз Ресей мен Қытайды өзіміздің қасымызға қойған жоқпыз. Құдай солай қылып қойғаннан кейін осы елдермен бірге өмір сүруге міндеттіміз. Ең дұрысы – сол міндетті өз пайдамызға жарата білу. Қазақстан қазір дәл осы бағытта дұрыс қадам жасап отыр», дейді ол.
Осындай ойдың астарын түсіну үшін кейінгі жылдардың нақты оқиғаларына қарап көрелік. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге мемлекеттік сапар жасап, онда Владимир Путинмен кездесті. Тоқаев сол жиында «Сауда экономикалық және инвестициялық ықпалдастық жыл сайын нығайып келеді» деді.

Бұл сөздер нақты деректермен дәлелденеді. Екі елдің арасындағы тауар айналымы 28 миллиард долларға жетті. Кейінгі бес жылдың динамикасына қарасақ, өсімнің бірізді екенін көреміз. 2021 жылы сауда айналымы 25,6 миллиард доллар болды. 2022 жылы бұл көрсеткіш 26,1 миллиард долларға көтерілді. 2023 жылы шамамен 27 миллиард долларға жетті. 2024 жылы 28 миллиард долларды еңсерді. Ал 2025 жылдың алғашқы 8 айында тауар айналымы 17 миллиард доллар болып отыр. Экономист Айбар Олжаев бұл жағдайдың табиғи екенін айтады.
«Қазақстан мен Ресейдің экономикалық байланысын жай ғана сандардың өсуі деп қарауға болмайды. Бұл біз өмір сүріп отырған географиялық кеңістіктің заңдылығы. Оны өзгерте алмаймыз. Ең маңыздысы соның ішінде өз мүддемізді қорғап, әр қадамнан пайда шығара білу. Ресей бізге үлкен нарық, үлкен логистика, үлкен инвестиция болып тұр. Сондықтан осы мүмкіндікті түсініп, оны дұрыс пайдалану қажет. Экспорт құрылымына қарасақ, 2022 жылы Қазақстаннан Ресейге 8,8 миллиард доллар көлемінде тауар жөнелтілді. Бұл 2021 жылға қарағанда 60 процент жоғары. Негізгі экспорт тауарлары уран, металл өнімдері, минералдық шикізат. Мысалы, 2022 жылы Ресейге сатылған уран көлемі 958,5 миллион доллар болды. Құрамында бағалы металл бар концентраттар 339,1 миллион доллар құрады. Алюминий оксиді мен гидроксиді 337 миллион долларға жетті. Бұған қоса соңғы жылдары Қазақстан арқылы өтетін реэкспорт та күшейді. Қытайда өндірілген компьютер, тұрмыстық техника, көлік құралдары Қазақстан арқылы Ресейге өтетін жаңа тауарлар тізіміне енді», дейді.
Импортқа келсек, 2022 жылы Ресейден Қазақстанға 17,3 миллиард долларлық өнім келді. 2023 жылы бұл көлем біршама азайып 10,4 пайызға түсті. Импорттың қысқаруына санкциялар, төлем жасаудағы қиындықтар және Ресейдің ішкі нарығының өзгеруі әсер етті.

Инвестиция мәселесіне назар аударсақ, Ресей Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың бірі болып отыр. 2024 жылы ресейлік тікелей инвестициялар көлемі 4 миллиард долларға жетті. 2023 жылы бұл көрсеткіш 3 миллиард болған еді. Салыстыру үшін 2021 жылы Ресейден келген инвестиция 1,9 миллиард, 2022 жылы 1,5 миллиард болған. Геосаяси өзгерістер осы бағытты күрт жандандырды. Қазір Қазақстанда ресейлік капиталы бар 20 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.
«Санкциялар әсерінен немесе саяси жағдайға байланысты Ресейден бізге қарай ағылған бизнес өте көп. Соның ішінде жақсысы да бар, тәуекелі де бар. Бірақ экономика үшін бастысы нарықтың толуы, жаңа қаржының келуі, жұмыстың жүруі. Ресей кәсіпорындарының келуі Қазақстанға жаңа жобалар, жаңа өндіріс, жаңа қызмет түрлерін алып келді. Бұл бізге пайда. Ірі өнеркәсіптік жобалар да ынтымақтастықтың маңызды бөлігі. Құны 48.2 миллиард доллар болатын 171 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның 105 жобасы толық іске қосылды. 40 жоба жұмыс үстінде. 31 жоба дайындық кезеңінде. Бұл жобалар 44 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірлескен жобалардың ішіндегі ең ірі бағыттардың бірі мұнай және энергетика саласы. Каспий мұнай консорциумы Қазақстан экономикасының ең маңызды инфрақұрылымының бірі. Сол арқылы еліміздің мұнайының 80 проценті Новороссийск портына жеткізіледі. Бұдан бөлек Ресей өзінің мұнайын Қазақстан арқылы Қытай бағытына жеткізуді көбейтуді жоспарлап отыр. Қазір бұл көлем жылына 7 миллион тонна болса, оны 10 миллион тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр», деп түсіндіреді А. Олжаев.
Өндірістік салада да серіктестік белсенді. Қостанайдағы КАМАЗ бөлшектерін шығаратын зауыт, Сараньдағы «Татнефть» автошина фабрикасы және тыңайтқыш химия саласындағы жаңа өндірістер Қазақстанның өнеркәсіптік қуатын арттырып жатыр.

«Бірлескен жобалар дегеніміз сырттан келген дайын өнім емес. Бұл біздің елдің ішінде шығарылып жатқан жаңа тауар. Бұл экономикаға ең пайдалы нәрсе. Себебі ақша елдің ішінде қалады. Жұмыс орны көбейеді. Технология келеді. Қазақстан осы бағытта дұрыс таңдау жасап отыр. Көлік және логистика тақырыбы да ерекше. Қазақстан Ресеймен бірге Солтүстік Оңтүстік және Шығыс Батыс бағытындағы халықаралық дәліздерді дамытып жатыр. Сонымен қатар Транскаспий бағытындағы балама жолдар Қазақстанның жүк тасымалын әртараптандыруға мүмкіндік беруде. Ғарыш саласындағы серіктестікті Байқоңыр жалғастырып тұр. Ресей бұл кешенді 2050 жылға дейін жалға алады. Ал Байтерек жобасы жаңа кезеңге өтті. Алғашқы зымыранды құрастыру жұмыстары басталды. Жобаның құны шамамен 1,5 миллиард доллар» дейді экономист.
Осындай кең ауқымды байланыстарды саралай келгенде Қазақстанның басты ұстанымы айқын көрінеді. Ел ешкіммен ұрсыспай, бәрімен ашық сөйлесіп, өзіне тиімді бағыттармен жүріп келеді. Айбар Олжаевтың сөзімен айтсақ:
«Дамудың ең дұрыс жолы тыныш жұмыс істеу. Ешкімге сүрінбей, бірақ өз бағытыңнан таймай ілгері жылжу. Қазақстан дәл осыны жасап жатыр. Ең бастысы пайда мен тәуекелді таразылап, дұрыс шешім қабылдай білу».