2026 жылғы 1 ақпандағы мәлімет бойынша, жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар саны 127,1 мың адамды құрады. Оның ішінде 25,6 мың азаматқа төлем биыл алғаш рет тағайындалған. Жалпы төленген қаражат көлемі 11,9 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Жәрдемақы 1 айдан 6 айға дейін төленеді және мөлшері азаматтың соңғы екі жылдағы табысы мен еңбек өтіліне қарай бұрынғы кірісінің 45%-ына дейін жетеді.
Төлемді рәсімдеу үшін eGov.kz порталы арқылы онлайн өтініш беру қажет. Өтініш берушімен бір тәулік ішінде байланысқа шығып, үш жұмыс күні ішінде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Қызмет enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы да қолжетімді.
Әлеуметтік төлемді тағайындау туралы шешім азаматтың қызметті алуға келісімін SMS-хабарламаны растау арқылы білдіруі негізінде автоматты түрде қабылданады.