Қоғам

1 шілдеден бастап шоттар тексеріледі

Биылғы 1 шілдеден бастап Қазақстандағы барлық екінші деңгейлі банктер, шетелдік банктердің филиалдары, Қазақстанның Даму банкі және Қазпошта жеке тұлғалар мен резидент емес азаматтардың шоттары туралы Ұлттық банкке мәлімет беруге міндетті болады. Бұл туралы Ұлттық банкінің қаулысында нақты көрсетілген, деп жазады Ozgeris.info.

Жаңа талап бойынша тек депозиттер ғана емес, азаматтардың барлық банктік шоттары бақылауға алынады. Атап айтқанда, ағымдағы шоттар, мерзімді және жинақ салымдары, жеке кәсіпкерлердің есепшоттары, инвестициялық және шартты салымдар, ұлттық және шетел валютасындағы барлық шоттар есепке енгізіледі. Тіпті шоттағы қалдық нөл болған жағдайда да есеп тапсырылады.

Есеп беру ережесіне сәйкес, мәліметтер келесі жағдайларда ұсынылады: шот ашылған кезде, клиенттің жеке деректері өзгергенде немесе жаңа келісімшарт жасалғанда. Бұл ақпарат банк тарапынан 10 жұмыс күні ішінде Ұлттық банкке жолдануы тиіс.

Ұсынылатын мәліметтер кешені кең көлемді ақпаратты қамтиды. Оған шот иесі туралы деректер (жеке тұлға, заңды тұлға, жеке кәсіпкер немесе халықаралық ұйым), банк шоты бойынша келісімшарт деректері, техникалық ақпарат (валюта түрі, пайыздық мөлшерлеме, қалдықтар) және есептік айдағы барлық операциялар туралы мәліметтер (түскен қаражат, алынған сома, пайыздар, бұғаттаулар) кіреді. Сондай-ақ, келісімшарттағы кез келген өзгерістер, қосымша келісімдер мен тоқтатулар да тіркелуі қажет.

Жеке деректердің құпиялығын сақтау мақсатында есептілікте ЖСН көрсетілмейді. Оның орнына әр банк өз алгоритмімен шифрланған ДИН – деперсонализацияланған идентификациялық нөмірді қолданады. Бұл нөмір клиенттің ЖСН-ін ашық түрде қамтымауы, бірегей болуы және бір банк ішінде тұрақты болуы тиіс. Ал егер шот иесінде ЖСН немесе БСН болмаса, есепте АИН – альтернативті идентификациялық нөмір пайдаланылады.

Егер есепте қате кетсе, оны түзетуге де мүмкіндік бар. Яғни, банктер 2025 жылдың соңына дейін, бірақ есеп тапсырылғаннан кейінгі бір айдан кешіктірмей, Ұлттық банкке арнайы хабарлама арқылы түзету енгізе алады.

Барлық жаңалық