Буллингтің қоғамға төндірер қаупі қандай?

Буллинг —  басқа адамға үстемдік ету мақсатында агрессивті мінез-құлық көрсету. Бұл әрекет бір рет қана болып қоймайды, ол араға жиі уақыт сала отырып, қайталана беретін әрекет. Басқаларды қорлайтын адамдарды бірнеше себептермен әлімжеттік көрсетуші немесе буллер деп атауға болады.

ЮНЕСКО-ның есебінде бүкіл әлемдегі мектептерде оқушылардың 32% — ы қорланады делінген. Біздің елде де қорлау жиі кездеседі. Қазіргі күні бүкіл әлемде қорлау үлкен мәселеге айналып отыр. Физикалық әлімжеттік көрсету ұлдар арасында, ал психологиялық әлімжеттік көрсету қыздар арасында кең таралғаны атап өтілді.

Буллинг бұл тек біреуді ұрып-соғу немесе олардың заттарын рұқсатсыз алу сияқты физикалық зорлық-зомбылық көрсету ғана емес. Буллинг сөзбен де айтылуы мүмкін екенін айта кеткен жөн. Яғни, ол жағымсыз сөздер айту немесе жазу. Буллинг кез-келген жерде болуы мүмкін. Мысалы, мектепте, қоғамдық көлікте, жолда, тіпті, қазіргі кезде ғаламторда да жиі болып жатады. Әсіресе, әлеуметтік желілердегі буллингті айтсақ болады.

Буллинг бұл бір сөзбен айтқанда, адамды қорлау. Буллинг қазіргі күні әсіресе балалар үшін маңызды мәселе болуда. Жәбір көрген балалар үлкен ықтималдылықпен жиі күйзеліске түседі. Олар мектепке барудан қорқып немесе оған деген қызығушылықты жоғалтады. Кейде олар қайғылы нәтижелерге әкелуі мүмкін әрекеттерге барады. Мысалы, ол суицид болуы мүмкін.

Ал басқаларды қорлайтын балалар мектепті тастап кетіп, есірткі мен алкогольмен мәселелері болуы және заңды бұзуы әбден мүмкін.

2018 жылы ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы (ҚР ДСМ ҚДСҰО) ғалымдарының зерттеу тобы «мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы» «Health behaviour in school-aged children» (HBSC) қазақстандық оқушылар арасында Жасөспірімдер арасындағы денсаулық пен әл-ауқат көрсеткіштерін зерттеу үшін сауалнама жүргізді. Айтпақшы, мұндай көрсеткіштерді зерттеу тобы әр 4 жыл сайын жинап, зерттейді.

Мысалы,  11-15 жастағы жасөспірімдердің 17% -ы мектепте айына бір немесе одан да көп рет қорланады. Ауылдық балалармен салыстырғанда қалалық оқушылар көбінесе қорлаудың құрбаны болады. Ұлдар мен қыздар арасында қорлау әрекеттерінің таралуы 15 жасқа қарай біршама төмендейді. 11-15 жастағы жасөспірімдердің 20%-ы айына бір немесе одан да көп рет мектепте басқа адамдарды қорлауға қатысқан. Бұл мінез-құлықтың таралуы 11 және 13 жастағы ұлдар арасында ең жоғары.

Мамандар не дейді?

Осы орайда Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Құмөзек ауылының Ы.Алтынсарин атындағы орта-мектебінің педагог-психологы Жұлдыз Имамбердиева мектептегі буллингтің дұрыс емес және оған көзқарасы теріс екендігін айтты.

— Буллинг пен кибербулллингке байланысты біз психолог мамандар мектепте балалардан сауалнамалар алып, арнайы тренингтік жұмыстар жүргізіп тұрамыз. Ауылдағы мектеп шағын жинақталған мектеп болғаннан кейін, ондай жағдайлар көп орын ала бермейді. Біз буллингке байланысты арнайы шараларды жиі өткізіп тұрамыз. Жақында кибербуллингке байланысты 8-11 сыныптар аралығындағы 46 балаға тренинг өткізіліп, сауалнамалар алынған болатын. Тренингте кибербуллинг қайдан шығатыны туралы, және оның салдары, сонымен қатар кибербуллингке тап болған балалардың жағдайлары сияқты т.б мәселелер қозғалған болатын. Егер бала кибербуллингке  тап болған жағдайда, біз балаға оның жеке мәліметтерін ешкімге айтпауына немесе бермеуіне, әлеуметтік  желілердегі  құпиялық баптаулары туралы және кілтсөзді біліп жүруіне кеңес береміз. Сонымен қатар естеріңде болсын деп, ғаламторда бірнәрсені жарияламас бұрын немесе бөліспес бұрын екі қайтара ойлануына және ол ертеңгі күні ғаламторда мәңгілікке қалып, кейін сендерге зиян келтірмеу үшін ғаламторды дұрыс қолдана біліңдер деп ұсыныстар мен кеңестер беріп отырамыз. Және де осындай әрекеттер болған жағдайда, біз оның салдарын балаларға айтамыз. Яғни, ҚР-ның құқық бұзушылық туралы 130-шы бабы, ҚР-ның тіл тигізу туралы 131-ші бабы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығы туралы да айтамыз, дейді ол.

Психолог мамандардың пікірінше қорлауға қызғаныш, кек алу, ұжымда өзін-өзі растау, назарда болуға ұмтылу, оны қорлауға тырысқан қарсыласқа қарсы тұру ниеті түрткі болуы мүмкін.

Жәбір көргендердің өзін-өзі бағалауы төмен болып, өзіне деген сенімі де азая түседі және бұл жиі депрессияда болуына әкелуі мүмкін. Кейбір жәбірленушілер мектептегі қорлау нәтижесінде физикалық және эмоционалды стрессті сезінеді. Онымен қоса, сабақ үлгерімдері де нашарлап және қоршаған ортадағы адамдармен тіл табысуы қиындай түседі. Тіпті, кейін олар өз ойларымен, эмоцияларымен де бөлісе алмай қалуы мүмкін екен.

Өкінішке қарай, кейбір балалар аптасына бірнеше рет болатын созылмалы қорлаудың құрбаны болады деседі . Бұл бастауыш сыныптарда жиі кездеседі және бұл сабақты өткізіп жіберуге әкелуі мүмкін. Оларға ұзақ уақыт бойы зиян келтірмеу үшін созылмалы буллинг жағдайларына мектептердің араласып, оны шешуі өте маңызды дейді.

Буллингтің алдын алу үшін не істеу керек?

Кез келген құбылыстың салдарымен күресуден гөрі, оның алдын алған жақсырақ. Мектептегі буллинг — бұл қиын мәселе, бірақ егер оны мектеп және мектептегі мұғалімдер, ата-аналар алдын алуға арналған шараларды қолға алса , оны тоқтатуға болады. Мектептегі буллинг жағдайында ата-аналар мен мұғалімдер маңызды рөл атқара алады. Олар балалардың мінез-құлқының өзгеруі, өзін-өзі бағалаудың төмен деңгейінде болуы сияқты ерте белгілерін байқауға тырысуы керек.

Мектептерде буллингке қатысты ережелер мен рәсімдер енгізілуі керек. Оқу бағдарламасының әр бөлігіне буллингті қосу да үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін. Мысалы, әдебиет және өзін-өзі тану пәндерінің мұғалімдері оқушылардың басқаларға деген жанашырлығын тудыратын қажетті романдарды, баяндамаларды тауып, соны балаларға оқып, айтып отырғаны дұрыс.

Ата-ана баласымен буллинг туралы жиі сөйлесіп тұруы қажет, егер ол немесе мектептегі басқа балалар буллингтің құрбаны болса, қалай әрекет ету керектігін түсіндіруі керек. Баланың өзі буллерге айналмауы үшін басқа адамдардың шекараларын құрметтеуді үйретуі өте маңызды.

Бірақ егер баланы сыныптастары үнемі қорлап жатса, оны мектепті немесе оқу формасын өзгерту арқылы қорғау керек.

Егер буллингтің куәсі болсаңыз…

Буллинг — бұл әлеуметтік мәселе және ол қоғамнан, былайша айтқанда, әрбір адамның шешімін талап етеді. Егер сіз біреудің басқа біреуді қатыгездікпен қорлап жатқанын көріп қалсаңыз, орныңыздан тұрыңыз! Күліп және болып жатқан жағдайды елемей қалмаңыз. Бұл жағдайды үлкен адамдарға мүмкіндігінше тезірек хабарлауға тырысыңыз және әлімжеттік көрсету бұл жақсы емес екеніндігін барлығына түсінуіне көмектесіңіз.

Ата-аналар балаларына ешкімді қорлаумау керек екендігін және бұл дұрыс емес екенін үнемі айтып отыруға міндетті. Демек, егер біз қоғам ретінде өсіп, дамуымыз керек болса, қорлауға қарсы тұру үшін, бірлесіп жұмыс жасауымыз керек және балаларымыздың өзін қауіпсіз сезінуін қамтамасыз етуіміз керек.

 

Ұлбосын ТЫНЫШБАЙ.