💰 Экономика

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды

2025 жылғы 5 маусымда Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялады. Комитеттің шешімімен негізгі көрсеткіш 16,5% деңгейінде қалды. Бұл мөлшерлеме бұрынғы мәнін сақтап қалды, ал оған қатысты келесі шешім 11 шілде күні жарияланбақ, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Базалық мөлшерлеме деген не?

Базалық мөлшерлеме – Ұлттық банктің экономиканы реттеудегі басты қаржы құралы. Ол бойынша Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге қысқа мерзімді қарыз береді немесе олардан депозитке ақша қабылдайды. Бұл көрсеткіш еліміздегі несиелер мен депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерге тікелей әсер етеді.

Қарапайым тілмен айтқанда, базалық мөлшерлеме – бүкіл қаржы нарығы үшін нұсқаушы бағдар. Оның жоғары немесе төмен болуы инфляцияның деңгейіне, азаматтар мен бизнеске берілетін несие құнына, депозиттің табыстылығына және ұлттық валютаның тұрақтылығына ықпал етеді.

Ал неге өзгеріссіз қалды?

Ұлттық банк мөлшерлемені сол күйінде қалдыру арқылы инфляцияны бақылауда ұстауды, ұлттық валютаның тұрақтылығын сақтауды және экономикалық тепе-теңдікті сақтауды көздеп отыр. Бұл шешім макроэкономикалық көрсеткіштерге, нарықтағы инфляциялық қысымға және сыртқы экономикалық жағдайларға негізделген.

Базалық мөлшерлеме қалай әсер етеді?

Мөлшерлеме көтерілсе, несиелер қымбаттап, депозиттер тиімді бола түседі. Бұл азаматтар мен компанияларды ақшаны жұмсаудан бұрын үнемдеуге итермелейді. Сәйкесінше, сұраныс азайып, инфляция төмендеуі мүмкін.

Базалық мөлшерлеме жоғары болғанда  теңгеге деген сенім артады, шетел валютасына сұраныс азаяды. Бұл теңгенің нығаюына көмектеседі.

Ал мөлшерлеме төмендесе, қысқа мерзімде теңге әлсіреуі мүмкін, өйткені ақша «арзандайды», ал шетелдік инвесторлар қызығушылықты жоғалтады. Дегенмен орта және ұзақ мерзімде инфляция төмендеп, өндіріс көлемі артса, теңге қайта нығаюы мүмкін.

Неге бұл қарапайым азамат үшін маңызды?

Өйткені базалық мөлшерлеме сіздің банкке алған несиеңіз бен депозитке салған ақшаңыздың табысына тікелей әсер етеді. Егер мөлшерлеме жоғары болса, ипотека немесе тұтынушылық несие алу қымбаттайды. Депозит ашу тиімдірек болады. Керісінше, мөлшерлеме төмендесе, несие арзандайды, бірақ депозит бойынша пайда азаяды.

 Айтпақшы, келесі шешім: 2025 жылғы 11 шілде, сағат 12:00-де.

Барлық жаңалық