Байзақ аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары қылмысты жасыру фактісі бойынша ұсталды

Фото: ckp.in.ua

Әлеуметтік желілерде Байзақ аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары қылмысты топ болып жасыру ісі бойынша екі айға қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады.

«Ол екі айға қамауға алынды. Айыптау бойынша, күдікті топ болып алдын ала келісім арқылы қылмысты жасырған. Алайда процесс барысында қамауда ұстауға негіз болмағандықтан, бұлтартпау шарасын өзгерту туралы салмақты дәлелдер ұсынылды. Себебі күдіктінің тұрақты тұрғылықты жері, отбасы, кәмелетке толмаған балалары бар және қылмыстық ортаға қатысы жоқ. Тергеу он ай бойы жүргізіліп, барлық айғақтар жиналды, куәгерлерден жауап алынды. Күдікті тергеуге кедергі келтірмеген, шақыртуларға уақытылы келген. Сондықтан оның дәлелдерді жою немесе куәгерлерге қысым көрсету қаупі жоқ», – деп жазды адвокат Әлия Жаманбаева әлеуметтік желіде.

Ол сондай-ақ қорғауындағы азаматтың материалдық пайда көрмегенін және қылмыскерлермен таныс болмағанын атап өтті. Оның пікірінше, соттар бұлтартпау шарасын таңдауда айыптаушы тараптың жетегінде кетіп отыр.

Прокуратураның мәлімдемесі

Бұл оқиғаға қатысты прокурорлар да пікір білдірді.

«Жамбыл облысының прокуратурасы Байзақ аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасарына қатысты ҚР ҚК 433-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады. Ол ауыр қылмысты әдейі жасырды деген күдікке ілінді. Қылмысты жасыру дерегі құқық бұзушылық туралы арызды бірыңғай сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркемеу арқылы жасалған. Аталған арыз аудан аумағында жасалған 10 700 000 теңге ұрлығына қатысты. Жиналған дәлелдер негізінде оның әрекеті ҚР ҚК 433-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша (топ болып алдын ала сөз байласу арқылы ауыр қылмысты жасыру) сараланды. Күдікті ҚПК-нің 128-131-баптары тәртібінде ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жалғасуда. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мәліметтері жариялауға жатпайды. Прокуратура құқық бұзушылықтарды тіркеу тәртібін қатаң сақтаудың маңыздылығын ескертіп, қылмысты жасыру үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертеді», – делінген прокуратураның ресми хабарламасында.

Halyqstan тілшісінің мәліметінше, күдікті – Байзақ аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Жолғас Алишев. Ол 5 ақпанда ұсталған. Белгілі болғандай, Алишев – 2006-2010 жылдары Жамбыл облыстық ішкі істер департаментін басқарған генерал-майор Мейірхан Жаманбаевтың немере інісі.