Қазіргі таңда әйел адамдардың теңдігін насихаттап, құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ететін феминизм қозғалысы секілді ер адамдардың да құқықтарын талап ететін өз қозғалысы бар. Ол маскулизм деп аталады.
Бұл қозғалыс ең алғаш 1960 жылдары Америка Құрама Штаттарында бой көрсете бастады. Кейіннен Еуропа елдерінде байқалып, қазір бүкіл әлем бойынша маңызды қозғалыстардың біріне айналды. Бір қызығы, қозғалысқа белсенді атсалысатын жандардың қатарында тек ерлер ғана емес, әйелдер де бар екен.
Сонымен, маскулизм қозғалысының басты мақсаты қандай?
“Ақ боз атты ханзада” образы
Маскулистер әйелдер қауымына қарсы тұрмайды. Олар қоғам ер адамдарға артылатын жүктің тым ауыр екенін білсе, ер адамдардың да кемшіл тұстарының болуы қалыпты деп қабылдаса екен деген көзқарасты алға тартады.
Сонымен қатар, маскулизм қозғалысы фильмдер мен жарнамалардағы ер адам образының мінсіз боп көрсетілуіне қарсы. Айтуларынша, ол шынайы өмірдегі образбен сәйкес келмейді. Ертегілер мен фильмдердегі “ақ боз атты ханзада” шын өмірде жоқ екенін, ерлер қауымынан тым көп нәрсе күтудің дұрыс еместігін түсіндіруге тырысады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықта да ер адамдардың шегетін зардабы аз емес. Бірақ қоғам көп жағдайда әйел адамды құрбан етіп көрсетуге құмар.
Статистикалық көрсеткіштерге көз салсақ, әлем бойынша 30% ер адам тұрмыстық зомбылықтың құрбаны болады. Тіркелген деректер бойынша, ер адамға психологиялық, сексуалды қысым көрсететін оқиғалар өте көп. Тіпті ер адамға әйелдер тарапынан физикалық зорлық жасалып, өліммен аяқталған оқиғалар да аз емес.
Сезімталдық ерлерге тән емес..
Қазіргі қоғамдағы ер адамдар эмоцианалды еркіндікке жете алмай жатыр. Оған қоғам қалыптастырған түрлі таптаурын ой мен шекара себеп болуда. Қоғам ер адамдардың “сезімталдығын” әлі қабылдамай келеді. Бірақ психологтар эмоция мен сезім жыныс талғамайтынын жиі айтып жүр. Мамандар қуану, күлу, жылау, қайғыру екі жынысқа да ортақ дүние екенін алға тартады. Сондықтан, маскулизм қозғалысы ер адамдарды өз сезімдерінен ұялмауға шақырады.
Ер адам – табыс көзі
Қоғамда қалыптасқан тағы бір көзқарас – ерлер қауымына тек табыс көзі ретінде қарау. “Отбасын асырау”, әрине, жақсы, дегенмен ер адамды ақша образында көру дұрыс емес. Маскулистер де осы мәселені жиі көтереді. Мұндай көзқараста ер адам өз қалауын, арман-мақсатын шетке ысырып қоюға мәжбүр болады дейді. Көптеген азамат гендірлік таптаурындардың әсерінен өздерінің шынайы болмысынан алыстап жатады.
“Маскулизм” туралы сөз болғанда әйел адамдардың ерлерден көп өмір сүретіні де айтылады. Оған түрлі фактор әсер етеді.
-
Жер бетінде өзіне қол салатын ерлердің саны әйелдерге қарағанда 4 есе жоғары;
-
Жүрек-қантамырлары ауруларынан көп зардап шегетіндер – ерлер қауымы;
-
Физикалық түрде ауыр жұмыстарды да көп жағдайда ер азаматтар жасауға мәжбүр;
-
Есірткі мен алкоголь сияқты денсаулыққа зиянды нәрселерді тұтынатындардың басым бөлігі- ерлер.
Ерлердің құқығы “ажырасу” жағдайында да толық қорғалмай жатады. Көп жеңілдік отбасындағы әйел адамға беріледі. Ортақ мүлікті бөлісуден бөлек, бала анасының қамқорлығына өтеді.
Бұл істе Финляндия көп елге үлгі. Аталған елде әйелдер мен ерлер құқығы кез келген жағдайда тең қорғалады. Ажырасу жағдайында да жан-жақты талқыланып, екі жаққа да тең құқықтар берілген. Елде жынысқа байланысты бөліп-жаруға заңмен тыйым салынған.
Қазақстанда ажырасу жағдайы “Неке және отбасы туралы” заңда қаралады. Ажырасу жағдайында мүліктің тең бөлінуінен бұрын, отбасындағы бала негізінен анасының қасында қалады. Сонымен қатар, ер адам алимент төлеуге сот арқылы міндеттеледі. Бұған елімізде ер адам “асыраушы” статусына ие екендігі себеп болып отыр.
Маскулизмді де кей топтар “дұрыс емес ұстаным” деп айыптайды.Бірақ бұл жағдай қоғалыстың одан әрі жандануын тоқтатқан емес. Қоғам белсенділері мен әлеуметтанушылардың айтуынша, бұл қозғалыс болашақта одан әрі дамымаса, бәсеңдемейтіні анық.
Наржан МҰРАТ
ПІКІР ЖАЗУ