Sasapost (Египет): 2022 жылдың ең басты ғылыми оқиғалары

Sasapost жазуы бойынша алдағы жылы адамзатты: коронавирустық мутацияның барлық түріне қарсы вакцина салдыру, айға оралу және қара тесіктерді «тындау» және тағы басқа да ғылыми жаңалықтар күтіп тұр. 

2022 жылға бірқатар маңызды ғылыми іс-шаралар жоспарланған. Келер айларда әлем куә болатын ең көп күткен сегіз ғылыми оқиға, жетістіктер мен ашылулар:

  1. COVID-19 және мутацияның барлық түрлеріне қарсы “әмбебап” вакцина

Әлемнің COVID-19 пандемиясымен күресіп келе жатқанына биыл үш жыл толды. Қазірде коронавирустың мутацияға ұшырап “омикрон”, “дельта” секілді жаңа нұсқалары пайда болды. Бұл штамм түрлері өте тез таратылатындықтан әзірге нақты шешімін табу қиын болып отыр.

Кейбір жағымды тосынсыйлар әкелетін жаңалықтар бар. Уолтер Рид армиясының ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары тек омикронға ғана емес, COVID-19-ның барлық штаммдарына қарсы тиімді вакцина жасауда.

Бұл екпені тек американдық мамандар жасап жатқан жоқ. Қазіргі уақытта бүкіл әлем бойынша бірнеше зерттеу топтары COVID-19-ға қарсы бірыңғай әмбебап вакцина әзірлеуде. Бұл адамзат жақында коронавирустан құтылады деген үмітті оятады.

  1. Африка елдерінде безгекке қарсы алғашқы вакцина

2022 жылы Африка елдері  жыл сайын бес жасқа дейінгі 260 000-нан астам баланы өлтіретін безгек дертіне қарсы вакцинаны қолдана алады. «RTS» деп аталатын безгекке қарсы вакцина отыз жыл бойы әзірленіп, 2021 жылдың қазан айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мақұлдауын алды.

  1. Айға оралу

2022 жылы ғарыш агенттіктері мен жеке компаниялардан құралған орбиталық және қондырғыштардың бүкіл флоты айға баруы керек. NASA орбитаға “Artemis I” ғарыш кемесін кемесін ұшырмақ. Оны ұшырудың мақсаты — ғарышкерлердің Айға оралу бағдарламасын сынақтан өткізу. «CAPSTONE»  “Gateway” деп аталатын тағы бір орбиталық басқарылатын айналма станциясын құру бағдарламасын әзірлеу аясында қажетті тәжірибелер жүргізеді.

Үндістанның биылғы жылы үшінші миссиясы, бортында ай ровері бар «Chandrayaan-3» Айдың бетіне ғарыш аппаратына зақым келтірместен қондыру. Сонымен қатар Жапония SLIM миссиясымен Айға алғаш “жұмсақ” қонуға әрекет жасайды.

Ресей «Луна-25» қондырғышы арқылы кеңестік ай бағдарламасының даңқын қайта жаңғыртуды көздеп отыр. Кореялық “Pathfinder Lunar Orbiter” Оңтүстік Кореяның Ай бағдарламасының басталуын белгіледі.

Токиолық “Ispace” компаниясы айды зерттеуге арналған эмираттық  “Rashid Moon” ай роверін  тасымалдайтын мобильді қондырғыш “Hakuto-R”  жеке көлігін ұшыруды жоспарлап отыр. Миссия сәтті орындалса, БАӘ Айға ғарыш аппаратын қондырған төртінші, ал араб әлемінде бірінші ел болады.

  1. Өткен өмір белгілерін іздеу үшін Марсқа ұшу ғарыш миссиясы

2022 жылы әлем тамашалайтын ең таңғаларлық оқиға Еуропалық ғарыш агенттігі (ESA) мен Роскосмос бірлескен- “ExoMars”  жобасы болуы мүмкін. 2022 жылдың қыркүйегіне жоспарланған ғарыштық миссияның бір бөлігі ретінде “Розалинд Франклин” ровері өткен өмір белгілерін іздеу үшін Марсқа қонады. ExoMars миссиясы 2020 жылдың шілдесінде іске қосылуы керек еді, бірақ роверді қауіпсіз жерге қондыру үшін қажет парашюттерге қатысты мәселелерге байланысты кейінге қалдыруға тура келді.

  1. Қытай әлемдегі ең жылдам кванттық компьютердің жасалғанын жариялады

Қытай 2022 жылы әлемдегі ең жылдам және ең қуатты кванттық компьютерді ұсынады деп күтілуде. 2021 жылдың қарашасында өткен Халықаралық суперкомпьютерлік конференцияда (ISC) Қытайда секундына 1 квинтиллионнан астам операцияны орындауға қабілетті бірінші суперкомпьютер құрастырылғаны хабарланды. Белгісіз себептермен Қытай әлі күнге дейін бұл құрылғыны ресми түрде жариялаудан бас тартып отырған болатын.

Ал осы жылы Қытайдың екі жаңа суперкомпьютері пайда болады деп хабарланды: Sunway Computer Co-дан «OceanLight» және Тяньцзиньдегі Ұлттық суперкомпьютер орталығынан «Тянхэ-3».

Сондай-ақ америкалықтар  секундына 1 квинтиллион операцияны орындауға қабілетті «Frontier» деп аталатын суперкомпьютер жасағанын хабарлады. Оны Oak Ridge ұлттық зертханасы (ORNL) жасап жатыр және 2022 жылы іске қосылады деп жоспарлануда.

Келесі буын суперкомпьютерлері жасанды интеллектті үлкен және күрделі деректер жинақтарымен үйлестіре алады деп күтілуде, бұл дербестендірілген медицинаның дамуына, жаңа материалдарды ашуға және климаттың өзгеруінің неғұрлым шынайы болжамдарын жасауға және жеделдетуге ықпал етеді.

  1. CERN ұзақ үзілістен кейін жұмысқа қайта оралады

2022 жылдың маусым айында Үлкен адрон коллайдері техникалық байқаудан өту үшін ұзақ үзілістен кейін жұмысқа қайта оралады. Женеваға жақын орналасқан Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы (CERN) қазіргі уақытта әлемдегі бөлшектердің ең қуатты үдеткіші болып табылатын Үлкен адрондық коллайдердің модернизациясы туралы хабарлады. Ол ғалымдарға секунд сайын болатын 40 миллион протон соқтығыстарының нәтижелерін жинауға мүмкіндік беретін жаңа компоненттермен толықтырылды.

Үлкен адрон коллайдері бөлшектерді жарық жылдамдығына жақындату үшін қолданылады. Физиктер осы соқтығыстар арқылы ғалам және оның пайда болуы туралы кейбір сұрақтарға жауап аламыз деп үміттенеді. Үлкен адрон коллайдері шығарған жоғары энергия соқтығыстары Үлкен жарылыстан кейінгі секундтың бір бөлігінде болған жағдайларды қайта жасайды, сонымен қатар бұрын-соңды болмаған жаңа бөлшектерді ашады.

  1. Қара тесіктерді тыңдау

Ғалымдар гравитациялық толқын детекторлары рекордтық ауқымды қара тесіктердің соқтығысуы туралы сигналды қабылдағаннан кейін шешім қабылдады. Олар массасы Күннің массасынан миллиардтаған есе болатын жұптардың қосылуынан туындаған төмен жиілікті гравитациялық толқындардың «фонын» тануға ниетті.

Осы мақсатта бүкіл әлем бойынша төрт гравитациялық толқын детекторы (біреуі Жапонияда, біреуі Италияда және екеуі АҚШ-та) 2022 жылдың желтоқсанына жоспарланған осы өршіл жобаға дайындық ретінде жаңартылды.

  1. Ғарыштан метан шығарындыларын қадағалау

2021 жылы қарашада Глазгода өткен климаттық саммитте әлем көшбасшылары 2030 жылға қарай метан шығарындыларын 30%-ға қысқарту туралы шешім қабылдады. Метан шығарындыларын азайту, жүріп жатқанын тексеру үшін 2022 жылы жер орбитасына парниктік газдарды өлшейтін жаңа спутниктер шығарылады.

Сондай спутниктердің бірі MethaneSAT 2022 жылдың қазан айында ұшыруға жоспарланған. Ол күріш өсіру кезіндегі метан шығарындыларын және құбырлардың ағып кетуін бақылайды. MethaneSAT спутнигінің климаттық миссиясына тағы екі спутник қосылады. Олар тек метан шығарындыларын ғана емес, көмірқышқыл газын да бақылайтын болады.

 

 

Эльмира Ұзақбай