Орал қаласының тұрғыны зейнетақысының дұрыс есептелмегенін дәлелдеп, сот арқылы қайта қаратты. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.
65 жастағы ер адам екі жыл бұрын зейнетке шыққан. Ол кезде ай сайынғы зейнетақы мөлшері 2020 жылдың мамырынан 2023 жылдың сәуіріне дейінгі орташа табысына қарай белгіленген. Кейін зейнеткер өзінің бұрынғы жұмыс берушісі бірнеше ай бойы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) міндетті аударымдарды кешіктіріп отырғанын білген.
Зейнеткер осыған байланысты зейнетақысын қайта есептеуді сұрап, өтініш жазған. Бірақ уәкілетті орган оның өтінішін қабылдамай, «өзі таңдаған үш жылдық кезеңге сәйкес есептелді» деп жауап берген. Алайда сот басқаша шешім қабылдады.
«Зейнеткер 20 жыл бойы үздіксіз жүргізуші болып жұмыс істеген. Жұмыс берушінің қателігі үшін ол зардап шекпеуі тиіс. 2023 жылы зейнетақы тағайындау кезінде уәкілетті орган оның барлық табысын білген, сондықтан өтінішін қанағаттандыруға тиіс еді. Зейнеткер ұсынған 2020 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың тамызына дейінгі кезең анағұрлым тиімді болған», деп түсіндірді сот.
Апелляциялық алқа да, Батыс Қазақстан облыстық соты да, соңында Жоғарғы сот та осы шешімді қолдады. Яғни, қарияның зейнетақысы қайта есептелетін болды.
Бұл оқиға елдегі басқа зейнеткерлерге де ой салады. Заң бойынша әрбір азамат өзінің зейнетақысы дұрыс есептелмегенін байқаса, сотқа жүгінуге құқылы.
Айта кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылдың 1 шілдесінде Қазақстандағы орташа зейнетақы 143 529 теңгені құрады. Оның ішінде ортақ (солидарлық) зейнетақы – 95 912 теңге, ал базалық зейнетақы – 47 617 теңге.