💰 Экономика

Зейнетақы жинағын алу қиындай ма?

Зейнетақы жинағын алу қиындай ма?

Қазақстанда зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану тәртібі қайта қаралуы мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген жаңа қаулы жобасына сәйкес, енді Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражатты алу үшін қолданылатын «жеткіліктілік шегі» жаңа әдіспен есептелмек. Бұл өзгеріс азаматтардың бүгінгі мүмкіндігін шектеп, болашақтағы табысын сақтауға бағытталғанымен, қоғамда қызу пікірталас туғызды, деп жазады Ozgeris.info.

Қаулы жобасы «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталында жарияланған. Қоғамдық талқылау 21 сәуірге дейін жалғасады. Алайда, әдеттегідей, порталға толық құжаттың өзі жүктелмегені де сынға себеп болып отыр.

Министрліктің түсіндіруінше, өзгерістің негізгі мақсаты – азаматтардың қартайған кездегі қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету. Яғни мемлекет адамдардың зейнетақы жинағын ерте пайдаланып қойып, кейін табыссыз қалмауын көздейді. Бұл тұрғыда жаңа тәсіл енгізіліп отыр.

Бұған дейін жеткіліктілік шегі белгілі бір көрсеткіштерге негізделіп есептелсе, енді ол «кейінге қалдырылған өмірлік зейнетақы аннуитетінің» құнына байланыстырылмақ. Зейнетақы аннуитеті дегеніміз – азаматтың белгілі бір жинағы жеткілікті болған жағдайда, зейнет жасына жетпей-ақ ай сайын төлем алып отыруына мүмкіндік беретін қаржы құралы. Қазіргі талап бойынша ерлер 55 жастан, әйелдер 53 жастан бастап осындай аннуитет арқылы төлем ала алады.

Бүгінде мұндай аннуитетті сатып алу үшін зейнетақы шотында шамамен 10-14 миллион теңге көлемінде қаражат болуы қажет. Бұл сома адамның жасына және жынысына қарай өзгереді. Егер жаңа әдістеме қабылданса, азаматтар тек осы сомадан асқан бөлігін ғана пайдалана алады. Яғни зейнетақы жинағыңыз 10-14 миллион теңгеден төмен болса, оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе ем-домға жұмсау мүмкіндігі шектеледі.

Бұл өзгеріс іс жүзінде зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануды айтарлықтай қиындатуы мүмкін. Себебі бұрынғыға қарағанда шекті деңгей жоғарылайды және оған жету көпшілік үшін оңай емес.

Жоба қоғамда түрлі пікір туғызды. Сарапшылар мен азаматтар бұл бастамаға қатысты сын айтты. Мәселен, Артем Демидов жобаның толық мәтіні жарияланбағанын және ұсынылған өзгерістердің әлеуметтік салдары дұрыс бағаланбағанын алға тартады.

«Жобаның толық мазмұны ашық жарияланбаған. Сонымен қатар биліктің «бұл өзгерістің теріс әлеуметтік-экономикалық салдары болмайды» деген уәжі шындыққа жанаспайды. Шектің көтерілуі азаматтардың өз қаражатын пайдалану құқығын шектейді», дейді ол.

Көптеген салымшылар да өз наразылығын білдірген. Олардың айтуынша, зейнетақы жинағы көбіне қосымша табыс емес, нақты тұрмыстық мәселелерді шешудің құралына айналған. Әсіресе ипотека төлеу кезінде бұл қаражат үлкен көмек болған. «Шекті жыл басында ғана көтерген еді, енді тағы да қиындату не үшін қажет? Бізге ипотекамызды төлеуге мүмкіндік қалдырыңыздар!» деген пікірлер жиі айтылып жатыр.

Ресми деректерге сүйенсек, соңғы бес жылда қазақстандықтар зейнетақы қорынан шамамен 5 триллион теңге алған. Оның ішінде 1 триллион теңгеге жуығын 20 мен 35 жас аралығындағы жастар пайдаланған. Бұл зейнетақы жинағының тұрғын үй мен тұрмыс мәселесін шешудегі маңызын айқын көрсетеді.

Айта кету керек, 2026 жылы зейнетақы жинағын алу үшін жеткіліктілік шегі тағы 10 пайызға артқан болатын. Енді ұсынылып отырған жаңа тәсіл бұл талаптарды одан әрі күшейтуі мүмкін.

Жобаға қатысты сын пікірлер тек сарапшылар тарапынан ғана емес, қарапайым азаматтардан да айтылып жатыр. Солардың бірі – Азат Галиуллин. Оның айтуынша, зейнетақы жинағын пайдалану мәселесінде халықтың бүгінгі қажеттілігі ескерілуі тиіс.

«Халықтың едәуір бөлігі үшін зейнетақы жинағын дәл қазір пайдалану қажеттілігі өзекті. Себебі адамдар тұрғын үй жағдайын жақсарту, ем-дом алу, несиелерін өтеу және жалпы өмір сүру деңгейін сақтау сияқты нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге мәжбүр. Осындай жағдайда жеткіліктілік шегін көтеру жеткілікті негізделмеген шешім болып көрінеді. Өйткені мұндай қадам азаматтардың өз қаражатына қол жеткізу мүмкіндігін шектейді және олардың күнделікті өмірдегі жағдайларға жедел әрекет ету қабілетін төмендетуі мүмкін. Сонымен қатар бұл өзгерістер халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне деген сеніміне кері әсер етуі ықтимал. Себебі азаматтар өз қаражатын өмірлік қажеттіліктеріне қарай еркін пайдалана алуды күтеді. Сондықтан жеткіліктілік шегін қайта қарау кезінде барынша салмақты әрі теңгерімді тәсіл қажет», дейді ол.

Жаңа жоба зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын арттыруға бағытталғанымен, оның әлеуметтік салдары да назардан тыс қалмауы тиіс. Бір жағынан, мемлекет азаматтардың болашағын қорғауға тырысады. Екінші жағынан, бүгінгі күннің нақты қажеттіліктері бар. Сондықтан бұл өзгеріс қоғам үшін тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы бар шешімге айналып отыр.

 

Барлық жаңалық