Жалпы, бұл ауру ерте анықталған жағдайда оны емдеу қиынға соқпайды. Өкінішке қарай, біздің орталыққа науқастардың көбі әбден ауруы асқынған жағдайда ғана келеді.
Осы тұста айта кету керек, алдағы уақытта несеп тас ауруын зерттеу емханаларда жүргізілетін скринингтік бағдарламаға кіргізілуі керек. Тым болмағанда белгілі бір жастағы адамдар арасында аурудың алдын алсақ, несеп тас ауруымен сырқаттанушылардың көрсеткіші біраз төмендеген болар еді.
Бүгінде біздің бөлімшеде көп жағдайда несеп тас ауруына шалдыққан науқастарға ота денені тілмей, кеспей, тасты уату арқылы жасалады. Яғни ота жасау процедурасы соқпа толқынды құрылғының көмегімен адамның денесіне жанастыру арқылы жүргізіледі.
— Жоғарыда өзіңіз атап өткендей, орталыққа қуық асты безінің қатерсіз гиперплазиясы және жыныс жүйесі ауруларының асқынулары себебінен дәрігердің көмегіне жүгінетіндер бар екен. Осы аурулар туралы кеңірек айтып кетсеңіз.
— Қуықасты безінің қатерсіз гиперплазиясы — қуық асты безінің ұлғаюы. Бұл ауру ер адамдар арасында жиі кездеседі. Қуық асты безінің ұлғаюы несеп шығарудың ыңғайсыз белгілерін тудыруы мүмкін, мысалы, несептің сыртқа шығуын блоктау процесі.
Қуық асты бездің ұлғаюы қуық, зәр шығару жолдары немесе бүйрек проблемаларын тудырады. Бұл ауру үш сатыдан тұрады: бірінші сатысы — компенсаторлы, екінші сатысы — субкомпенсация, үшінші сатысы — декомпенсация. Бірінші сатысында науқас адам жиі-жиі дәретке шығады, әсіресе түнгі мезгілде. Бұл сатыда жасы үлкен адамдар «кәріліктің салдары» деп дәрігерге көрінбейді. Ал екінші сатысында науқаста қалдық зәр сезімі пайда болады. Яғни дәретке шыққанымен, бәрібір қуықты толық босату сезімі болмайды және бұл әдетке айналып, науқас адам сол жағдайға біртіндеп көндіге бастайды. Үшінші саты жоғары несеп жолдарының өзгерісімен сипатталады. Қуықта қалған үлкен көлемдегі зәр бүйрекке шауып, бүйректің дұрыс жұмыс жасамауына әкеледі. Сондай-ақ ішімдікке әуес адамдарда да бұл ауру көп кездеседі. Сондықтан дәрігер ретінде тұрғындарға көп қозғалып, спортпен айналысып, сондай-ақ аурудың алдын алу үшін жылына кем дегенде 1-2 рет толықтай тексерілуге кеңес беремін.
Ер адамдар арасында оперативті түрде ғана емделетін, көп кездесетін аурулардың бірі — варикоцеле. Бұл — аталық без веналарының кеңеюі, ондағы қанның вена бойымен кері қайту процесінің бұзылуы. Бұл ауру ер балалар арасында көп жағдайда жоғары сыныптарда және әскерге шақырту кезіндегі медициналық тексерілулер барысында анықталады. Варикоцеле көбіне ішкі ағзалардың орналасуы, ағзадағы буындардың әлсіз болуы және ауыр физикалық жұмыс істеуден болады. Бұл ауру дами берсе, бедеулікке әкеп соқтырады. Сондықтан варикоцелені ота арқылы емдейді.
Бұл — бүгінде урологиядағы жеңіл әрі жылдам жасалатын оталардың бірі. Сондықтан одан қорықпау керек.
Қазіргі таңда осы диагнозбен келіп, бөлімшеде ота жасататындар аз емес. Олардың ең жасы — 18-де. Дені — ауруы медициналық тексерулер кезінде анықталғандар. Ал ауруы бедеулікке әкеліп соқтырып, соның салдарынан ота жасатуға келген науқастардың орташа жасы — 30-32 жастағылар. Олардың көбі — отбасын құрған азаматтар.
— Бүгінгі күні урология бөлімшесінде отыз кереует бар екен. Бұл облыс бойынша орталыққа жеткілікті ме? Сондай-ақ құрал-жабдықтармен қамтуда қандай да бір жетіспеушіліктер бар ма?
— Әрине орталық облыс тұрғындарын қамтитын болғандықтан, бұл жеткіліксіз. Алдағы уақытта бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын. Себебі бізден де халқы аздау бірқатар өңірлердегі урология бөлімдерінде науқастардың жатып емделуі үшін 40-50 кереует жасақталған. Ал қажетті құрал-жабдықтарға келсек, біз жыл сайын орталықтың басшылығына, қажетті жабдықтар туралы ұсыныстарымызды жібереміз. Биыл да тапсырыс жібердік. Қазіргі таңда біздің бөлімшеге қажет болып тұрғаны — мини-перкутанды нефролитотриптор. Бұл диаметрі бұрынғы қолданылып жүрген құрылғыдан гөрі кішірек. Сондықтан оны пайдалану әрі тиімді, әрі ол бүйрек тінінің зақымдануын азайтады.
Жалпы, бөлімшеде күн сайын 3-4 адамға ота жасалады. Олардың уақыт ұзақтығы — 30 минут-2,5 сағат аралығында. Қазіргі таңда бізде несеп тасын дистанционды, лазерлі уату, бүйректегі тасты мүшені тесу арқылы уатып алу, лапароскопиялық нефрэктомия, уретеролитотомия, бүйрек кистасын алу және астауша-тостағанша сегментінің пластикасы жасалады. Көп жағдайда оталар жоспарлы түрде тегін жүргізіледі.
Облыс тұрғындарына құлаққағыс: егер бізгекеліп емделгіңіз келсе,тұрғылықты жеріңіздегі емханадағы уролог-дәрігерге көрініп, бір апта, әрі кеткенде он күн ішінде бөлімшеге портал арқылы келуіңізге болады. Ауырмаңыздар, әрдайым қозғалыста және жақсы көңіл күйде болыңыздар!
Сұхбаттасқан Данагүл БАЙМҰҚАШ,
"ozgeris.info".