🏛️ Саясат

Үкімет шетелдегі қазақтардың тізімін дайындап жатыр

Үкімет шетелдегі қазақтардың тізімін дайындап жатыр

Қазақстан билігі әлемнің түкпір-түкпірінде өмір сүріп жатқан қазақтардың нақты санын білгісі келеді. Жаңа бастама аясында шетелдегі қазақтардың бірыңғай тізімі жасалады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова үкімет жиналысында айтты, деп жазады Ozgeris.info.

Тізім цифрлы Migration.enbek.kz платформасына енгізіледі. Ақпарат жинауға елшіліктер, «Отандастар» қоры мен түрлі диаспора өкілдері тартылмақ.Бастаманың мақсаты – этникалық қазақтармен байланысты күшейтіп, көшіп келгісі келетіндерге нақты көмек көрсету. Үкімет бұл жүйе арқылы қандас мәртебесін беру тәртібін де жаңартпақ. Мәселен, кей жағдайда генетикалық сараптама мен дәстүр, тіл туралы тест енгізу қарастырылған.

Келешекте «Қандас» деген бөлек платформа пайда болады. Онда баспанадан бастап, тіл үйрету мен кәсіпке бейімдеу курстарына дейінгі мүмкіндіктер ұсынылады. Қоныс аударғандарды жергілікті өмірге бейімдеу жұмыстары да жіті бақыланады.

Бұл үдерісті үйлестіретін жаңа дамытушы орталық құрылмақ. Үкіметтің айтуынша, оған бюджеттен қосымша қаражат қажет емес.

Бүгінде 1,1 миллионнан астам этникалық қазақ елге оралған. Ал биылдың өзінде 150 қазақ баласы Бурабайда демалып, тіл мен салт-дәстүрді үйреніп қайтты.

Барлық жаңалық