Үкімет Қазақстанда алдағы үш жылда инфляция қандай деңгейде болатынын айтты, деп хабарлайды ozgeris.info.
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
"Инфляция болжамы 2026 жылы шамамен 10,0% аспайды, 2027 және 2028 жылдары 6,0% сатысында. Макро болжамның негізінде 2026–2028 жылдарға арналған бюджеттік параметрлердің болжамы қалыптастырылды. Республикалық бюджеттің кірістері болжамдар бойынша 2026 жылы 19,2 трлн теңгені, 2027 жылы – 21,2 трлн теңгені, 2028 жылы 23,2 трлн теңгені құрайды", - деп атап өтті Ұлттық экономика ведомствосының басшысы.
Айтуынша, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт бюджет қағидасын ескере отырып, жыл сайын 2 770 млрд теңге мөлшерінде екені анықталған.
"Бюджет тапшылығы 2028 жылы ЖІӨ-ге қатысты 0,9%-ға дейін төмендей отырып, 2026 жылы ЖІӨ-ге 2,5% деңгейінде айқындалды. Мұнай емес тапшылық ЖІӨ-ге қатысты 4,9%-дан ЖІӨ-ге қатысты 2,7%-ға дейін қысқарады. Осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің шығыны 2026 жылы 27,7 трлн теңгені, 2027 жылы – 28,8 трлн теңгені және 2028 жылы – 29,8 трлн теңгені құрайды. Кіріс пен шығыстың осындай көлемдері кезінде бюджет нысаналы трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша қаражат тартудың қажеттілігінсіз өзін-өзі қамтамасыз етеді", - деді вице-премьер.
Айта кетейік, Үкімет отырысында 2026-2028 жылдарға арналған ӘЭДБ, 2026-2035 жылдарға арналған ҰБ және «2026-2028 жылдарға арналған республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердiң көлемі туралы» заң жобасы ұсынылып отыр.