Қазақстан Үкіметі фармацевтикалық нарықтағы баға саясатын түбегейлі жаңартып, қатаң әрі ашық ережелер енгізуде деп хабарлайды Оzgeris.info сайты ҚР Үкіметінің ресми Telegram каналына сілтемемен. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов дәрі-дәрмек бағасын төмендету мемлекетке миллиардтаған теңге үнем беріп, халықтың қосымша препараттарға қолжетімділігін арттырғанын айтты.
Бектеновтің айтуынша, жаңа цифрлық баға белгілеу жүйесі нарықтағы барлық ойыншы үшін бірыңғай талап орнатқан. Соның нәтижесінде биыл дәрі-дәрмек сатып алуда 36 млрд теңгеден астам қаржы үнемделген.
«Сатып алу бағаларының төмендеуі өндірушілер мен жеткізушілерге ұнай бермейтіні түсінікті. Бірақ біз азаматтарымыздың мүдделерін басшылыққа алуымыз керек. Мемлекет тек адал жұмыс істейтін, сапалы өнім жеткізетін компанияларды ғана қолдайды», — деді Премьер-министр.
9 ірі инвестициялық жоба іске қосылды.Отандық фармацевтиканы дамыту үшін Үкімет инвестициялық келісімдер әзірлеуде. Қазір дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар шығаратын 9 инвестициялық жоба қолға алынған. Денсаулық сақтау министрлігіне үш ай ішінде барлық ұйымдастыру жұмыстарын аяқтап, инвесторлармен келісімдерді рәсімдеу тапсырылды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың мәліметінше, жаңартылған жүйе 2026 жылға арналған сатып алуға да қолданылуда. Жаңа модельдің арқасында бірқатар қымбат дәрілердің бағасы 50%-дан 300%-ға дейін түскен.Айтарлықтай төмендеген препараттар:
- Иматиниб: 9450 тг → 2348 тг
- Бевацизумаб: 360 000 тг → 77 000 тг
- Цефепим: бюджет үнемі – 174 млн тг (-40%)
- Экулизумаб: үнем – 424 млн тг (-18%)
Бюджеттік тиімділік жағынан ТОП-10 тізімге Бевацизумаб, Иматиниб, Сорафениб, Сунитиниб, Инсулин деглудек және басқа да маңызды дәрілер кірді.
4 900 дәрі-дәрмектің бағасы қайта қаралып, қазан–қараша айларында дәріханалардағы танымал препараттар орта есеппен 12%-ға арзандаған.
Министрліктің дерегінше, отандық өндірушілер жаңа ережелерге бейімделіп, дәрілер желісінің бағасын төмендеткен. Үнемделген қаражат алғашқы рет анықталған науқастарды қосымша дәрімен қамтамасыз етуге бағытталады.
Жаңа модель тұрақты нарық қалыптастыруға, жеткізу қауіпсіздігін арттыруға және сыртқы факторларға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Министрлік бұл бағыттағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.