Әлем қазір назарын Анкориджге тігіп отыр. Бұл қала АҚШ-тың ең шеткі нүктелерінің бірі, бірақ дәл осы жерде өтетін кездесу халықаралық саясат үшін орталық сахнаға айналмақ. Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ басшысы Дональд Трамп алғаш рет осындай тарихи жағдайда жүздескелі отыр, деп сараптайды Ozgeris.info.
«Болжап болмайтын кезеңге» кірдік
Екі лидер де сабырлы қалпын сақтап, диалогқа ашық екенін білдірді. Тіпті Трамп кездесудің сәтті өту ықтималдығын «75%» деп бағалады.
Алайда «сәттілік» ұғымы бұл жағдайда әркімге әртүрлі нәрсені білдіреді. Біреулер үшін бұл соғыстың тоқтауы, санкциялардың жеңілдеуі, сауданың қайта жандануы. Ал біреулер үшін жаңа шиеленістің басталуы. Digital Business тілшісі осы сұрақтарды белгілі қаржыгер және банкир Алмас Чукинмен талқылап, оның Қазақстанға да әсер етуі мүмкін деп санайтын болжамдарын білді.
Чукин пікірін тікелей айтады. Бүгінгі геосаяси жағдай – толық белгісіздік кезеңі.
«Ең дұрыс жауап – бұл толық болжап болмайтын жағдай. Әсіресе күрделі режімде жұмыс істейтіндер үшін. Бұл да бір болжам: ештеңе түсініксіз екенін білсең, фишкаларыңды жақын ұстап, тәуекелді азайтқан жөн. Бұл менің жағдайға деген жалпы көзқарасым», дейді ол.
Бұл сөздің астарында бір маңызды ой жатыр. Әлемдік саясат қазір покер ойынына ұқсайды. Сырттан бақылап отырғандарға нақты карталарды көру мүмкін емес. Сондықтан ірі ойыншылар да, ұсақ бизнес иелері де тым үлкен тәуекелге бармай, қорғаныш тактикасын таңдауға мәжбүр.

Технологиялық деградация — тығырық жол
Чукиннің ойынша, Ресейдің қазіргі жағдайын бағалағанда, ең алдымен технологиялық артта қалу қаупін көру керек.
«Мен екі негізгі нәрсеге сүйенемін: Ресейдің қаржылық және технологиялық деградациясы. Технологиялық деградация түсінікті жағдай. Суверенді Microsoft Office жасау идеясы абсурд. Әлемдік ІТ-инфрақұрылым мен мәдениет IBM-360 заманынан қалыптасқан. Кеңес одағы алғашқы компьютерлердің өзі IBM көшірмесі болатын. Санкциялар бірден әсер етпейді, бірақ мен өз көзіммен технологиялық оқшауланудың қалай жұмыс істейтінін көрдім. Ғылыми-техникалық прогрестен өзіңді кесіп тастау тығырық», дейді сарапшы.
Бұл жерде Чукиннің айтып отырғаны Ресейдің өз бетінше «ішкі» технологиялық өнім жасау әрекеті тек қана уақыт пен ақша шығынына әкеледі. Себебі жаһандық технологиялық даму бір елдің күшімен емес, ондаған жылдар бойы әлем елдерінің ортақ еңбегімен қалыптасқан.
Қаржылық ахуал одан да күрделі
Банкир Ресейдің қаржы жүйесіне қатысты болжамын да ашық айтады:
«Соғыс біткен күннің өзінде Ресей бірден жеңіл дем ала қоймайды. Олар миллиардтаған долларды тәуелсіз инфрақұрылымға құйды. Бұл технологиялық бұрылыс. Қазақстан бұл тұрғыда жақсырақ жағдайда, Starlink қосып, заманауи трендпен ілгерілеп келеді».
Оның сөзінше, Ресей экономикасы қазір үш ірі қаржылық соққының астында тұр. Біріншісі – алтын-валюта қорының жоғалуы. Батыс бұғаттаған 300 млрд доллар қайтарылса, жақсы. Қайтарылмаса, рубльдің артында не тұр деген сұрақ туындайды. Бұл Ресейдің валюталық тұрақтылығына төнген ең үлкен қауіп.
«Екіншісі – ұлттық әл-ауқат қорының сарқылуы. Биыл соңына дейін қордың дерлік жойылуы мүмкін. Ликвидті бөлігі жылына 100 млрд доллар қарқынмен жоғалып жатыр. Бюджет тапшылығы үш есе асып түсті. Жоспардағы 1,5 трлн рубль орнына қазірдің өзінде 4 трлн-нан асты. Бұл жағдай Ресейдің әлеуметтік міндеттемелерін орындауын қиындатады. Үшіншісі – қор нарығының күйреуі. Капитал тарту мүмкін емес, сенім жоғалды, инвесторлар қайтпайды. Бюджеттің 40%-ы әскери шығынға кетіп жатыр. Соғыс бітсе, әскери өндірісті не істейміз? Қалай болғанда да — бұл екінші 90-жылдарға ұқсайды», дейді сарапшы.
Чукиннің пікірінше, бұл үш мәселе бірге Ресей экономикасын ұзаққа созылатын тоқырау кезеңіне итермелейді.

Қазақстан үшін тәуекел аз
Чукин оптимистік сценарийді де қарастырады:
«Олар миллиардтаған доллар жоғалтты, банктер тәуекел үшін үстеме пайыз қосады. Сондықтан Қазақстанға келген компаниялардың жаппай кері қайту қаупі аз».
Яғни, соңғы үш жылда Ресейден Қазақстанға көшкен бизнесмендер мен компаниялар мұнда қалуға бейім болады. Себебі олар саяси тәуекелден қашып, қазірдің өзінде жаңа нарыққа бейімделіп алды.