Әлеуметтік желілерде «Наполеон» тортына қатысты жағдай қызу талқыланып жатыр. Алматы тұрғыны десерттің ішінен пластикке ұқсас қатты зат шыққанын айтып, бұл тортты Galmart супермаркеттер желісінен сатып алғанын мәлімдеген деп хабарлады ozgeris.info сайты.
Әйелдің айтуынша, десерттің ішінде өткір, мөлдір сынық болған. Соның салдарынан ол таңдайы мен тамағын тырнап алғанын, тіпті кішкентай бөлігін жұтып қойғанын айтқан. Оның сөзінше, тортты бірге отырған балалар да жеген.
Тұрғын бұл жағдайдан кейін дүкеннің қолдау қызметіне жүгінген. Кейін курьер тортты тексеру үшін алып кеткен. Алайда жарияланым авторы дүкен тарапынан нақты түсініктеме немесе кешірім болмағанын жазған.
Журналистер Galmart супермаркеттер желісінен пікір сұраған. Компания өкілдерінің айтуынша, барлық шағым жеке қаралады.
«Соңғы өтініш бойынша біз ішкі тексеріс жүргіздік. Клиентке кері байланыс беріліп, тексеріс нәтижелері хабарланды», – деді Galmart өкілі Айдана.
Компания сондай-ақ мұндай жағдайға қатысты басқа ресми тіркелген шағымдар болмағанын мәлімдеді.
Алайда Threads желісіндегі жазба астында басқа қолданушылар да пікір қалдырған. Солардың бірі бұрын осы желіден сатып алған пирожныйдан шаш шыққанын айтқан. Бірақ бұл мәліметтер ресми түрде расталмаған.
Мәселеге қатысты Қазақстан тұтынушылар ұлттық лигасының президенті Светлана Романовская пікір білдірді. Оның айтуынша, тағамнан бөтен зат табылған жағдайда тұтынушы сатып алған тауардың құнын қайтаруды, сондай-ақ моральдық шығынды өтеуді талап ете алады.
Егер адам жарақат алса немесе бөгде затты жұтып қойса, өтемақы мөлшері медициналық тексеру нәтижесіне байланысты анықталады.
Сарапшының сөзінше, мұндай жағдайда жауапкершілік ең алдымен тауар сатылған дүкенге жүктеледі. Сондықтан тұтынушыларға алдымен сатушыға жазбаша түрде шағымдану ұсынылады.