📰 Сарапшылар пікірі

Теңге туралы үрейге ермеу керек

Теңге туралы үрейге ермеу керек

Кейінгі кезде теңге бағамына қатысты әңгіме қоғамда жиілеп кетті. Көп адам доллар қымбаттайды, жинақ құнсызданып кетпей ме деп алаңдайды. Осындай жағдайда экономист Ғалым Құсайынов жағдайға эмоциямен емес, салқын есеппен қарауға шақырады. Оның айтуынша, бүгінгі ахуалды тек қауіп деп қабылдау қате, себебі дұрыс түсінсе, бұл кезең жеке қаржыны басқаруда мүмкіндікке де айналуы мүмкін, деп жазады Ozgeris.info.

Экономист кейінгі күндері оған таныс әрі жақын адамдар жиі хабарласып, кеңес сұрап жатқанын айтады. Әңгіме бәрінде біреу. Теңге девальвацияға ұшырай ма, жинақты не істеу керек деген сауал. Осы сұраққа ол ең алдымен өз ұстанымын ашық жеткізген.

«Мен бірден айттым, мен девальвация сценарийін қолдамаймын. Иә, соңғы уақытта теңгенің құбылмалылығы қалыпты құбылысқа айналды. Бірақ құбылмалылықтың өзі девальвацияның дәлелі емес. Қазақстанда бағамның ауытқуы көбіне макроэкономикалық негіздерден емес, реттеуші ортадағы шешімдерге байланысты. Теңге бағамындағы толқуларды апат ретінде қабылдауға болмайды. Қазіргі жағдайда банктердің өздері осы ортада жұмыс істеудің жолын тауып отыр. Дұрыс тәсіл болса, бүгінгі жағдайды пайдаланып, табыс табуға болады. Қазір банктердің бірінші кезекте істеп отырғаны да сол. Сондықтан теңге құлайды деп қорқып, асығыс шешім қабылдаудың қажеті жоқ», деп атап өтеді экономист.

Жеке қаржыға қатысты кеңес бергенде Ғалым Құсайынов әмбебап рецепт жоқ екенін айтады. Әр адамның табысы, мақсаты мен тәуекелге деген көзқарасы әртүрлі. Соған қарамастан, ол өзінің күнделікті өмірде қолданып жүрген тәсілдерін мысал ретінде келтіреді.

«Мен дебеттік карталарда ақша ұстамаймын. Ол карталар тек аударым жасауға және қолма қол ақша алуға арналған. Ал барлық күнделікті шығынды үш банктегі 5 кредиттік картамен төлеймін. Маңызды шарт бар. Келесі айдың 25 жұлдызына дейін қарызды толық жауып тастаймын. Сонда банкке пайыз төлемеймін. Бұл кезеңде кредит картасын пайдалану клиент үшін тегін деуге болады», дейді ол.

Экономист мұндай тәсілдің нақты экономикалық пайдасы бар екенін де жасырмайды.

«Өз ақшам депозитте жатады. Орта есеппен айына 1,2% табыс әкеледі. Оған қоса банктер қазір 2% пен 3% аралығында кэшбэк ұсынады. Егер айына 500 мың теңге жұмсасаң, пайыз бен кэшбэктен шамамен 20 мың теңге қайтады. Жылына бұл 240 мың теңге. Бұл отбасы бюджеті үшін жаман көрсеткіш емес», деп түсіндіреді Ғалым Құсайынов.

Валюта мәселесіне келгенде экономист ұзақ мерзімді экономикалық заңдылықтарды ескеруге кеңес береді. Оның айтуынша, теңгенің қазіргі күшейген күйі мәңгілік емес. Қазір теңге шамадан тыс күшейіп тұр. Егер жинақтың бір бөлігін долларда сақтауды ойлап жүрсеңіз, дәл қазір соған қолайлы кезең. Ұзақ мерзімде теңге бәрібір әлсірейді. Себебі біздің инфляция АҚШ-пен салыстырғанда шамамен 10% жоғары. Бұл макроэкономикалық заңдылық.

Экономист теңгенің уақытша күшеюіне не әсер еткенін де тарқатып айтты.
«Жоғары базалық мөлшерлеме теңгелік активтерге қаржы тартты, валюта сатылды. Қарыз алу да көбіне валютамен жүріп жатыр, себебі мөлшерлеме төмен. Мұның бәрі теңгені уақытша күшейтті. Өндірушілер үшін бұл тиімді емес, бірақ инфляциямен күресте белгілі бір нәтиже беріп отыр. Алайда орта мерзімде импорт өсіп, экспорт қысқарғанда бағам әлсірейді. Оның үстіне ТШО тоқтап тұр, КТК де толық қуатында жұмыс істеп жатқан жоқ. Бұл экономикадағы табиғи процесс», деп атап өтті Ғ.Құсайынов.

Ал ваютаны қайда сақтау мәселесінде экономистің ұстанымы нақты. Ол банктегі валюталық депозиттерді тиімді құрал деп есептемейді.
Валюталық депозиттер бойынша пайыз 1% деңгейінде шектелген. Сонымен бірге валюталық міндетті резерв талаптары жоғары. Мұндай жағдайда бұл құрал клиент үшін де, банк үшін де тиімсіз. Нәтижесінде бұл ақшаны сақтаудың емес, жоғалтудың бір түріне айналады. Осы себепті экономист қор нарығына назар аударуды ұсынады:

«Қазақстанда брокерлік компаниялар жеткілікті. Валютаны депозитке ұқсас құралдарға орналастыруға болады. Ең қарапайым әрі қауіпсіз нұсқа дамыған елдердің мемлекеттік облигациялары. Мысалы, АҚШ қазынашылық облигациялары жылына 3% пен 4% табыс береді. Ал біздің квазимемлекеттік компаниялар мен Қаржы министрлігінің еурооблигациялары 4% пен 5% шамасында кіріс әкеледі. Кей жағдайда бұл құралдар қазақстандық банктегі депозиттен де сенімді. Өтімділігі жоғары. Қажет болса, бағалы қағазды сатып, стандартты есеп айырысу мерзімінен кейін ақшаны шешіп алуға болады», деп түсіндіреді ол.

Экономистің түйіні бір. Қазіргі жағдайда үрейге беріліп, асығыс шешім қабылдаудың қажеті жоқ. Ақшаға сауатты көзқарас, сабыр мен есеп бүгінгі құбылмалы кезеңде жинақты сақтауға ғана емес, оны көбейтуге де мүмкіндік береді.

 

Барлық жаңалық