Қыркүйек айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ долларына 549 теңгеге дейін төмендеді. Бір айда ұлттық валюта 1,9 пайызға әлсіреді. Жыл басынан бері теңгенің долларға шаққандағы жалпы құнсыздануы 2,9 пайызды құрады. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары құбылмалылықтың бірі. Осы ретте көпшілікті мазалайтын жалғыз сұрақ бар. Доллар 600 теңгеге жете ме? Немесе ұлттық валютамыз неге құбыла береді? Осы сұрақтарға біздің тұрақты сарапшымыз Айбар Олжаев жауап берді. Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.
Экономистің айтуынша, бұл үрдіс қауіпті немесе тосын құлдырау емес.
«Теңге әлсіреп жатқан жоқ, ол нарықтағы жағдайға бейімделіп жатыр. Бізде бағамды енді ешкім қолдан ұстамайды, оны тек сұраныс пен ұсыныс белгілейді», – дейді сарапшы.
Теңге – ТМД кеңістігіндегі толық конверттелетін еркін валюта. Бұл оның басты айырмашылығы және артықшылығы. Қазақстан саналы түрде еркін айналым режимін таңдаған. Сондықтан теңге бағамын үкімет немесе Ұлттық банк емес, нарықтың өзі айқындайды. Баға Қазақстан қор биржасындағы (KASE) сауда нәтижесі бойынша анықталады.
«Биржада доллар мен теңгенің жұбы – USD/KZT деп аталады. Күн сайын банктер, брокерлер және валюта операциясын жүргізетін компаниялар осы жұппен сауда жасайды. Күнделікті сауда көлемі шамамен 220 миллион доллар. Яғни теңгенің құны нақты нарықтағы мәмілелердің орташа бағасы», - дейді маман.
Теңге бағамының өзгерісі таза нарықтық факторларға тәуелді. Егер доллар сатып алушылар көп болса, теңге әлсірейді. Керісінше, теңгеге сұраныс артса, ұлттық валюта күшейеді.
Ұлттық банк теңге бағамын ұстамайды
Сарапшының айтуынша, Ұлттық банк бұрынғыдай теңгенің курсын «таргеттеу» режимінде емес, инфляцияны таргеттеу режимінде жұмыс істейді. Бұл дегеніміз банк енді бағамға емес, баға тұрақтылығына назар аударады.
«Бүгін теңге нарықтың толық қолында. Ұлттық банк тек ерекше жағдайларда, яғни биржада дүрбелең болып, теңге күрт құлдыраған сәттерде ғана араласады. Онда интервенция жасап, резервтен доллар сатып, бағамды уақытша тұрақтандырады. Бірақ бұл тұрақты шара емес», – дейді экономист.
Мемлекет валюта нарығына тек екі жағдайда қатысады:
– Ұлттық қордан бюджетке ақша аударылған кезде долларды теңгеге айырбастағанда;
– Алтын өндірушілермен операция жасағанда.
Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да теңгелік салымдарды кезең-кезеңімен долларға айналдырып отырады. Осы факторлар теңге нарығына күн сайын әсер етеді.
Неге теңге жиі әлсірейді?
Экономист теңге құбылмалы болуының басты себептерін нақты атап өтті. Біріншіден - импорт көлемінің артуы, екіншіден - мұнай бағасының өзгеруі үшіншіден - рубльдің әлсіреуі, төртіншіден - маусымдық сұраныс.
«Егер елге импорт көп келсе, долларға сұраныс өседі. Ал мұнай арзандаса, экспорттан түсетін табыс азаяды. Бұл автоматты түрде теңгені әлсіретеді. Сондай-ақ рубль құласа, біздің биржада да психологиялық әсер байқалады, яғни инвесторлар теңгеден қашады. Маусымдық кезеңдерде де теңге қозғалады,салық аптасында күшейіп, жазғы және қысқы демалыс қарсаңында әлсірейді», – дейді сарапшы.
Қырғыз сомы мен әзербайжан манаты неге тұрақты?
Көршілермен салыстырғанда теңге жиі өзгеретін секілді көрінеді. Бірақ экономист бұған себеп айқын екенін айтады.
«Қырғызстан мен Әзірбайжан валюталары – жабық, яғни курсын мемлекет өзі бекітеді. Қырғызстан экономикасы импортқа тәуелді. Импорт 76 пайызды құрайды, ал экспорт аз. Сондықтан олар сомның бағамын қолдан ұстап отырады. Ал Қазақстанның экономикасы ірі, ашық және еркін. Егер біз де сом сияқты валютаны қолдан ұстасақ, жылына кемінде 30 миллиард доллар резерв жағуға тура келер еді», – дейді ол.
Сол себепті теңгенің еркін айналымда болуы – экономикалық тұрғыдан тиімді әрі шынайы жол.
Өткеннің қателіктері
Экономист өткен онжылдықтағы шешімдерді де сын көзбен бағалайды.
«2010–2015 жылдары теңге саяси шешімдердің құрбанына айналды. Сол кезде билікке жақын қаржылық топтар девальвациядан пайда көріп, халықты кедейлетті. 2014–2015 жылдары мемлекеттің 20 миллиард доллары теңгені қолдан ұстап тұруға жұмсалды, бірақ бәрібір ол құлады. Бұл қателік», – дейді ол.
Осы тәжірибе теңгеге деген сенімнің әлсіреуіне әкелді. Халық валютаны тұрақсыз деп қабылдап, жинақтарын шетел валютасында сақтауға көшті.
«Теңгеге деген психологиялық сенімнің рөлі орасан. Егер халық сенсе, валюта да тұрақты болады. Ал сенім жоғалса, кез келген сыртқы әсер курсты шайқалтады», – дейді сарапшы.
Болашаққа көзқарас
Экономистің пікірінше, теңге қазіргі таңда ең ауыр сынақтардан өтті және өзінің тұрақты дәуіріне қадам басқалы тұр.
«Біз теңгені еркін айналымға жіберіп, халықаралық қауымдастыққа ашық болдық. Бұл батыл әрі дұрыс қадам. Енді ішкі өндірісті күшейтсек, теңге өз тұрақты коридорын табады. Ең бастысы өткеннің қателіктерін қайталамау», – дейді ол.
Теңге тым күшті болуы үкіметке де тиімсіз. Себебі зейнетақы, әлеуметтік төлем сияқты міндеттемелер Ұлттық қордағы доллардан төленеді.
«Қазіргі 540–550 теңгелік деңгей – экономикалық тұрғыдан ең орынды тепе-теңдік», – дейді экономист.
Теңге – ел экономикасының айнасы. Оның бағамы тек мұнай мен нарыққа емес, ұлттық сенім мен экономикалық мәдениетке де тәуелді.
Экономистің сөзімен айтқанда:
«Биыл доллар 600 теңгеге жетпейді. Теңге әлсіреп тұрған жоқ, ол бейімделіп жатыр. Ал оның болашағы біздің экономикамыздың күшіне байланысты».