Астана – Қостанай тасжолында болған жол апатынан айтыскер ақын, мәдениет саласының үздігі Салтанат Өтелбаева мен оның жолдасы Мырзабек Қасымов көз жұмды. Қаралы хабарды марқұмның әріптесі Марғұлан Оспанов жеткізді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Egemen.kz сілтеме жасап.
Әріптесінің айтуынша, ерлі-зайыптылар Астанадан таңғы сағат 04:00-де жолға шығып, қызының мектеп бітіру кешіне асыққан. Бүгін олардың қызы Алтынай қызыл аттестат алуы тиіс болған.
«Суық хабарды жеткізуге мәжбүрмін. Жалған өмір-ай, десейші! Бүгін айтыскер ақын, мәдениет саласның үздігі, тарих ғылымдарының магистрі, Ыбырай Алтынсарин музейі басшысының орынбасары Салтанат Өтелбаева жол апатына түсіп жұбайы Мырзабек Қасымов екеуі де қаза тапты. Жалғыз ұлы Нұрсұлтан таңғы 9 да «Аға, ата-анамнан айрылып қалдым», деп хабарласты. Бүгін қызы Алтынайдың мектепті үздік бітіріп, қызыл аттестатын алатын күні еді. Үлгіремін деп асықты ма екен, Астанадан таңғы 4 те жолға шығып кетіпті. Атбасар мен Есілдің ортасында жол апаты болды. Әріптестері арасында зор құрметке ие болған Салтанат Амантайқызы ашық көңілді, мейірімді әрі парасатты жан еді. Оның адал еңбегі, туған елге деген сүйіспеншілігі мен азаматтық ұстанымы кейінгі буынға өнеге болып қала береді. Отбасы мен туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамын» деп жазды Марғұлан Оспанов.
Ыбырай Алтынсарин музейі басшысының орынбасары қызметін атқарған Салтанат Өтелбаева саналы ғұмырын мәдени мұраны сақтап, дәріптеуге арнаған. Оның басшылығымен музейде көптеген маңызды жоба, көрмелер мен ғылыми-зерттеу жұмыстары табысты жүзеге асырылған еді.