Алматының қақ ортасында орналасқан әйгілі "DoubleTree by Hilton" қонақүйі жақын арада саудаға шығарылады. Қаржы министрлігі бұл ғимарат "Мемлекеттік мүлік туралы" заңға сәйкес аукцион арқылы сатылатынын растады. Дегенмен құны миллиардтармен өлшенетін нысанның айналасындағы дау әлі басылар емес, деп хабарлайды ozgeris.info сайты ulysmedia ға сілтеп.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бұл мүлікті сату ісінің ашықтығына қатты күмәнмен қарайды. Ол бұрын Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған қонақүйді онымен тікелей байланысы бар компаниялар қайтадан сатып алуы мүмкін деп санайды. Активтерді қайтару комиссиясы нысанды небәрі 4 миллиард теңгеге бағалап тастаған. Алайда тәуелсіз сарапшылар ғимараттың нақты құны 11 миллиард теңгеден асатынына толық сенімді.
Халық қалаулысы әлемдік деңгейдегі қонақүйдің тым арзанға бағалануы кездейсоқ емес екенін жеткізді. Осы арқылы Мемлекеттік мүлік комитетінің аукционында мүдделі компаниялар ғимаратты барынша төмен бағамен қайтарып алуды көздеп отырған көрінеді. Бұған қоса депутат жалға алушыларды ғимараттан шығару "ескі Қазақстан" өкілдерінің мүддесі үшін жасалғанына назар аударды. Өзі бұл мәселені бірнеше жылдан бері тұрақты түрде бақылауында ұстап келеді.
Депутаттың бұл күмәніне Бас прокурор Берік Асылов арнайы жауап қайтарды. Ресми дерекке сүйенсек қонақүй кешені 2023 жылдың қыркүйек айында сыйға тарту шарты арқылы мемлекет меншігіне толық өткен. Бірақ бұған қарамастан "АБЛИ-Құрылыс" және "Abli-hotels" компаниялары ғимаратты ешқандай заңды негізсіз пайдалануды жалғастыра берген.
Осы жағдайдан соң мемлекеттік мүлік органдары сотқа жүгініп қонақүйді босату туралы түпкілікті шешім шығартып алды. Бұдан бөлек сот компаниялардың бірінен мемлекет меншігін іс жүзінде пайдаланғаны үшін 1,1 миллиард теңге өндіріп берді.
Бас прокурор бұл жағдайда мемлекеттік органдар тек мемлекет мүддесі үшін және өз өкілеттігі шеңберінде әрекет еткенін қадап айтты. Үшінші тұлғалардың мүддесін қорғау немесе басқа да заңсыз әрекеттердің ешқандай белгісі анықталмаған.