Алматыда Kizdar.net сайтына қатысты қылмыстық іс аясында күдіктілердің қымбат мүлкіне шектеу қойылып, активтері тәркіленді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Бұл туралы құқық қорғау органдары мәлімдеді,
Тергеу барысында күдіктілердің атына шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейтін сегіз компания, сондай-ақ Алматы қаласы мен Алматы облысындағы бірқатар бағалы жылжымайтын мүлік тіркелгені анықталған.
Тәркіленген активтердің қатарында бес пәтер, алты коммерциялық нысан, алты коттедж, он жер телімі, алты автотұрақ орны және 11 люкс санатындағы көлік бар.
Полиция мәліметінше, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру белгілерін анықтау және мүлікті тәркілеуді қамтамасыз ету мақсатында күдіктілер мен олармен байланысты компаниялардың барлық мүлкіне қатысты мәмілелер тоқтатылған. Аталған активтерге шектеу қойылған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, сайт қызметінен түсетін табыс ай сайын 500 миллион теңгеден асуы мүмкін. Кейбір қаржылық операциялар криптовалюта арқылы жүргізілген деген болжам бар.
Тінту жұмыстары кезінде 144 миллион теңге қолма-қол ақша, 1,3 миллион доллардан астам қаражат, криптовалюта түріндегі 300 мың доллардан астам актив, қару-жарақ пен оқ-дәрілер, шамамен 150 дана компьютерлік және өзге де техника, автокөліктер, сондай-ақ іске қатысты құжаттар тәркіленген.
Алматы прокуратурасының мәліметінше, күдіктілер 7 маусым күні ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынған.
Оларға Қылмыстық кодекстің 309-бабының 2-бөлігі бойынша, яғни интернет арқылы заңсыз сексуалдық қызметтер көрсетуге жағдай жасау және жеңгетайлық фактілері бойынша айып тағылып отыр.
Алдын ала есеп бойынша, заңсыз қызметтен түскен табыс көлемі 2 миллиард теңгеден асқан.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Прокуратура істің тергелу барысы ерекше бақылауда екенін хабарлады.