Такси қызметін реформалау туралы бастама қоғамда қызу талқыға түсті. Аталмыш реформа тек сала мамандары үшін ғана емес, күн сайын таксиге отыратын мыңдаған жолаушы мен табыс көзін осыдан тауып жүрген жүргізушілер үшін де маңызды мәселе. Себебі Балқаш маңындағы апат, Астанадағы автобус апаты жауапкершілік мәселесін күн тәртібіне шығарды. Мемлекет бұл өзгерістер арқылы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етуді көздей ме, әлде шағын кәсіп иелеріне тағы бір қосымша салмақ салмақшы ма? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.
Такси қызметіне қатысты реформа жайлы айтпас бұрын, күні кеше орын алған жантүршігерлік жол апатына тоқталып өтейік. 5 шілдеде кешкі уақытта Қарағанды–Балқаш трассасында, Ақшатау ауылына жақын жерде, Kia Sedona автокөлігі жөндеу жүріп жатқан жол бөлігінде белгіленген ескерту белгілерін елемей жолға шығып, бөгетке соғылып артынан өртке оранды. 7 адам сол жерде жан тәсілім етті, олардың ішінде төрт бала. Жүргізуші мен бір жолаушы ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Қайғылы оқиғаға байланысты Қарағанды облысы полициясы сотқа дейінгі тергеу бастады, оқиға орнында сот-медициналық сараптамалар жүргізілуде. Алдын ала мәліметтерге сенсек, жүргізушінің жол қозғалысындағы жылдамдықты арттыру, шаршау және ескерту белгілеріне назар аудармауы себеп болуы мүмкін. Алайда тәуелсіз журналист Гүлнар Әбенова бұл оқиғаға қатысты өзінің пікірін білдірді. Оның айтуынша, жүргізушілердің жауапкершілігі төмен. Сондай-ақ жауапты органдардың тарапынан да қателік кеткен.
«Біздің елде жол сапасы сын көтермейді. Жолға шығып тіру қалу әр жүргізушінің жауапкершілігі. Басқа амал бар ма? Ұшаққа отыру қымбат, пойыз діттеген жерге жүрмейді, маршруттық автобустар қатынамайды. Тіпті астанамызда автобустар жиі апатқа ұшырайды. Кішкентай бүлдіршін екі аяғынан айырылды, оған берілген ешбір сыйлық та пәтер де оны толыққанды бақытты ете алмайды енді. Ал біздің жолдарда бақылау жоқ. Жүргізушілер тәулік бойы ұйықтамай, тәжірибесіз жолға шығады. Ал жолда кетіп бара жатып, видеолар қарайтындар да бар. Яғни, ешқандай жауапкершілік жоқ, алайда олар жүздеген адамның өміріне жауапты», - деп жазды ол.
Жалпы, жылдамдықты арттыруға әсіресе қалааралық жүргізушілер құмар. Себебі тезірек жетіп, көбірек табыс тапқысы келеді. Куәгерлердің және Балқаш–Қарағанды трассасымен жүретін жүргізушілердің айтуынша, дәл сол жерде жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқаны туралы бірде-бір ескерту белгі болмаған.
«Жеті адамның өліміне тек жүргізуші ғана емес, бірнеше тарап жауапты. Ең алдымен, балаларын қауіпсіздік белдігімен бекітпеген ата-аналар, жылдамдықты арттырып, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген жүргізуші, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан қауіпті аймақты ескерту белгілерімен қамтамасыз етпеген, патруль жасамаған жергілікті билік пен полиция кінәлі», - дейді журналист.
Реформа дәл қазір не үшін қажет?
Такси саласындағы реформа алғаш рет 2020 жылы қозғалған. Десе де, Қазақстан такси қауымдастығының төрағасы Медет Құрмановтың айтуынша, бұл сала 15 жылдан бері бір шешімге келе алмай келеді. Ереже де жоқ, талап та жоқ, жүргізушілердің көбі тіркелмеген. Мемлекет тек сырттай бақылаушы.
«Такси қызметімен кім көрінген айналысып жүр. Ешқандай талап жоқ, ал жолаушылардың өмірі солардың қолында»,-дейді Құрманов.
Құрмановтың айтуынша, заңға жәй ғана өзгерістер енгізу нәтиже бермейді, себебі олар орындалмайды. Сондықтан мемлекет нарықтың өз-өзін басқаруын ұсынып отыр, яғни такси саласы ішкі тәртіп пен өзара келісім арқылы жұмыс істейтін жүйеге өтуі тиіс. Мұндай модель халықаралық тәжірибеде бұрыннан бар.
Өзін-өзі реттейтін ұйым деген не? Және кім мүше болады?
Өзін-өзі реттейтін ұйым сынды жүйе сертификация, құрылыс, медицина, сараптама салаларында бұрыннан бар. Енді оны такси нарығына енгізу ұсынылып отыр. Идеясы саланы ішкі тәртіппен басқару.
«Жай ғана анда-санда такси жүргізетін жеке адамдар ұйымға кіруге міндетті емес. Бұл тек жеке кәсіпкерлер мен таксопарктерге қатысты», - дейді Медет Құрманов.
Сондай-ақ, жаңа Әлеуметтік кодекске сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап такси қызметін ұсынғысы келген кез келген азамат ресми реестрге тіркелуі тиіс. Бұл да алғаш естіп отырғандар үшін тосын жаңалық.
Салада қандай мәселелер бар?
Қазір такси нарығы ірі цифрлық агрегаторлардың бақылауында. Бірақ олар да ашықтықтан алыс:
- Тариф бір күнде бірнеше рет өзгереді;
- Жүйеге кез келген адам кіре алады, жүргізуші куәлігі, рұқсаты бар ма тексере бермейді;
- Жүргізушілерге берілетін бонустар мен комиссия мөлшері түсініксіз;
- Комиссия 21%-ға дейін жетеді, бірақ бұл ақша не үшін алынатыны айтылмайды.
«Бүгінде біз балаларымызды таксиге сеніп отырғыза алмаймыз. Он рет ойланамыз», - деді Құрманов.
Қазақстан автомобиль одағының президенті Анар Макашева да бұл реформа қажеттігін қолдайды.
«Нарық жақсарып келеді. Өзім жиі такси пайдаланамын, сапасы артты. Бірақ шешілмеген сұрақтар да жетерлік. Бұл кез келген реформада болатын жағдай», - дейді ол.
Оның айтуынша, өзін-өзі реттейтін ұйым қысым емес, керісінше, нарық ойыншыларының өзара тәртіпке келуі. Әркім өз міндетін түсінеді, ортақ стандартты сақтайды.
Қарсы шыққан депутаттар не дейді?
Реформаға қарсы шыққандардың бірі Мәжіліс депутаты Нұртай Сарсенғалиев. Ол жүргізушілердің жарна төлеуі жолаушыларға ауыр салмақ болып тиеді деп есептейді.
«Бүгін 1200 теңге, ертең 900, арғы күні тағы өзгереді. Ақырында оны бәрібір жолаушы төлейді», - деді ол.
Бірақ Медет Құрманов бұл пікірмен келіспейді:
«Бұл жарнаны ұйымның өзі шешеді. Айына 200–2000 теңге аралығында болуы мүмкін. 700 мың теңгеге дейін табыс табатын жүргізуші үшін бұл өте мардымсыз шығын», - деді ол.
Жаңа ұйым не береді?
Құрмановтың айтуынша, бұл жүйе нақты үш нәтиже береді. Біріншіден, қауіпсіздік мәселесі. Яғни, бір ұйым жауапты болса, тәртіп те болады. Екіншіден, жауапкершілік. Бақылау күшейеді, жүргізушілерді тәртіпке шақыру жеңілдейді. Үшіншіден, аймақтық басқару. Жүйе өңірлерде филиал ашып, қалааралық бағыттарға да бақылау жасай алады.
«Бұл қосымша жүктеме емес, жұмыс істеуге арналған құрал. Еуропа, Ұлыбритания, бәрі осы модельмен жұмыс істейді»,- дейді ол.
Заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымынан өтті. Енді екінші оқылымда мақұлданса, биыл енгізілуі мүмкін.
Такси жүргізушілері неге көлеңкеде жұмыс істейді?
Қазақстанда жүздеген мың адам күн сайын тіркелмей, салық төлемей, жәй қосымша табыс ретінде такси жүргізіп жүр. Бұл мемлекеттің емес, адамдардың таңдауы. Неге? Себебі тіркелудің нақты, қарапайым жолы жоқ. Ал тіркелсе, есеп беруге, төлем жасауға, түрлі тексерістен өтуге мәжбүр. Бұл жүргізушілер үшін артық жүктеме.
«Біз көлеңкелі жұмысты қолдамаймыз, бірақ жүргізушілердің қорқатынын түсінеміз. Олар жүйеге сенбейді. Кіммен жұмыс істеп жатыр, неге ақша ұсталады білмейді», - дейді Медет Құрманов.
Өзін-өзі реттейтін ұйым жүйесі осы сенім дағдарысын шешуді көздейді. Егер жүргізуші нақты ұйыммен жұмыс істесе, ол өзінің мәртебесін, әлеуметтік кепілдіктерін түсінеді. Бұған қоса, жолаушы да сенімді бола алады, яғни кімнің көлігіне отырғанын, оның сақтандырылғанын, тексерілгенін білген кезде.
Қауіпсіздік тек жүргізушіден емес, жүйеден басталуы тиіс
Қазақстанда такси қызметінің нақты стандарты жоқ. Машина қандай күйде, жүргізуші қандай жағдайда ешкім білмейді. Кейде рөлге алғаш рет отырған адам такси жүргізіп кетуі мүмкін. Агрегаторлар тексермейді.
Өзін-өзі реттейтін ұйым арқылы келесідей қадамдар жоспарланған:
• Көлік құралын рейс алдында техникалық тексерістен өткізу;
• Жүргізуші психофизикалық тесттен өтеді (денсаулығы, стресс деңгейі);
• Медициналық анықтама және алғашқы көмек көрсетуді білуі;
• Жолаушыны қалай қарсы алып, тасымалдау ережелері үйретіледі.
«Бұл тек құжат жинау емес, жауапкершілік сезінуге үйрету», - дейді Құрманов.
Әлеуметтік мәртебе мен сақтандыру: жүргізуші қорғалуы тиіс
Такси жүргізушілері қарапайым еңбек адамдары. Бірақ оларда зейнетақы жарнасы, медициналық сақтандыру, еңбек шарты, тіпті демалыс та жоқ. Себебі ресми тіркелмеген.
Жаңашылдық аясында жүргізушілер жүйеге қосылып, әлеуметтік мәртебеге ие болады. Олар үшін арнайы жеңілдетілген режим ұсынылады: микрокәсіпкер ретінде тіркеліп, салықтың бір бөлігін ғана төлеп, зейнетақы аударымдарын жасай алады.
«Жүргізуші өзін жұмысшы ретінде сезінуі керек. Ол жай көлік айдаушы емес, адам тасымалдайтын маман», - дейді Анар Макашева.
Реформа қалай іске асады?
Сарапшылардың ойынша, реформаны бірден енгізуге болмайды. Әр өңірдің ерекшелігі бар, әр агрегатордың жүйесі әртүрлі. Сондықтан аталмыш жүйені пилоттық жоба ретінде, алдымен Алматы мен Астана секілді ірі қалаларда басталуы мүмкін.
«Көлік қызметтері туралы заң жобасы бір құжатқа бәрін қосып қойған: автобус, жүк тасымалы, такси. Бұл дұрыс емес. Әр саланы жеке-жеке қарастыру керек», - дейді Макашева.
Такси жай көлік емес, әлеуметтік қызмет. Миллиондаған адам күн сайын осы көлікпен жұмысына, оқуына, дәрігерге, сапарға барады. Сондықтан бұл саланы заманауи, әділетті әрі қауіпсіз жүйеге айналдыру қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік.