Қазір дүкен аралау бұрынғыдай міндет емес. Көп адам үшін сауда жасау жолда келе жатып, не кешкі шай үстінде смартфонды ашумен шешіледі. Бір кездері базарды береке десек, бүгін сол берекені экраннан іздейтін халге жеттік. Strategy& пен Цифрлық Қазақстан Қауымдастығының 2025 жылдың алғашқы 6 айына жасаған бірлескен зерттеуі осы өзгерісті анық көрсетіп отыр, деп жазады Ozgeris.info.
90 млн транзакция жасалған
Электронды коммерция өсіп келеді, бірақ бұл өсім бұрынғыдай екпінді емес, орныққан әдетке айналған сипатқа ие. Зерттеу деректеріне қарасақ, 2025 жылдың алғашқы 6 айында бөлшек электронды сауда көлемі 1,721 млрд теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19%-ға жоғары көрсеткіш. Доллармен есептегенде нарық көлемі 3,4 млрд долларға жетіп, 4% өсім тіркелген. Яғни, ақша айналымы бар, бірақ оның қарқыны баяулай бастағаны байқалады.
Тоқсандық көрсеткіштер де осыны аңғартады. Бірінші тоқсанда онлайн сауда көлемі 863 млрд теңге болса, екінші тоқсанда 859 млрд теңгеге дейін төмендеген. Айырма – 0,4%. Мұны нарықтың әлсіреуі деп емес, керісінше тұрақты қалыпқа көше бастағанының белгісі деп түсіндіруге болады. Онлайн сауда енді жаңалық емес, қалыпты тірлікке айналып келеді.
Ақшалай өсімнен гөрі операциялар санының артуы әлдеқайда айқын көрінеді. 6 айдың ішінде онлайн транзакциялар саны 27% өсіп, 90,1 млн-ға жеткен. Бұл халықтың интернет арқылы сатып алуды жиілеткенін көрсетеді. Бірақ сонымен бірге бір сатып алуға жұмсалатын сома азайған.
Осы үрдіс орташа чектен анық байқалады. Теңгемен есептегенде бір транзакцияның орташа сомасы 19,1 мың теңге болған. Бұл былтырғыдан 6% төмен. Ал доллармен есептегенде орташа чек 37,3 долларды құрап, 18% азайған. Демек адамдар онлайн дүкенге жиі кіреді, бірақ көбіне күнделікті қажет, бағасы төмен тауарларды таңдайды.

Strategy& серіктесі және Еуразия өңіріндегі консультациялық практиканың жетекшісі Наталья Лим бұл жағдайды кеңінен түсіндіреді:
«2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандағы бөлшек электрондық коммерция нарығы өсуін жалғастырып, 1, 721 млрд теңгеге немесе 3,4 млрд долларға жетті. Қазіргі динамика нарықтың біртіндеп кемелденген даму үлгісіне көшіп жатқанын көрсетеді. Бұл кезеңде өсім онлайн сауданың халықтың күнделікті тұтыну дағдысына айналуымен қамтамасыз етіліп отыр. Маркетплейстер арзан әрі күнделікті қажет тауарларға сұранысты өзіне шоғырландырып, онлайн тұтыну кеңістігін өзгертіп жатыр. Операциялар саны артты, ал орташа чек төмендеді. Бұл нарықтың жаңа мінезін айқындайды».
Қазір отандық электронды коммерция нарығында маркетплейстердің рөлі айрықша. Бүгінде барлық онлайн сауданың 92%-ы осы платформалар арқылы өтеді. Былтыр бұл көрсеткіш 89% болған. Яғни, бір жылдың ішінде маркетплейстердің ықпалы күшейе түскен.
Нарық құрылымына назар аударсақ, жергілікті платформалар 68% үлеске ие. Халықаралық платформалар 24%-ды көрсетіп отыр. Ал жеке интернет дүкендердің үлесі 8% ғана. Дегенмен бұл сегмент мүлде жоғалып кеткен жоқ. Керісінше, мұнда орташа чек жоғары. Жеке дүкендерде бір сатып алудың орташа сомасы 37,7 мың теңге болса, маркетплейстерде бұл көрсеткіш 18,4 мың теңге. Бұл жеке дүкендердің қымбат әрі арнайы тауарларға бағытталғанын көрсетеді.
Зерттеу авторлары нарықтың өсуіне әсер еткен бірнеше негізгі факторды атап өтеді. Соның бірі – логистика. Фулфилмент орталықтар мен тапсырыс беру пункттерінің көбеюі жеткізу уақытын қысқартып, онлайн сауданы қолжетімді етті. Тағы бір маңызды фактор цифрлық сауаттылық. Қазір Қазақстанда интернет қолданушылар саны 19,5 млн адамға жеткен. Бұл халықтың 93,4%-ы деген сөз.
Қаржылық құралдар да өз рөлін атқарып отыр. Бөліп төлеу мен несие өнімдерінің маркетплейстермен бірігуі онлайн сауданың негізгі қозғаушы күшіне айналған. Алайда 2025 жылдың екінші тоқсанындағы аздаған бәсеңдеу тұтынушылық несиелеуді реттеу талаптарының күшеюімен де байланысты болуы мүмкін.
Бүгінде электронды коммерцияның жалпы бөлшек саудадағы үлесі 17,1%-ға жетті. Бұл көрсеткіш әлемдік орташа деңгеймен шамалас. Яғни онлайн сауда Қазақстанда уақытша үрдіс емес, орныққан жүйеге айналып отыр.

Онлайн саудаға кеткен 3,2 трлн теңге нені аңғартады?
Байқағанымыздай, кейінгі жылдары халықтың сауда жасау дағдысы айтарлықтай өзгерді. Бұл үрдіс бір күнде қалыптасқан жоқ. Сандық технологияның дамуы мен интернеттің қолжетімді болуы онлайн сауданы күнделікті тірліктің бір бөлігіне айналдырды.
2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша отандастарымыз онлайн саудаға 3,2 трлн теңге жұмсаған. Бұл деректі электрондық сауданы дамыту мәселесі қаралған Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді. Айтылған сан интернет арқылы жасалатын сауданың ел экономикасындағы үлесі жылдан жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
Министрдің айтуынша, 2020 жылдан бері Қазақстандағы электрондық сауда көлемі 5 есеге ұлғайған. Яғни, небәрі бірнеше жылдың ішінде интернет арқылы сауда жасау қалыпты құбылысқа айналды. Дегенмен бұл көрсеткіш әлемдік орташа деңгейден әлі де төмен болып отыр.
Соған қарамастан, Үкімет электрондық сауданың болашағына оң көзқараспен қарап отыр. Ресми хабарламада елімізде интернет сауданы дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше фактор бар екені атап өтілген. Атап айтқанда, жастар санының көп болуы, финтех саласының қарқынды дамуы, интернеттің кең таралуы және қолма қол ақшасыз төлемдердің күнделікті өмірге енуі электрондық коммерцияның одан әрі өсуіне жол ашып отыр.
«Бұл көрсеткіштер әлемдік орташа деңгейден төмен болғанымен, жастардың үлесінің көптігі, финтехтің дамуы, интернеттің қолжетімділігі және қолма қол ақшасыз есеп айырысудың кең таралуы Қазақстанда интернет сауданы дамытудың жоғары әлеуеті бар екенін көрсетеді», делінген ресми хабарламада.
Алдағы жоспар да ауқымды. Үкімет 2029 жылға қарай электрондық сауда көлемін 3 есеге арттырып, оны 9,3 трлн теңгеге дейін жеткізуді көздеп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін онлайн сауданы жүйелі түрде дамыту қажет.
Осыған байланысты Үкімет онлайн коммерцияны дамыту жоспарын қабылдады. Аталған құжатта электрондық саудаға қатысты заңнаманы жетілдіру, еліміздің барлық өңірінде электрондық сауда бойынша оқыту курстарын іске қосу және кәсіпкерлерге арналған мемлекеттік қаржылық қолдау тетіктерін енгізу қарастырылған. Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шаралар онлайн сауданың ашықтығын арттыруға, кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға және халықтың интернет арқылы сауда жасауға деген сенімін күшейтуге бағытталған.

Шетелдік интернет дүкендерден тапсырыс берсеңіз...
Жалпы, тек елдегі емес шетелдік интернет дүкендерден зат алатындар да көбейді. Біреу киім алады, біреу техникаға тапсырыс береді, енді бірі тұрмыстық ұсақ заттарды алдыруды әдетке айналдырды. Осы үрдістің артуына байланысты қаңтар айында Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі шетелден онлайн сатып алынатын тауарларға қатысты жаңа талаптарды бекітті. Бұл ережелер ЕАЭО құрамына кірмейтін елдерден, яғни Қытай, АҚШ, Еуропа мемлекеттері және басқа да елдерден жасалатын интернет сатып алуларға қатысты.
Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, енді шетелдік интернет платформалардан алынатын барлық тауар бұрынғыдай жеке пайдалануға арналған қарапайым тауар ретінде қаралмайды. Олар енді арнайы санатқа ауыстырылды. Бұл санат электрондық сауда тауарлары деп аталады. Осыған байланысты олар үшін бөлек кедендік тәртіп, жеке декларация, арнайы баж бен салық мөлшерлемелері қарастырылған.
Жаңа тәртіпке сәйкес, электрондық сауда тауарлары үшін жеке кедендік баж мөлшерлемесі енгізілді. Дегенмен ЕАЭО елдеріне бажсыз әкелу шегі өзгерген жоқ. Ол бұрынғыдай 200 еуро деңгейінде қалды. Егер интернет арқылы сатып алынған тауардың құны 200 еуроға дейін болса, кедендік баж да, қосылған құн салығы да төленбейді.
Ал тауардың құны 200 еуродан асып кетсе, салық салу тәртібі өзгереді. Бұл жағдайда сатып алынған тауардың толық құнынан 5% кедендік баж және 16% қосылған құн салығы есептеледі. Бұрын баж тек 200 еуродан асқан бөлігіне ғана салынатын. Енді бұл қағида өзгеріп отыр.
«Шетелдік интернет платформадан құны 200 еуродан аспайтын тауар сатып алған жеке тұлға кедендік баж да, ҚҚС та төлемейді. Ал белгіленген шектен асқан жағдайда сатып алудың толық сомасынан 5% баж және 16% ҚҚС төленеді», делінген түсіндірмеде.
Сонымен қатар кейбір тауар түрлеріне ерекше мөлшерлемелер қолданылады. Мысалы, жеңіл автокөліктер үшін кедендік баж кәдімгі жеке пайдалануға арналған көліктер сияқты есептеледі. Яғни автокөліктің шығарылған жылы мен қозғалтқыш көлемі ескеріледі.
Ал электромобильдерге, мотоциклдерге, яхталарға және ескек қайықтарға 15% кедендік баж белгіленген. Бұдан бөлек электрондық сауда санатына мүлде кірмейтін тауарлар да бар. Олар үшін бұрынғы кедендік декларациялау тәртібі сақталады. Бұл тізімге алкоголь өнімдері, темекі, асыл тастар мен қымбат металдар кіреді.
Бұрын шетелден интернет арқылы алынған тауарлар жеке пайдалануға арналған тауар ретінде рәсімделіп келген. Бұл мүмкіндікті тек қарапайым тұтынушылар ғана емес, тауарды қайта сату мақсатында әкелетіндер де пайдаланған. Соның салдарынан мемлекет салықтан қағылып, ал отандық сатушылар шетелдік маркетплейстермен бәсекеде тең жағдайда бола алмады.
Жаңа ережелер осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. Электрондық сауда тауарлары жеке санатқа бөлініп, 200 еуроға дейін салық салынбайды, ал одан асқан жағдайда баж бен ҚҚС міндетті түрде төленеді. Бұл тәртіп интернет арқылы жасалатын сауданы реттеуге және ішкі нарықтағы әділ бәсекені қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда бұл ережелердің нақты қашан күшіне енетіні белгісіз. Ведомствоның мәліметінше, тиісті хаттама ЕАЭО-ға мүше барлық елдер ішкі рәсімдердің аяқталғаны туралы ресми хабарлама жібергеннен кейін ғана қолданысқа енгізіледі.