Бір кездері интернетке қосылу үлкен мүмкіндік саналатын. Ауылға байланыс жетсе, жаңа базалық станса орнатылса немесе мобильді желі кеңейсе, оны цифрлық дамудың басты көрсеткіші ретінде қабылдайтынбыз. Алайда бүгінде жағдай өзгерді. Интернетке қолжетімділік мәселесі біртіндеп шешілгенімен, цифрлық мүмкіндіктерді толық пайдаланатын адамдардың саны әлі де жеткіліксіз болып отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Қазір цифрландырудың басты мәселесі жаңа мұнара салу не байланыс ауқымын кеңейту емес. Негізгі сұрақ – интернеті бар адамның цифрлық ортаға қаншалықты белсенді араласатынында. EconomyKZ сарапшысы Ален Серіктің айтуынша, Еуразия өңірі цифрлық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Бұрынғы басты міндет инфрақұрылым салу болса, енді адамдарды цифрлық экономикаға тарту өзекті мәселеге айналып отыр.
«GSMA ұйымының «Мобильді Еуразия экономикасы – 2026» есебі өте қызық үрдісті көрсетеді. Бүгінде өңірдегі мобильді интернет қамтуындағы алшақтық небәрі 3 пайызды құрайды. Яғни, халықтың басым бөлігі интернет желісі бар аумақта өмір сүріп жатыр. Бірақ пайдалану алшақтығы 29 пайыз деңгейінде қалып отыр. Бұл миллиондаған адамның интернетке қосылу мүмкіндігі бола тұра, цифрлық қызметтерді пайдаланбайтынын білдіреді. Шын мәнінде Еуразия инфрақұрылым тапшылығы дәуірінен пайдаланушы тапшылығы дәуіріне өтіп жатыр. Бұрын мемлекеттер байланыс желілерін тартып, операторлар базалық стансалар орнатуға күш салды. Сол кезде интернетке қолжетімділік артса, цифрлық экономика өздігінен дамиды деген түсінік болды. Қазір мәселе басқаша. Интернет бар, бірақ оны тиімді пайдаланатын адамдар жеткіліксіз», дейді сарапшы.
GSMA дерегіне сүйенсек, 2024 жылдың соңында Еуразия халқының шамамен 68 пайызы мобильді интернетті пайдаланған. Ал халықтың үштен біріне жуығы қамту аймағында тұрғанымен, цифрлық қызметтерді қолданбайды. Интернет мүлде жетпейтін аумақта тұратындар үлесі өте аз. Сарапшы мұның экономикаға тікелей әсер ететінін айтады.
«2025 жылы мобильді экожүйе Еуразия экономикасына 270 миллиард доллар көлемінде қосылған құн әкелді. Бұл өңірдің жалпы ішкі өнімінің 8,1 пайызына тең. Бірақ ең маңыздысы – сол қаражаттың 220 миллиард доллары байланыс операторларының қызметінен емес, өзге салалардың өнімділігін арттырудан түсті. Яғни мобильді инфрақұрылымның негізгі пайдасы телекоммуникация секторында емес, өнеркәсіпте, саудада, қаржы саласында, құрылыста, мемлекеттік басқаруда және қызмет көрсету бағытында қалыптасады. Сондықтан интернет желісін салу жеткіліксіз. Оны нақты адамдар пайдаланып, цифрлық сервистерді күнделікті өмірге енгізуі қажет», дейді А.Серік.
Сарапшының пікірінше, цифрлық ортадан тыс қалып отырған әрбір адам бұрын салынған инфрақұрылымның толық пайдасын көруге мүмкіндік бермейді. Бүгінде банктік қосымшалар, мемлекеттік қызмет платформалары, электронды сауда, цифрлық төлемдер мен бұлтты технологиялар кеңінен дамып келеді. Алайда олардың экономикалық тиімділігі халықтың нақты пайдалану деңгейіне тікелей байланысты. Маман бұл мәселенің бірнеше себебін атайды.
«Бірінші себеп – құрылғы қолжетімділігі. Интернет болғанымен, әр адамның заманауи смартфон сатып алуға мүмкіндігі жете бермейді. Екінші мәселе – цифрлық сауат. Мемлекеттік қызмет алу, қаржылық қосымшаларды пайдалану, төлем жасау немесе цифрлық өнімдермен жұмыс істеу белгілі бір білім мен дағдыны талап етеді. Үшінші фактор – сенім. Кей азаматтар әлі күнге дейін цифрлық ортаны деректердің қауіпсіздігіне қауіп төндіретін орта ретінде қабылдайды», дейді сарапшы.
Осыған байланысты байланыс операторларының да рөлі өзгеріп келеді. Бұрын олардың негізгі міндеті желі салып, байланыс қызметін ұсынумен шектелсе, қазір цифрлық экожүйе қалыптастыруға көбірек көңіл бөлінуде.
«Қазір операторлар қаржылық сервистерді, төлем шешімдерін, цифрлық платформаларды және бизнеске арналған құралдарды дамытып жатыр. Олар пайдаланушының тек интернетке қосылғанын ғана емес, цифрлық ортада көбірек уақыт өткізгенін қалайды. Себебі болашақтағы табыс көзі де осы бағытта қалыптасып келеді», дейді маман.
Бұл үрдіс бесінші буын байланыс технологияларын енгізу кезеңінде тіпті маңызды болмақ. GSMA болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай Еуразиядағы мобильді қосылымдардың шамамен 30 пайызы 5G желісіне тиесілі болады. Алайда сарапшы жаңа технологияның басты пайдасы интернет жылдамдығымен өлшенбейтінін айтады.
«5G-дің негізгі экономикалық әсері байланыс саласының өзінде емес, басқа секторларда байқалады. Қосымша тиімділіктің жартысынан астамы қызмет көрсету саласы мен өнеркәсіпке тиесілі болады. Бұған қоса құрылыс, жылжымайтын мүлік нарығы мен мемлекеттік сектор да үлкен пайда көреді. Сондықтан 5G – жай ғана жаңа байланыс стандарты емес, экономиканың өнімділігін арттыратын инфрақұрылым», дейді А.Серік.
Соған қарамастан сарапшы цифрлық дамудың негізгі кедергісі енді технология емес, адам капиталы екенін атап өтті.
«Еуразия елдері соңғы жиырма жыл бойы халықты интернетке қосу мәселесін шешіп келді. Бүгінде бұл міндеттің басым бөлігі орындалды деуге болады. Ендігі әлдеқайда күрделі міндет – адамдарды цифрлық экономикаға толық тарту. Қазір цифрлық дамуды байланыс мұнараларының саны немесе интернет жылдамдығы арқылы ғана бағалау жеткіліксіз. Негізгі көрсеткіш – цифрлық мүмкіндіктерді нақты қанша адамның пайдаланып отырғаны және оның экономикаға қандай құн әкелетіні. Экономикалық өсім баяулаған кезеңде цифрландыру еңбек өнімділігін арттыратын басты құралдардың біріне айналып отыр. Сондықтан халықтың цифрлық ортаға тартылуы технологиялық мәселе ғана емес, ұзақ мерзімді экономикалық өсімнің де маңызды шарты», дейді сарапшы.